Тәрбиеге кім мұқтаж?
Тәрбиеге кім мұқтаж?
3 жыл бұрын 3468
Асылбек Әуезханұлы

Қоғамда тек қана балаларға ғана қажет деген түсінік байқалады. Шындығында, солай ма? Біздіңше, тәрбиеге жас та, кәрі де, бала да, қария да мұқтаж. Тіпті, қазір нағыз тәрбие баладан бұрын ата-анаға керек десек қателеспейміз. Қарапайым жұмысшы да, ғалым да, дәрігер де, заңгер де, тіпті жұртқа тәрбие беретін мұғалімдердің өзі түптеп келгенде шын тәрбиеге ауадай зәру. Өйткені өзінің жүрегінде ізгілікті тәрбиесі жоқ адам өзгелерге қандай жақсылық үйретуі мүмкін?!

Бірақ мұндай кең көлемдегі тәрбиені Ислам дінінен ғана табуға болатынын кейбіреулер білмейді. Білсе де мойындағысы келмейді. Исламның үйрететіні қандай тәрбие?

Алла тағала әр түрлі сынақтарға салу арқылы құлдарын тәрбиелейді. Қасиетті Құранның әрбір аяты кісінің рухын тәрбиелейді. Адамзаттың ұстазы, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз(с.а.с) әрбір сөзі мен ісі, өмірінің әрбір сәті арқылы адамзатты тәрбиелейді. Қарап отырсақ, Алланың жіберген түрлі ауыртпашылықтары арқылы да адамзат баласының жан дүниесі тәрбиеге келіп, кемелдене түседі. Олай болса, бізді қоршаған бүкіл жаратылысты тәрбиенің көрнекі құралы деп санауға болады. Тау мен тас, өзен мен көл, Ай мен Күн – бәрі де біздің рухымызды жетілдіру құралдары бола  алады. Бірақ мұның жалғыз ғана шарты бар: ол бүкіл дүниеге материалистік емес, мұсылмандық көзқараспен қарау. Қасиетті Құранның мына бір аятына қараңыз:

«Шын мәнінде, көктер мен жердің жаратылысында, түн мен күннің алма-кезек ауысуында, сондай-ақ адамдарға пайда келтіру үшін кемелердің теңіз бетінде жүзуінде, Алланың көктен жаңбыр жаудырып өлген жерді тірілтуінде және оның үстінде әр алуан жан-жануарларды таратып қоюында, желдің құбылуы мен жер мен көк арасында бұлттардың көшуінде ақыл иелері үшін Алланың бар және жалғыз екендігін білдіретін ап-айқын дәлелдер бар». («Бақара» сүресі, 164-аят).

Ендеше, аталмыш табиғи құбылыстардың барлығы да адамдарды мұсылмандыққа тәрбиелеуде деген сөз. Алланың бар екендігіне иланған кісі түсірген Құранына да шәксіз сенеді. Құранға иман келтірген адам мұсылмандық өмір сүрудің шынайылығына көз жеткізе береді.

Тәрбие – Алланың құлдарына нәсіп еткен ең ұлы нығметтерінің бірі. Құдайын танымайтын адам өмірдің мың түрлі сынақтарын көре-көре өмір ақиқатына көз жеткізе бастайды.

Міне, осы ақиқат тұрғысынан келгенде, тәрбиелі болу үшін міндетті түрде жоғарғы оқу орнын тәмамдау шарт емес. Алысқа бармай-ақ көшпелі өмір тіршілігін кешкен ата-баларымыз өмірлік тәрбиені университет, академия қабырғасында емес, қара жердің үсті мен көк аспанның астында жүріп алды. Олар «дала академиясының» тәрбиесімен өтті.

Енді салыстырып көрейік, қай дәуірдің тәрбиесі күшті болған? Мұсылмандыққа, шығыс тәрбиесіне ескіліктің қалдығы деп қараған кездерден бастап адамзат баласы қандай жетістіктерге қол жеткізді? Бүгінгі өмірдің кез келген саласына көз жүгіртіп көріңіз. Алдау, арбау, көз бояу қайдан шықты? Арақ-шарап судай ішіліп, темекі мен есірткінің әдетке айналуы қалай пайда болды? Баланың шеше мен әкеге әкіреңдеп сөйлеуі қай тәрбиенің жемісі? Ерлі-зайыптылардың бір шаңырақ астында бір жылдан артық тұра алмауы қай тәрбиенің пайдасы? Қарабастың қамы үшін кез келген қылмысқа ойланбай баратындар қайдан шықты? Жалаңаш саны мен төсін бүкіл еркек атаулыға мақтанышпен көрсететін түсінік бізге қайдан жұқты? Маңдай терін төгіп еңбек етуден қашатын, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргенді еп көретін еркектер қай тәрбиенің өкілдері? Іштегі баланы алдыру, жасанды түсік, туған баланы жетімдер үйіне, қартайған ата-ананы қарттар үйіне тоғыту – дала тәрбиесінде бар ма еді? Ұрып кету, пышақтап кету, дарға асылу – бұларды да Алланың тәрбиесі болмаса, өзге тәрбие құралымен түзету мүмкін емес. Міне, осыларды ескере келгенде, біздің қоғам қандай тәрбиеге мұқтаж екенін өзіңіз шешіңіз, құрметті оқырман! Біздікі жай ғана ой салу!

"Жанұя жарасымы"

0 пікір