Әлемдердің Раббысы – Аллаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (ﷺ), оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
Қасиетті Құран Кәрімнің «Тин» сүресінде Ұлы Раббымыз адамзат баласының ең көркем жаратылыс екенін былай деп баяндайды:
لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ
«Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық».
Осылайша адамның дене бітімін өте көркем түрде, дене мүшелерін лайықтастырып әрі қажетті ішкі, сыртқы сипаттармен бірге жаратып, адамзат баласын өзге мақұлықтардан даралап, дәрежесін көтеріп қойды.
Құдіреті шексіз Алла Тағала әу бастан-ақ адамды ер мен әйел етіп жаратып, оларға айрықша ерекшеліктер сыйлаған. Рас, әйел – нәзік, әлсіз және сезімге жақын жаратылыс. Дегенмен, әйелге басқа ешбір тіршілік иесіне бұйырмаған аса құрметті де маңызды мәртебе берілген. Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ اتَّقُوا رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ وَخَلَقَ مِنْهَا زَوْجَهَا وَبَثَّ مِنْهُمَا رِجَالًا كَثِيرًا وَنِسَاءً
«Ей, адамдар! Бәріңді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар».
Сонымен қатар Құранның келесі басқа аятында Жаратушы Иеміз ер мен әйелдің өзара міндеттері жөнінде былай деген:
لَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ ، وَلِلرِّجَالِ عَلَيْهِنَّ دَرَجَةٌ ، وَاللّهُ عَزِيزٌ حَكُيمٌ
«Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар. Сонымен қатар (отбасын асырау сынды ауыр да жауапты міндеттерін арқалағандықтан) ер азаматтардың дәрежесі әйелдерден бір сатыға жоғары. Алла – Азиз (ұлық, бәрінен үстем) һәм Хаким (әр ісі мен әрбір үкімі көптеген хикметтерге толы болған асқан даналық иесі)».
Қасиетті Құранда әйелдерге арналған «Ниса», «Мәриям» деп аталатын арнайы сүрелер бар. Бұдан бөлек, Алла Тағала «Талақ», «Тахрим», «Ахзаб», «Нұр», «Мұмтахина» сүрелерінде де әйелдің мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттерін ашық баяндаған. Біз бұл сүрелер мен аяттардан Ислам дінінің әйел затына қаншалықты көңіл бөлетінін анық аңғарамыз.
Алла Тағала өзінің кәләмі Құранда салиқалы әйелдің сипаттары жайлы былай деген:
إِنَّ الْمُسْلِمِينَ وَالْمُسْلِمَاتِ وَالْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ وَالْقَانِتِينَ وَالْقَانِتَاتِ وَالصَّادِقِينَ وَالصَّادِقَاتِ وَالصَّابِرِينَ وَالصَّابِرَاتِ وَالْخَاشِعِينَ وَالْخَاشِعَاتِ وَالْمُتَصَدِّقِينَ وَالْمُتَصَدِّقَاتِ وَالصَّائِمِينَ وَالصَّائِمَاتِ وَالْحَافِظِينَ فُرُوجَهُمْ وَالْحَافِظَاتِ وَالذَّاكِرِينَ اللَّهَ كَثِيرًا وَالذَّاكِرَاتِ أَعَدَّ اللَّهُ لَهُم مَّغْفِرَةً وَأَجْرًا عَظِيمًا
«Аллаға мойынсұнған мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдер, шын жүректен иман келтірген мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, (хақ діннің барлық үкімдеріне) қалтықсыз бағынған ерлер мен қалтықсыз бағынған әйелдер, (сөздері мен іс-әрекеттері) түзу әрі шынайы болған шыншыл ерлер мен шынайы да шыншыл әйелдер, сабырлы да табанды ерлер мен сабырлы да табанды әйелдер, (Алланың алдында) өте ізетті әрі кішіпейіл болған ерлер мен сондай инабатты әрі кішіпейіл болған әйелдер, (Алла жолында мұқтаждарға) зекет-садақа беретін ерлер мен зекет-садақа беретін әйелдер, ораза ұстайтын ерлер мен ораза ұстайтын әйелдер, арын сақтап, абыройларын күнәдан тыйған ерлер мен арын сақтап, абыройларын күнәдан тыйған әйелдер, сондай-ақ Алланы көп еске алатын ерлер мен Алланы көп еске алатын әйелдер (бар ғой?!) Міне, Алла осынау ізгі жандарға ерекше кешірім мен үлкен сый-сияпат дайындап қойды».
