Шаңырақ шаттығы
Шаңырақ шаттығы
2 сағат бұрын 114 islam.kz/

Отбасының берекесін қашыратын да, мерекесін асыратын да — адамның өз қолындағы нәзік тізгін. Бір үзім нанды бөліп жеген екі жанның арасындағы сыйластық — жұмақтың бұл дүниедегі бір көрінісі емес пе?

Қасиетті аятта айтылғандай, Жаратушы біздің жанымыз жай тапсын деп, арамызға мейірім мен махаббатты ұялатты. Олай болса, сол мейірімнің отын сөндіріп алмау — әрбір жанның басты міндеті.

Төрдегі тыныштық — табалдырықтан басталады

Сырттың суығынан, тіршіліктің тауқыметінен қажып келгенде, адамның барар жері де, басар тауы да — өз үйі. Табалдырықтан аттағанда «Әлхамдулиллаһ!» деп, ішкі мұңды сыртта қалдырып, жарқын жүзбен кіру — шаңыраққа гүл бітіреді. Отағасы үйіне сағынып жетсе, отанасы алдынан күлімдеп шықса — одан асқан бақыт бар ма?

Ер мен әйел — бірін-бірі толықтырушы. Ер азамат — шаңырақтың асқар тауы, қорғаны болса, әйел — сол таудың баурайындағы жайқалған нәзік гүлі. Еркек өз айбынын, әйел өз биязылығын сақтағанда ғана үйде үйлесім болады.

Түздегі сый — үйдегі қабақ

Қазіргі таңда көптеген бауырларымыз мен әпке-қарындастарымыз түздің жұмысына, бастығына немесе достарына көрсеткен төзім мен сыйды өз жарына келгенде ұмытып жатады. Түзде сыпайы сөйлеп, үйге келгенде қабақ түю, өз жарын (әйел болсын, еркек болсын) — қиянаттың бір түрі. Несібе табу ердің міндеті десек те, бүгінде еңбекке араласқан әйелдер де аз емес. Бірақ жұмыстың шаршауын сылтау етіп, ошақ басындағы жылуды суытып алу — ақылды жанның ісі емес. Мәулана айтқандай, «Көңілді — тек көңіл беріп қана алуға болады». Үйдегі өмірлік серігіңіз — сіздің ең бірінші мейіріміңізге лайық жан.

Соғыс алаңына айналған ошақ

Кейде некеден кейін ер мен әйел бірін-бірі «меншік» көріп, сыйлауды қояды. Әйел тек баланың қамымен кетіп, өзін ұмытады, еркек тек өз еркімен жүріп, жауапкершіліктен қашады. Осылайша екі жақ бір-біріне мін тағып, үй соғыс алаңына айналады. Жылулық таппаған еркек — сырттан құрмет іздейді, мейірім көрмеген әйел — тікенектей қадалатын шәлкес мінез шығарады. Нәтижесінде, арадағы алтын көпір қирап, тек қағаз жүзіндегі неке ғана қалады.

Ауыр сөз — көңілге түскен дақ

Тартыс кезінде айтылған ауыр сөздер — жазылмайтын жара. Көп жағдайда мәселенің өзі ұмытылады, бірақ сол сәттегі қорлық пен намысқа тиетін сөздер жүректе мәңгі қалады. Неке — күш сынасатын алаң емес. Ер адам жарына қарап рухы демалса, әйел адам еріне сүйеніп, өзін қауіпсіз сезінсе — береке сонда.

Бір-бірін аяусыз сынау, кемсіту — үйдің іргесіне өрт қоюмен тең. Көңілі қалған адам не ашуға басады, не үнсіздікпен жазалап, тұйықталып қалады. Бұл — тірілей айырылысу.

Өмір — өкпелеуге тым қысқа

Ойлап қараңызшы, таңертең ренжісіп шығып кеткен жарыңыз кешке оралмауы мүмкін... Немесе ол келгенде сіздің деміңіз таусылуы мүмкін. Бұл дүние бір-бірімізге қыр көрсетіп, өкпе сақтауға тым келте.

Шайтан да адамның осы әлсіздігін аңдып тұр. Көңілі жаралы жанға жалғанның қызығын әдемі етіп көрсетіп, күнәға итермелейді. «Ол маған қарамады, сондықтан мен осылай істедім» деп ақталу — өз басыңдағы жауапкершіліктен құтқармайды. Бірақ өз жарын жалғыздыққа, мұңға итермелеген адамның да обалы үлкен.

Үйдегі әрбір жан — Алланың бізге берген аманаты. Сол аманатқа қиянат жасамай, үстіне шаң жуытпай, мәпелеп ұстау — имандылықтың белгісі. Бұл — екі жақты қажыр-қайратты қажет ететін еңбек.

 

0 пікір