Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп сүйіншілеген: «Кімде-кім діни мәселеде қырық хадис үйреніп, (жаттап, дәптеріне жазып алып) үмметіме жеткізсе, Хақ тағала оны фиқыһ ілімін меңгерген фақиһтар мен ғалымдар арасында тірілтеді».
Ибн Аббас (р.а.) жеткізген бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Кім сүннеттен қырық хадис үйреніп, үмметіме жеткізсе, Қиямет күні мен оған шапағат етемін, әрі оны жақтап куә боламын», – деп қуантқан өз үмбетін.
Абдуллаһ ибн Масғұд (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.):«Кім сүннетімнен қырық хадис үйреніп, жаттап, үмметіме жеткізсе, Қиямет күні оған былай делінеді: Жұмақ есіктерінің қайсысынан кіргің келсе кір!» - деген.
Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.)жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Кім діни салада қырық хадис үйреніп, үмметіме жеткізсе, ол кісі ғалымдар қатарына жазылып, шейіттермен бірге тіріледі».
Осы хадистерге амал ету мақсатымен көптеген ғалымдар еңбектер жазды. Сан мыңдаған хадистердің ішінен негізгілерінен 40 хадис жинап, кітап етіп шығарды. Осы уақытқа дейін ғалымдар қырық хадистер топтамасының екі жүз елудей түрін әзірледі. Осылардың ішінде Имам Нәуәуидің «Хадиси әрбаин» атты еңбегіне елуге жуық ғалымдар түсіндірмелер жазған.
Әйгілі имам Яхия ибн Шараф ән-Нәуауи Мухиддин (Күния есімі — Әбу Зәкәрия) – һижраның 631 жылы Дамаскінің Науа қалашығында дүниеге келген. Имам Науауи «Муслимнің Сахихына түсіндірме», «Риядус-салихин», «әл-Әзкәр», «Қырық хадис», «Мүхтасар әт-Тирмизи», «Мүхтасар әд-Дарими» сияқты қырық шақты аса құнды туындылар жазған. Солардың ішіндегі «Қырық хадис» еңбегі әлемге әйгілі. «Таңдамалы қырық хадис» («Әл-арбәуна Нәуауи», араб. «الأربعونالنووية») деп аталып кеткен еңбекте ең бірінші хадис былай басталады: «Амалдар ниетке байланысты». Әйгілі алты хадис кітабының ғалымдарының еңбектері де осы аталған хадиспен басталады. Имам Нәуәуидің «Қырық хадисінде» Алла Тағаланы тануға, құлшылыққа, тақуалыққа, ықыласқа байланысты негізгі хадистер іріктелініп алынған. Сонымен қатар дініміздің негізін түсіндіретін маңызды хадистерді қамтиды.
Жоғарыда аталған 40 хадис жинақтарын ретімен жаттауға, не болмаса әркім басқа да қалаған хадистерді жаттауға болады. Қысқасы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) 40 хадис жаттаудың артықшылықтарына байланысты айтқан хадистері, қырық хадис жаттаудың маңызын аңғартса керек.