Тәжірибелі ананың тұрмысқа шығатын қызына айтқан ақылы
Тәжірибелі ананың тұрмысқа шығатын қызына айтқан ақылы
8 ай бұрын 4013

Тәжірибелі және мұсылман бір ананың ғасырлар бұрын қызына айтқан өсиеті:

Қызым, өзің туып өскен, аялап өсірген әке-шешеңнің ұясынан ұшып, жат жұртқа кетіп бара жатырсың. Мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білмейтін адаммен өмір сүресің. Сондықтан:

  • Сен оған жер бол! Ол саған көк (аспан) болсын!
  • Сен оған үй бол! Ол саған тірек болсын!
  • Сен оған күң бол! Ол да саған құл болсын!
  • Сен оған қиындық туғызба! Саған деген сезімі өшпесін!
  • Одан алыстап кетпе! Сені ұмытпасын!
  • Оның көзін, мұрнын, құлағын өзгелерден сақта! Көзі сенен басқаны көрмесін, сенен басқаның иісін сезбесін және сенен үнемі әдемі сөздер естісін!
  • Үйде отырып үй және қол-өнер жұмыстарымен айналыс!
  • Үйге азық-түліктен не әкелсе де шын жүрекпен қабыл ал, қанағатшыл бол және анау жоқ, мынау жоқ деп ешқашан шағымданушы болма!
  • Күйеуіңнің ақысын (құқығын) өзіңнен жоғары ұста!
  • Күйеуіңнің туған-туыстарына, жақындарына құрмет көрсет! Оларды құрметтегенің, күйеуіңді құрметтегенмен тең.
  • Тазалыққа, жинақылыққа мұқият бол.
  • Көршілеріңмен жақсы қарым-қатынаста бол! Олардан келетін қиыншылықтарға сабырлы бол!
  • Әсіресе көршілердің арасында сөз тасыма! Сөз тасудан ұзақ бол!
  • Намаздарыңды уақыты кірісімен оқы! 

Ананың тұрмыстағы қызына жазған хаты 

Қызым, саған қырық жылдық отбасылық өмірімдегі тәжірибелеріме сүйене отырып, осы насихаттарымды айтпақшымын. Егер айтқан сөздеріме құлақ салып, үнемі жадыңда сақтасаң дүниеде тыныш, бақытты өмір сүретініңдей ахиретте де мәңгілік бақытқа қол жеткізесің.

1) Қанағатшыл бол! Яғни жолдасың үйге алып келген азық-түлік, киім-кешек барлық нәрсені шын жүрекпен қабыл ал! Оған рахмет айтып, алғысыңды білдір! Өйткені, қанағат – көңілді тыныштыққа, бақытқа қауыштырады.

2) Күйеуіңнің сөздерін мұқият тыңда және оның күнә болмаған әмірлеріне мойынсұн!

3) Үйің, айналаң, барлық нәрсең әрдайым таза, жинақы болсын!

4) Күйеуіңнің ұйықтайтын, тамақтанатын кездерін жақсы біл. Ол бұларды қай уақыттарда жасайтын болса, сен сол уақыттарда тамағын әзірлеп, төсегін салып қой. Өйткені, аштық пен ұйқысыздық адамды ашуландырады.

5) Күйеуіңнің дүниесін көзіңнің қарашығындай сақта, ысырапшылдыққа жол берме. Істеген істеріңді, жақсылықтарыңды міндетсінбе! Жақсылыққа жасалған жақсылық тез ұмытылады, ал жаманшылыққа жасалған жақсылық ешқашан ұмытылмайды.

6) Күйеуіңнің туған-туыстарына, жақындарына құрмет көрсет! Күйеуіңнің қателіктерін жалғыз кезінде өзіне жұмсақ тілмен айт!

7) Күйеуіңнің сырларын ешкімге тіс жарып айтпа! Себебі, ерлі-зайыптылардың арасындағы сыр өздерімен бірге қабірге кетуі керек.

8) Күйеуіңнің қайғысы мен қуанышына ортақ бол! Оған барлық жағынан да өмірлік жақсы жар бол! Өтірік – отбасын іштен шірітетін құрт секілді.

9) Өз араларыңдағы мәселені өздерің шешіңдер! Оларды бізге және өзгелерге айтушы болма! Ешкімнің қолдауынан үміттенбе!

10) Күйеуіңнің алуға қиналатын, шамасы жетпейтін нәрселерді алып беруін талап етпе!

11) Әйелінің жақсы мінезді болуы – еріне жаннат ниғметі. Сен жолдасыңа жаннат ниғметі бол! Оған азап шектірме!

12) Бұларды тек оның қалауларын және оның ризалығын алдыңғы қатарға қойғанда ғана орындай аласың. Үнемі алдыңғы қатарға өзіңді, өзіңнің қалауларыңды қойсаң, бұл насихаттың ешбірін орындай алмайсың.

13) Бес уақыт намазыңды шарттарына сай оқымайтын болсаң, бұл саған да, күйеуіңе де, бала-шағаңа да пәлекет ретінде жеткілікті. Бес уақыт намаздың дұрыс болуы үшін ғұсыл және дәрет дұрыс болуы шарт. Бұлардың пайдасын көру үшін сенім (ақида) дұрыс болуы шарт. Дұрыс сенім - әһли сүннет уәл жамағат сенімі. Барлық нәрседен бұрын осыларды үйреніп, жүзеге асыру қажет. Осылар дұрыс болса, қалғандары уақыт өте келе түзеліп кетеді.

Бимурзаев Н, «бақыттың кілті - жанұя».

 

 

 

0 пікір