Бисмилләһир рахманир рахим
Ислам шариғатында неке және отбасы ереже-қағидаттары реттелген. Үйленуге болатындар мен болмайтындар, мәһір-қалыңмал, нәпақа міндеті, баланың қамқорлығы, ерлі-зайыптылардың өзара міндеттері, қандай неке дұрыс, қандай неке бұрыс, т.т. сол сияқты мәселелер төл дінімізде егжей-тегжейлі түсіндірілген. Бүгін шариғатта «неке» ретінде танылмайтын, «бұрыс неке» түрлерімен қысқаша таныстыра кетелік.
- Жақын туыстарымен, сүт бауырымен және құдандалы туыстарымен үйлену. Мұндай неке мүлдем есептелмейді, айырылысулары тиіс, өздігінен айырылыспаса, сот ажыратады және мұндай ағаттыққа біле тұра барғаны үшін күйеуге сот жаза тағайындайды. Құдандалы туыстарға- қайын аналары мен әжелері; өгей қыздары мен олардың қыздары және немерелері; өгей ұлдарының қыздары мен немерелері; өз ұлдарының әйелдері мен немерелерінің әйелдері (келіндері); өгей аналары жатады. Жақын туыстарға- аналары мен әжелері; бірге туған әпке-қарындастары және олардың қыздары мен немерелері (шөбере, шөпшектері т.т.); әкесі не шешесі бөлек әпке-қарындастары және олардың қыздары мен немерелері (шөбере, шөпшек т.т.); бірге туған немесе әкесі бір, шешесі бөлек, не шешесі бір әкесі бөлек аға-інілерінің қыздары мен немерелері (шөберелерімен т.т.); әке жағынан ағайын әпке-қарындастары мен нағашы әпке-қарындастары.
- Біреудің некелі әйелімен үйлену немесе иддет мезгілін күтіп отырған әйелмен үйлену. Неке есептелмейді. Еркекке сот жаза тағайындайды: жаза, біреудің әйелі екендігін (немесе иддеттегі әйел екендігін) білген не білмегеніне қарай өзгереді. Сондай-ақ, біреудің некелі әйелі екендігін біле тұра неке қиып, төсек қатынасына барылған болса, ажыратылғаннан кейін әйел өзінің заңды еріне оралу үшін иддет мезгілін күтпейді. Ал біреудің әйелі екендігін білмей некелесіп, артынан төсек қатынасына барылған болса, екеуі ажыратылғаннан соң әйел өзінің заңды күйеуіне халал болуы үшін, иддет мезгілін күтуі шарт, иддет мезгілін күтпей тұрып заңды күйеуі онымен төсек қатынасына бара алмайды.
- Басы бос екі апалы-сіңліні әйелдікке алу. Апалы-сіңліні бір некемен қиған болса, екеуінің де некелері дұрыс емес, айырылысулары тиіс. Өздігінен айырылыспаса, сот ажыратады. Қатынасқа түспей тұрып ажырасса, мәһр берілмейді. Бірақ, екеуін екі бөлек некемен алған болса, қайсысының некесі әуелі қиылған болса, сонысы қалады, кейін қиылғанын жіберуі тиіс. Қайсысын бұрын некелегенін білмесе, екі неке де бұзылады.
- Үш талағын берген әйелін, басқа біреуге тұрмысқа шықпай тұрып, өзіне қайта некелеу. Үш талақпен талақ етілген әйел өзгеге тұрмысқа шығып, кейін бір жағдайлармен онымен де ажырасса ғана, бұрынғы күйеуіне халал. Оған дейін халал емес, неке қиған болса да неке саналмайды.
- Пұтқа табынушы, отқа табынушы немесе атеист әйелді алу. Шариғатта мұсылман, христиан және яһуди дініндегі қызды өзіне әйелдікке алуға рұқсат етіледі. Одан өзге діндегілерді алуға болмайды, некелеген жағдайда некелері есептелмейді. Бірақ некелеспей тұрып аталмыш үш діннің біріне өтсе, алуға болады.
- Мұсылман қыз мұсылман емеске тұрмысқа шықса. Мұсылман қыз тек қана мұсылман жігітке ғана үйлене алады, өзге діндегілерге тұрмысқа шыға алмайды, тұрмысқа шыққан жағдайда некелері есептелмейді.
- Төрт әйелі бар бола тұра, бесіншісін алу. Дінімізде ең көп төрт әйел алуға рұқсат етіледі, бесіншісін алған жағдайда бесіншісімен қиған некесі саналмайды, төртеудің біреуімен ажырасса, не, біреуі қайтыс болса, алуға болады..
- Куәгерлерсіз неке қию. Шариғат заңы бойынша, неке қиярда екі ер адам немесе бір ер, екі әйел адам куәгер болуы тиіс. Куәгерсіз қиылған неке «фәсид» неге. Неке есептелмейді. Айырылысулары тиіс.
- Уақытша некеге отыру. Дінімізде неке өмірлікке қиылады. Ал, егер, "мынанша уақытқа некемізді қиямыз" деп белгілі уақытқа дейін үйлену мақсатымен неке қиылған болса, ондай неке есептелмейді.
- Мута некесі. Мута некесі есептелмейді1.
Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!
1 «әл-Әхкәмуш Шарғия фил-Әхуәлушшахсия».
А. Қасым