Адам көрмеген нәрсесіне сене ме?
Адам көрмеген нәрсесіне сене ме?
9 жыл бұрын 4308
Омар С.

«Адам көргенде ғана сенеді» дейді, бұл сөздің мағынасы не? Адам көрген нәрсесіне сенуге мәжбүр, бұл табиғи нәрсе десе, мәселе жоқ. Өйткені бұл ешқандай түсіндіруді қажет етпейтін айқын нәрсе. Ал егер бұл сөз адам көрмеген нәрсесіне сенбейді, сенбеуі де керек деген мағына туғызса, онда дау тудырары күмәнсіз.

Егер сөйлемді кейінгі мағынасымен тұп-тура керісінше сөйлетер болсақ, мен «Адам көрмеген нәрсесіне сенеді. Ол – бұл әлемде көрмеген нәрсесіне сенетін жалғыз жаратылыс» дер едім.

Егер барлап қарасақ, негізінде сену мен көру түсініктерін бір-біріне байланысты ғып қарастыру ешқандай қисынға жатпайды.

Иман – көрінген нәрсенің емес, көрінбеген нәрсенің барын мойындау. Сонда ғана оның бағасы мен беделі арта түспек. Күнді көрсетіп «Сен мынаның бар екендігіне сенесің бе?» деп сұраудың өзі күлкілі. Мен бұл жерде көзбен көрудің сенімді нығарлай түсетіндігін аттап кеткім келіп отырған жоқпын. Көру, әрине, сенімді толықтырады, алайда көрмей тұрып сене білу көкіректегі иманның негізі екендігін де ұмытпау керек.

Көру және сену мәселесінде әр түрлі пікірді ең алдымен ортаға салушы, ол – ақыл. Егер ақыл көрмеген нәрсесін «жоқ» дейтін болса, онда алдымен өзін «жоқ» деуден бастауы қажет.

Сенбеудің ең бірінші шарты ретінде көзбен көре алмауды алып қарастырар болсақ, онда тарихты да жоққа шығаруға тиіспіз. Өйткені біз қандайда бір тарихи оқиғаға көрмесек те сенеміз. Тіпті осы үрдіспен тағы да ой жүгіртер болсақ, сонау ата-бабаларымызды да жоққа шығаруға мәжбүрміз. Неге?  Өйткені біз үш-төрт атадан бұрынғыларды көрмедік қой?! Бірақ біз біздің бар екендігіміз – олардың болғандығын көрсететіндігіне сенеміз. Солай емес пе?

Шешесі босанып жатып қайтыс болып, өмірге  келген нәресте кейін өскенде «Мен шешемді көрген емеспін. Ол тіпті болған емес, жоқ» десе, дұрыс бола ма?

Негізінде, көрмей сенетін нәрселеріміз көріп сенетін нәрселерімізден аз емес. Айталық, біз атомдарды да, бактерияларды да, ешқандай ультрокүлгін сәулелерді де, тоқты да көзбен көрмейміз, бірақ көзбен көргендей сенетіндігіміз рас.  Өйткені бір топ ғалым кісілердің «көрдік» дегендері бізге жеткілікті. Осы тұста «Жақсы, бірақ біз бұларды арнайы құралдармен көре аламыз, көргендер де бар» деп қарсы дау айтуыңыз мүмкін. Бірақ ол ештеңені де дәлелдей алмайды. Біз «өзіміздің көре алуымыз» бен «жеке өзіміздің илануымыздан»  әңгіме қозғап отырмыз. Көбіміздің де ондай құралдарды пайдаланбайтындығымыз бәрімізге белгілі.

Яғни мына нүктеге көз жеткізуге тырысудамыз: Иман тақырыбында көру немесе көзбен көре алмаудың ешқандай мағынасы жоқ. Иман мәселесінде сүйенеріміз сезім ғана емес, сонымен қатар, ақылмен айтудың да рөлі айтарлықтай. Жай ғана бір мысал, ақылмен ойлап, «Абай жолы» кітабының бір жазушысы болу керек дейміз, бірақ ол жазушының Мұхтар Әуезов екенін білмейміз. Дәл сол кезде айтушы келіп, ол жазушының Мұхтар Әуезов екендігін айтқанда, біз сенеміз. Бұл кім не айтса, соған бас шұлғып, көз жұмып сене беру емес. Егер «көрмегеніме сенбеймін» десек, онда «Абай жолының» бір жазушысы болуы керектігіне я да ол жазушының атының Мұхтар екендігіне де сенбес едік.

Ақыл «әр нәрсенің бір жасаушысы (салынған суреттің-суретшісі, жазылған өлеңнің-шығарушысы, айтылған ойдың-иесі т.б.) бар; олай болса, әлемнің де бір жасаушы шебері болуы керек» деп ойлағанда, айтушы келіп «ол шебер жасаушы – Алла» дегенде, көз бақырайып «Қайда? Мен оны көріп тұрғам жоқ» десе қайсысына сенеміз? Барлық жануарда да бар көзге ме, әлде, адамды басқа жан-жануарлардан ерекшелейтін ақылға ма?

Міне, бұл – тақырыптың ең өзекті тұсы:

«Көрмегеніме сенбеймін» дегенмен «Мен көздеріммен ойлаймын» деудің арасында ешқандай айырмашылық қалмайды. Онда ақыл неге жарайды?..

4 пікір
  • өте терең әрі қарапайым тәсілмен түсіндіріпсіз, сізге қатты риза болдым, танымдық мақалаңыз үшін. Алла разы болсын. Қайда жүрсеңіз де аман болыңыз. Құрметпен Саттар
    9 жыл бұрын
  • бірді бірге қоссаң екі болады дегендей қысқа да нұсқа осындай танымдық материалдар көп болса екен
    9 жыл бұрын
  • Машалла, Омар С. Жарайсыз біліміңіз таси берсін, Аллаһ мықты ықылас нәсіп етсін!!
    Өте қанағаттарлық.....
    9 жыл бұрын
  • Жақсы жазылған.АЛЛАҺ РАЗЫ БОЛСЫН
    9 жыл бұрын