30 күн оразаны - 30 күн таза ауада ұлықтайық!
30 күн оразаны - 30 күн таза ауада ұлықтайық!
5 жыл бұрын 4599

2002 жылы 20 шілдеде Елбасымыз «Темекі шегудің алдын алу және шектеу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған болатын. Ал 2003 жылы темекі шегуге қарсы іс-қимылдардың Ұлттық жоспары жасалды. 31 мамырды бүкіл әлем халқы «Темекісіз күн» ретінде атап өтеді. Әр жылдың 19-қарашасы шылымқорлықтан бас тартудың халықаралық күні.

Елімізде «Темекіні қой да, жең!» деген халықаралық шара да жыл сайын өткізіліп келеді.  Деректерге сүйенсек Қазақстанда 4 миллиондай адам үзбей шылым шегіп, осы шылымқорлық зардабынан жыл сайын 25 мың адам опат болатын көрінеді. Кез-келген адамға рентгенге жылына бір рет, әрі кетсе екі рет қана түсуге рұқсат етіледі. Себебі рентген сәулесі өте қауіпті. Ал бір жыл бойы үзбей темекі тарту 200 рет рентгенге түсумен бірдей.

Тек қана Алматы көшелерінен күн сайын 50 миллион темекі тұқылы сыпырылып алынады екен. Қазақстанның бір өзінде әлемге әйгілі жеті темекі трансұлттық компаниясы жұмыс жасауда.

Мен оқып аяқтаған мектептің бір кездегі түлегі, белгілі қоғам қайраткері Қ.Тұрысов: «Менің темекі тартқаныма да 56 жыл болып қалыпты. Бұрын күніне екі-үш қорап тартатынмын . Қазір 5-6 талдан тартып жүрмін. Мүлдем қоюға құлық жоқ» (5.02.2004 «Жас Алаш»),- деп темекіні тастаудың қиындығын айтып шағыныпты. Яғни, бұдан шығатын қорытынды: темекіні ұзақ жылдар бойы шеккен соң, одан құтылудың өте қиын екендігі көрінеді. Сондықтан шылымқорлықтан неғұрлым ерте құтылған абзал.

Көп ұлтты, көп дінді еліміздің, әрбір азаматы осынау игілікті, ізгі іске қолдау көрсетсе, нақты қадам жасап дәстүрге айналдырсақ, кәнеки! Аллаға шүкір, қазіргі таңда жас, кәрі демей мұсынманшылыққа бет бұрып, ауыз бекітіп, ораза ұстайтындардың саны артып келеді.

Ұсынысым: жылына бір-ақ рет келетін қасиетті Рамазан айында темекі тартпай, есірткі, ішімдікке жоламай, 30 күнді таза ауамен дем алып өткізсек деймін. Тіпті, тек ораза айында ғана емес, әрдайым, салауаттылықты өмір салтымызға тұрақты енгізсек, нұр үстіне нұр болар еді! 

Аблезов Марс Сапарұлы
Нұр-Сұлтан қаласы
№85 мектеп-лицей директорының орынбасары

0 пікір