"Адамның жүзіне күлімсіреп қарау да садақа!"
"Адамның жүзіне күлімсіреп қарау да садақа!"
3 жыл бұрын 4793

Жымию, бұл – қазіргі таңда көп адамның жүзінен байқала бермейтін және сиректеп бара жатқан құбылыс десек артық айтқан болмаспыз. Қазіргі адамдардың жүзінен көбіне мұң, уайым, шаршау, ертеңіне деген сенімсіздік сезіледі. Адам адамға жылы қабақпен бір нәрсе айту, қазіргі таңда қалып бара жатқан жағдай. Ал жымию, ол - қажет нәрсе. Жымию арқылы қарсыдағы адамға көңіл қоштығын сыйлайсыз, көңілін көтересіз. Жымию арқылы арада достық пен бауырмалдық сезімі туындайды. Және ең үлкен пайдасы – жымиған адамға садақаның сауабы жазылады. Басқаша айтқанда жымиған адам садақа бергендей болмақ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадис шәрифінде жымиюдың садақа екендігін былай тілге алып кеткен:

«Дін бауырыңның жүзіне күлімсіреп қарауың - садақа»[1] - дейді Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм).

Неге? Өйткені сіздің күлімсіреген жылы жүзіңіз адамға қуаныш сыйлайды. Оның көңіл-күйін көтеріп, жанын жадыратады. Жымию арқылы өзіңіздің оған деген жақсы ниетіңізді білдірген боласыз, адамның бағасын көтерген боласыз. Мұның бәрі сауапты істер. Осынша сауапты дүние бір жымиюдің ішінде сақтаулы екен. Сол себепті Алла елшісі (с.а.у.) күлімсіреудің көптеген пайдасына ишара ете отырып, бір ауыз сөзбен «күлімсіреу – садақа» деп кеткен. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі де үнемі адамға қарағанда күлімсіреп, жылы жүзбен қарайтын болған. Сахаба Жәбір ибн Абдулла (р.а.) былай дейді:

«Менің жүзіме Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) күлімсіремей қараған емес...»[2].

Күлімсіреудің мынадай пайдаларын тізіп өтуге болады:

1) Адамға тартымдылық береді. Қазіргі таңда адамдар әдемі әрі тартымды көріну үшін беттерін әрлеуге қаншама ақша жұмсауда. Ал шын мәнісінде күлімсіреп жүруден артық тартымдылық сыйлайтын нәрсе жоқ.

2) Көңіл-күйді көтереді. Көңіл-күйіңіз жоқ кезде күлімсіреп, жымиюға тырыссаңыз көңіл-күйіңіз көтеріледі.

3) Айналаңызға жылулық сыйлайды. Үйде болсын, жұмыста болсын, жымиып күлімсіреуіңіз - айналаңызға жылулық сыйлап, бақыт шуағын шашады.

4) Стрессті азайтады.

5) Иммундық жүйенің жұмысын жақсартады.

6) Қан қысымын төмендетеді.

7) Айналаңызды шабыттандырады.

8) Сәттілікке бастайды. Күлімсіреп жүретін кісілер өзіне сенімдірек болады және алға қойған мақсатына жету мүмкіндіктері көбірек болады, әрідесе адамдарды өзіңізге баурап алу үшін де үлкен көмекші.

9) Позитивті көңіл-күйді сақтап тұрады. Жымиып, күлімдеу – позитивті ойларды тудырады, керісінше негативтерді кетіреді. Мысалы, жымиып тұрып негативті нәрселерді ойлап көріңізші. Ойлау қиын. Өйткені жымиған кезде денеміз миға: «Өмір тамаша!» деген сигнал береді. Сондықтан да, уайымды, қайғыны және стрессті жымиып, күлімдеу арқылы жеңіңіз![3]


[1] Имам Бұхари: «Әдәбуль Мүфрәд»; Имам Бәйһақи: «Шуъабуль Иман».
[2] Хадистің толық нұсқасы: «Мен мұсылман болғаннан кейін ешқашан Алла елшісі мені (үйне кіруден) тыйған емес. Менің жүзіме Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) күлімсіремей қараған емес. Бірде, мен оған аттың үстінде нық отыра алмайтынымды (құлап қала беретінімді) айтып шағымдандым. Сонда Ол (с.а.у.) менің көкірек тұсымнан қағып: Аллаһым оны (аттың үстінде) берік қыл. Оны өзгелердің һидаят табуына себепші қыл және өзін де һидаяттан айырма!» деп батасын берді». («Сахих Бұхари», №3035 хадис).
[3] askimam ru: "Пользо улыбки". 

0 пікір