Адамның мақтаннан аман қалмағы қиын іс
Адамның мақтаннан аман қалмағы қиын іс
11 жыл бұрын 3716 islam.kz
Бекен Қайратұлы

Қазақтың қайраткер хандарының бірі Абылай өмірінің соңғы күндерінде қатты науқастанып жатып қалады. Көзінің тірісінде ат үстінен түспеген халықтың бейбіт өмірі үшін  жанын жалдап сыртқы жаумен ымыраға келіп, хандыққа қарасты рулардың басын қосуға бар қуатын жұмсаған  зор еңбегін білетін үзеңгілестері ханның көңілін сұрау үшін ат жетер жерден ағылады.

Сол заманның атақты шайыры орданың ақылшысы болған Бұқар жырау да ханның көңілін сұрай келіп, есіктен кірген бетте:

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай...
– деп, толғай жөнеледі.

Осы сәтте өмірдің мәңгілік емесін сезініп, екі дүниенің ортасында жатқан Абылай хан: «Тоқта, жырауым, егер жұртыма осы сен айтқан үш қызметті жасаған болсам, арманым жоқ. Егер енді бір ауыз сөз қоссаң мені жалған мақтаған боласыз, менің көкірегім өсер, өзің жалғаншы аттанарсың» деген екен.

Ал, шын мәнінде Абылай өз заманында қазаққа сіңірген еңбегі көп. Халық алаңсыз өмір сүрді, әйел ала алмай жүргендерге олжаға түскен қыз-келіншектерді қалыңсыз тегін таратып берді. Соның арқасында қазақтың саны өсті, сапасы жақсарды. Осындай бағалы еңбегі бола тұра Абылай хан мақтағанды ұнатпады. Неге? Өйткені, пенде баласы үшін ең қатерлі дүние  мақтау. Ол жалған болса ше, онда күнә.

Яғни, ислам ғұламалары «өтірік мақтау – бір оқиға туралы біле тұрып, оны теріс түсіндіру» деп, анықтама берген екен. Яғни, жалған мақтау – қып-қызыл өтірік. Мақтауды өсіріп айту да, өсімқорлық сияқты жаман дерт. Өсімқорлық етек алған жерде бүлік туады. Ендеше, жалған мақтау күшейген жерде не болмақ?! Қысқасы, жалған мақтау – тілмен жасалатын және өте жеңіл істелетін күнә. Бір адам пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзінше екінші біреуді мақтай бастағада, Алла елшісі оған:  «Досыңның басын жұттың ғой…» деп қапаланған ( Бұхари, Мүслим). Осы хадиске сүйенген Омар ибн Хаттаб: «Мақтау – ол бауыздау» десе, хазіреті Әли  (р.а.) өзі мақталған кезде: «Ей, Алла, олардың білмейтін нәрселері үшін мені кешіре гөр, олардың мақтағандары үшін мені жазалай көрме,  және мені олардың ойлағандарынан да, артық қыла гөр» деп дұға еткен.

Ал, Абай атамыз өзінің 21-ші қарасөзінде: «...адам баласы мақтаннан аман болмағы - қиын іс» дей отырып, мақтанды екі түрге бөледі. Біріншісін үлкендік десе, екіншісін мақтаншақтық деп атайды да, бұл тұжырымдарын арықарай талдап түсіндірді.

Үлкендік - адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді - осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез - ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады.

Мақтаншақ - бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады.

  1. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол - надан, ләкин надан да болса адам.
  2. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес.
  3. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол - наданның наданы, ләкин өзі адам емес.

Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді.

*****

Абай атамыз осылай депті. Мақтау әрине, нәпсіге жақсы. Бірақ жалған мақтау адамды өркөкіректікке жетелейді. Мақталған адам жақсы мен жаманды ажыратып, бағалай алмай қалады. Бұндай күйге ұшыраған пенде – жақсыларды ізгіліктен суытып, жамандардың харам пиғылын өсіреді.  Ал, мақтаушылар жалған сөзі арқылы өзіне және мақталушыға зор зиян келтіріп жатқанын аңғармайды.

-1 пікір