Адам қайтыс болғанда жұбатуды қалай айтқан жөн?
Адам қайтыс болғанда жұбатуды қалай айтқан жөн?
8 жыл бұрын 53274 mazhab.kz

Адам қайтыс болғанда, оның туыстарына көңіл айтып, сабырға шақырып, жаназаға байланысты қызметтерге жәрдемдесуге асығу керек. Бір хадис шәрифте былай делінген:

«Мұсылманның мұсылманда бес ақысы бар:

1.Сәлеміне жауап беру,

2.Ауырған кезде көңіл сұрап бару,

 3.Жаназасына бару,

4.Қонаққа шақырған кезде бару,

5.Түшкіріп “әлхамдулиллаһ” деген кезінде “йәрхамукаллаһ” деу.» (Мүслим)

Қайтыс болған адамдардың туыстарынан үлкен-кіші еркектерді және қарт әйелдерді кездестіргенде көңіл айту, яғни «қайғыңызға ортақпыз» деу, сабыр етуге кеңес беру мұстаһаб болып табылады. Шариғат бойынша көңіл айту үшін «Азамаллаһу әжрак уә ахсәнә уә ғафәра лимәйитик» делінеді, «Алла Тағала сауабыңды, дәрежеңді арттырсын, жақсылап сабыр етуіңді нәсіп етсін және мәйіттің күнәларын кешірсін» деген мағынаны береді.

Қиыншылықтарға тап болған адамды жұбату керек. Бір хадис шәрифте былай делінген: 

«Баласы қайтыс болған адамды жұбатқан кісіге жәннат шапаны беріледі. Қиыншылыққа ұшыраған адамды жұбатқан кісі оның сауабындай сауап алады.» (Тирмизи)

Алла Елшісінің (с.а.у.) көңіл айтуы

Сүйікті Пайғамбарымыздың көңіл айту хатында былай жазылған:

«Алла Тағала саған амандық берсін! Оған хамд етемін. Әр адамға келген жақсылық пен жамандық тек Одан келеді. Алла Тағала саған көп сауап берсін. Сабыр етуіңді нәсіп етсін! Оның нығметтеріне шүкір етуіңді ихсан етсін! Жақсылап біліп алуымыз керек, өз болмысымыз, мал-мүлік, байлық, әйел және бала-шағаларымыз – Алла Тағаланың шексіз ниғметтерінен, сүйікті және пайдалы ихсандарынан болып табылады.

Бұл нығметтерді бізде шексіз қалу үшін емес, аманат ретінде қолдану, кейіннен қайтарып алу үшін берген. Бұларды тек белгілі уақытта ғана пайдаланамыз. Уақыты келген кезде бәрін қайтарып алады.

Алла Тағала нығметтерін бізге беріп қуантқан кезде шүкір етуімізді, уақыты келіп кері қайтарып алған кезде сабыр етуімізді әмір етті.

Сенің бұл балаң – Алла Тағала берген сүйікті, пайдалы нығметтердің бірі еді. Кері қайтарып алу шартымен саған аманат қылып берген еді. Ал қазір кері қайтарып алып жатқанда да саған көп сауап, жақсылық береді, мейірімділік етіп дұрыс, тура жолда ілгерілеуіңді, жоғарылауыңды ихсан етеді.

Бұл ихсанға қауыша алу үшін сабыр ету керек, Оның істегенін жақсы деп санауың керек! Ашуланып, ойбайлайтын болсаң, сауапқа қауыша алмайсың және соңында өкінесің.

Жақсылап біліп ал, жылау, қайғыру пәлекетті кері қайтармайды, қайғыны кетірмейді. Тағдырда жазылған нәрселер басқа келеді. Сабыр ету, болып қойған нәрсеге ашуланбау керек. Алла Тағала бәріңе амандық берсін!»

0 пікір