Үйленудің пайдалары
Үйленудің пайдалары
9 жыл бұрын 8309
Есіркеп Жолаушы

Үйлену – ер кісі мен әйел арасында Алла белгілеген ұстанымдар шеңберінде келісілген қатынас. Құлшылық ретінде бағаланатын үйленуге қатысты Ислам құқығына тән жазылған кітаптардың кейбірінде: «Біз үшін хазірет Адамнан осы күнге дейін заңды түрде жалғасып келген әрі жұмақта да жалғасатын екі нәрсе бар: олар үйлену мен иман» (Ибн Абидин, III, 3), - деп білдірілген.

Үйленудің яғни некенің түрлі себептері бар. Некедегі шариғи, ақыли әрі табиғи себептердің басқа бір шариғи үкімде осылай бір жерде жиналғаны сирек байқалған.

Үйленудің шариғи дәлелдері Құран кәрім хадистер мен үмбеттің ортақ құптауымен (ихмағ) бекіген.

Құран кәрімде үйленудің заңдылығына мына аяттар дәлел: «Өздеріңе адал етілген әйелдерден екеу, үшеу, төртеу некелеңдер және сендерден бойдақтар мен құлдарды күңдеріңнің дұрыстарымен некелеңдер. Егер кедей болса, Алла оларды өзінің игілігі әрі жомарттығымен байытады. Алла игілігі мол әрі бәрін білуші» (ән-нұр, 24/32).

Дін үшін күрес пен үйлену исламның адам өміріне енуінің себептерінің бірі. Үйленуде болса осының екеуі де бар. Осы себепті: «Үйленуге көңіл бөлу нәпіл ғибадаттарға берілуден де анағұрлым артықшылыққа ие. Өйткені үйленуде адамға өзін харам істерден сақтау әрі бала өсіру секілді маңызды мәселелер бар» (Ибн Абидин, III, 3) деген ой түйілген.

Ислам үйленуді табиғи қажеттілік ретінде міндеттей отырып, әрдайым рұхбаниятпен (дүниеден баз кешу, жалғыз өзі жұрттан оңаша өмір сүру, үйленбеу) күрескен. Өйткені, ол адам жаратылысына қайшы келеді, оның нәпсілік қалаулары мен мінезіне қайшы.

Бәйһақи мен Табарани риуаят еткен бір хадисте хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Үйленуге шамасы жете тұра үйленбеген адам менен (менің үмбетімнен) емес».

Осы хадис шәріптен де байқалғандай, Ислам адамды тек Аллаға жақындату, рухбандыққа беріліп, құлшылықпен ғана айналысып бір шетке ысырылуына жол бермеуде.

Ардақты расулдың өміріне қарағанымызда, оның қоғам мүшелерін бақылауда ұстау, адамның нәпсісін түзеу турасында қаншалықты мұқияттылық танытқанын ашық байқаймыз. Оның бұл мәселеде мұқияттылық танытуының астарында адам болмысын дұрыс түсіну және оның қалауларын қанағаттандыру сезімі жатқанын көреміз.

Бұһари мен Мүслим Әнастан (р.а.) риуаят еткен бір хадисте мына оқиға баяндалады: Үш кісі Расулалланың жанына барып, құлшылығын сұрады. Біраз мәліметке қаныққанда, оның құлшылығын азырқанып, былай деді: «Расулалламен біз теңесе алмаймыз ғой. Оның бұрынғы өткен әрі болашақтағы күнәлары кешірілген». Араларынан біреуі енді бүкіл түнді намаз оқумен өткізетіндігін, енді бірі үнемі ауыз бекітетіндігін, үшіншісі әйелдерге енді жақындамайтындығын айтты».  

Кейіннен Расулалла (с.а.у.) бұл жағдайды естігенде, оларды жанына шақырып былай деді: «Аллаға ант етейін, араларыңда Алладан ең көп қорқатын әрі ең көп сақтанатын ол менмін. Бірақ уақтылы ораза ұстап, ауыз ашамын. Намаз оқып, созылып жатып, тынығамын. Әйелдермен де үйленемін. Менің сүннетімнен бас тартқан адам менен (менің үмбетімнен) емес» (Бұһари, Никаһ, 1).

