Адамды бақытқа бастайтын 10 қадам
Адамды бақытқа бастайтын 10 қадам
7 жыл бұрын 7889
Марфуға ШАПИЯН

Сәби де, қарт та, мұсылман да, мұсылман емес те мына өмірге келгеннен кейін бақытты ғұмыр кешкісі келеді. Бақытты іздеуге талай уақытын арнайды. Әркім оны әр жақтан іздеп жүр. Психолог Джеймс Монтиер өзінің «Бақыт психологиясы» атты зерттеу кітабында бақыттың үш элементтен тұратынын айтады:

  1. Бақыттың 50 пайызы адамның геніне байланысты екен. Яғни кей адамдар табиғатынан көңілді жүруге, кез келген нәрседен қуаныш табуға бейім.
  2. Ал бақыттың 10 пайызы сол сәттегі жағдайға байланысты. Оған жасымыз, жынысымыз, байлығымыздағы өзгешеліктер кіреді.
  3. Бақыттың қалған 40 пайызы болса, адамның ішкі белсенділігінен, өзі таңдаған жағдайдан болатын көрінеді.  

Рас, генімізді өзгерту қолымыздан келмейді, жасымыз бен жынысымызға да ықпалымыздың жүретіні шамалы. Бұл 60 пайыз Исламда «тағдырына мойынсұну, маңдайына жазылғанға разы болу» деп түсіндіріледі. Ал қалғаны, яғни бақытты болуымыздың 40 пайызы психолог Монтиердің зерттеуіне сенсек, өз қолымызда деген сөз.

Мұсылман адам тағдырын мойындайды, тәуекел етеді, қандай жағдайы болмасын шүкіршілік жасайды. Осы әрекетімен-ақ ол бақытқа басқадан қарағанда жақынырақ. Тек бірнеше қадамды білсе болғаны:

1. Университетте, үйде, демалыста, қай жерде жүрсең де Алланы естен шығармай, Ол разы болатын істі істеп жүр. Өйткені, мүмін үшін Алланың разылығын алудан асқан бақыт жоқ.  
2. Көбірек шүкіршілік айтуға тырыс. Егер біз барымыз үшін Аллаға жиі шүкіршілік айтсақ, Алла тағала бұрынғысынан да артық етіп, еселеп бере түседі. Өйткені Жаратушы Иеміз «Ибраһим» сүресінде: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты», – деген.   
3. Салыстырудан қаш. Өмірлік істерде өзіңнен атақты, дәулетті, дәрежесі жоғары жандарға көз қырын да салма. Өйткені мұндай адамдар Алланың алдында сүйкімді болмауы мүмкін. Одан да діни істерде адастырмас темірқазығымызға айналған Пайғамбарымыз (с.а.у.), Хадиша анамыз секілді ізгі жандардың өмірінен үлгі ал. Хадисте: «Өздеріңнен төменге қараңдар, жоғарыларға қарамаңдар. Солай еткендерің өздеріңдегі Алланың нығметін кемсінуден сақтайды» делінген.
4. Алладан басқа ешкімнен ештеңе күтпе. Тек Алладан ғана үміт етіп, Аллаға ғана сенім арт! Өйткені біз әр ісімізде Алланың мейірімінен үміттіміз. 
5. Өзгелерге көмек қолын созып, жақсы қарым-қатынасты арттыр. Өз жылуымызбен бөлісіп, басқаларға қолдау көрсетіп отыру – біздің міндетіміз. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізді туыстық қарым-қатынасты үзбеуге, отбасылық құндылықтарды жоғары қоюға шақырған.
6. Ұйқыңды қандыр. Ұйқысы қанбаған адам мазасыз, шаршаңқы болады, өнімсіз жұмыс істейтін жанға айналады. Сүннет бойынша, құптан намазынан кейін ұйықтап қалып, таң намазынан соң ояу жүрген жөн. Және бесіннен кейін жарты сағат көз шырымын алып алу да артықтық етпейді.
7. Күн тәртібіңді ретте. Алла елшісі қарапайым өмір сүрген әрі күн тәртібіне де көңіл бөліп отырған. Оның бір күнін Аллаға құлшылық ету, қоғамдық жұмыстар, жеке мәселер секілді істер құрайтын. Пайғамбарымыздан үлгі алып, біздер де күн тәртібіне көңіл бөлуіміз қажет. Күнін алдын-ала тәртіпке келтірген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болады.    
8. Діндегі бауырларыңа көмектес. Үлкен бір жамағаттың бөлшегі сезіну, оған арқа сүйеу мүмінді бақытты етеді. Өйткені, хадисте: «Мұсылмандар бір дене секілді, бір жері ауырса, басқа жағы да сырқырап тұрады»,– делінген.
9. Халал аспен ғана тамақтан.
10. Өзіңнің физикалық жағдайыңа мән бер, спортпен айналыс. Көптеген дәрігерлердің айтуынша күш-қуат жұмсау, денеге физикалық салмақ түсіру депрессия кезінде таптырмайтын ем екен.

Алланың көмегімен әрі осы 10 қадам арқылы мұсылман баласы бақытқа барар жолды табады деп ойлаймын. Әрине, ол тек осы өмірде. Нағыз бақыттың ұясы – жәннат. Алла тағала біздерге разы болып, бақыттың мекені – жұмаққа жетуімізді нәсіп етсін! Әмин!     

0 пікір