Үйленудің хикметтері мен пайдалары көп. Үйленудің жалпы пайдаларымен қатар әлеуметтік пайдалары да жоқ емес. Бұл пайдалардың әуелгісі адам ұрпағын  сақтау. Өйткені үйлену арқылы адам ұрпағының жалғасуы әрі көбеюі, ұрпақ жалғастығы жатыр. Үйленудің адамдағы әлеуметтік, аһлақтық әрі ағзалық пайдаларын жоққа шығару мүмкін емес. Құран кәрім бұл әлеуметтік хикметке назар аудартып былай деуде: «Алла сендерге өз тектеріңнен жұбайлар жаратты, жұбайларыңнан сендер үшін ұлдар мен немерелер жаратты...» (ән-Нахл, 72).

Үйленудің тағы бір маңызды пайдаларының бірі – ұрпақты сақтау. Заңды үйленуді бір сәт жоқ деп есептесек, ел ішінде тексіз әрі қасиетсіз балалар көбейіп, қоғамның қаншалықты зардап шегетінін байқаймыз.

Үйленудің пайдаларының бірі қоғамның аһлақи құлдырауы мен бұзылуының алдын алу. Үйлену арқылы адамдар әлеуметтік бұзылулардан аман қалады.

Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) үйленудің пайдалары туралы бір топ жасқа былай деген: "Әй, жастар, сендерден үйленуге күші жеткендер дереу үйленсін. Өйткені үйлену көзді харамнан сақтайды. Үйленуге мүмкіндік таппағандар болса, ауыз бекітсін. Өйткені ораза құмарлықты тежейді..." (Бұһари, Саум, 1, Никаһ, 23).

Үйленудің тағы бір пайдаларының қатарында қоғамда аурулардың тарамауы, адамның рухани әрі нәпсілік тұрғыдан жайлылық сезінуін айтуға болады. Бұл шаралар арқылы қоғам мүшелері зинаның бір нәтижесі ретінде пайда болатын жұқпалы аурулардан қорғалады, ұятсыздықтың жайылуының алдын алып, харамдарға жол берілмейді.

«Араласуларың үшін сендерге өз тектеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім жаратқаны да Алланың бар екенінің дәлелдерінен. Расында бұнда жақсы ойлайтын қауым үшін ғибраттар бар» (әр-Рум, 21).

Алла тағы бір аятында үйленуде мұсылманның кімді таңдау керектігін түсіндірген:
«(Уа, мүминдер), иман етпейінше мүшрік әйелдермен үйленбеңдер. Мүмин күң сендерге ұнамаса да мүшрік әйелден артық. (Мүмин әйелдерді) иман етпейінше, мүшрік ер кісілермен үйлендірмеңдер. Мүмин бір құл сендерге ұнаса да (азат) бір мүшріктен артық. Бұлар (сендерді) тозаққа шақырады. Алла болса рұқсатымен жұмаққа әрі кешірімге шақырады. Міне, Алла ойланып ғибрат алсын деп аяттарын адамдарға осылай айшықтайды» (әл-Бақара, 221).

Хазірет пайғамбар да Бұһари мен Мүслим жеткізген бір хадисте бір әйелмен тек төрт қасиетіне бола үйленетін жағдайға назар аудартады. Бұлар әйелдің дүниесі, тектілігі, сұлулығы және діндарлығы. Артынан: «Сен діндарын таңда», - деп кеңес берген (Бұһари, Сахих, VI, 123).

Ибн Мәжа жеткізген бір хадисте былай делінген: «Әйелдермен сұлулығына бола үйленбеңдер, сұлулығы оларды жамандыққа итермелеуі мүмкін. Дүниесі үшін үйленбеңдер; дүниесімен олар сендерге бағынбай қоюы мүмкін. Бірақ олармен діндарлығы үшін үйленіңдер. Діндар қара күң басқалардан артық» (Ибн Мажә, Сүнән, I. 572).

2 пікір