عَسَىٰ رَبُّهُ إِن طَلَّقَكُنَّ أَن يُبْدِلَهُ أَزْوَاجًا خَيْرًا مِّنكُنَّ مُسْلِمَاتٍ مُّؤْمِنَاتٍ قَانِتَاتٍ تَائِبَاتٍ عَابِدَاتٍ سَائِحَاتٍ ثَيِّبَاتٍ وَأَبْكَارًا
«Егер ол сендерге талақ айтса, бәлкім, Раббысы оған сендерден де жақсы, Аллаға қалтықсыз мойынұсынған, иманы кәміл (Аллаға һәм Пайғамбарына (ﷺ)) шын көңілмен бағынатын, тәубешіл, құлшылыққа жаны құмар, көп ораза ұстайтын жесір әйелдер немесе беті ашылмаған пәк қалыңдықтар нәсіп етер».
Ал «Ниса» сүресінің 34-аятында қосымша былай делінген:
فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِّلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللَّهُ ۚ
«Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынұсынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтықсыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің құқығын аяқасты етпей (ар-ұяттарын, отбасылық сырларды, отбасына тән абырай мен ерлері тапқан мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар».
Яғни ізгі, салиқалы әйел Жаратушысына бойсұнып, Оның бұйырған құлшылықтарын орындайды және күйеуіне бағынып, оны тыңдайды. Әрі Алла Тағаланың көмек беруі арқылы күйеуінің ар-намысын, дүние-мүлкін қорғайды.
Алла Елшісі (ﷺ) де Құран Кәрімде айтылған салиқалы әйелдің сипаттарын одан әрі керемет түрде айшықтап, егжей-тегжейлі баяндап берген.
Салиқалы әйел және оның хадисте айтылған сипаттары
1. Салиқалы әйел – осы дүниеде уақытша берілген нығметтердің ең жақсысы.
Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте, жақсы әйелдің мәртебесі жөнінде Алла Елшісі (ﷺ) былай деген:
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: (الدُّنْيَا مَتَاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِ الدُّنْيَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ) رواه مسلم
«Бұл дүние өткінші бір ләззәт қана. Ал дүниедегі өткінші ләззәттың ең хайырлысы салиқалы, жақсы әйел».
Имам Абул-Аббас әл-Қуртуби бұл хадиске қатысты былай деген болатын:
«Мұндай әйел өзіне және дініне қатысты әрдайым салиқалылықты ұстанады. Ал осындай сыйпатқа ие әйел күйеуінің де жағдайын жақсартады».
2. Жақсы әйел – Раббысының алдындағы міндеттерін толық орындайды.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قَالَ: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:)إِذَا صَلَّتْ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا وَصَامَتْ شَهْرَهَا وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا قِيلَ لَهَا ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ ) رواه أحمد (1664) وغيره
Абу Хурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ) былай деген:
«Егер әйел кісі бес уақыт намаз оқыса, Рамазан айында ораза тұтса және ар-намысын қорғап, күйеуіне бойұсынатын болса, онда оған: «Жұмаққа қалаған қақпасынан кір»,-деп айтылады».
Бұл хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) әйел кісінің күйеуіне бағынуы өте маңызды болғандықтан, Ислам дінінің намаз және ораза сияқты ұлы құлшылықтарымен бірге атап өтті. Демек, әйел заты өзінің адал жолмен жұптасқан еріне бойұсынбаған жағдайда, жұмақтың қалаған қақпасынан кіру игілігінен мақрұм қалары анық. Ал салиқалы мұсылман әйел үшін Алла Тағаланың рақым, мейірімі арқылы жұмаққа кіруден басқа қандай бақыт қажет?!
3. Салиқалы әйел – Алла Тағаланың разылығына ұмтылады.
Ал нағыз ақылды, парасатты әйелдің үлгісін көрсеткен мына бір керемет оқиғаға көз жүгіртіңізші. Жәбир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын) былай деп баяндайды: «Бір күні Әсма бинт Язид (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (ﷺ) келеді де, «Я, Алланың Елшісі, сен маған ата-анамнан да артық қымбатсың. Мен саған барша мұсылман әйелдердің атынан келіп тұрмын. Анығында сен – еркектерге де, әйелдерге де ортақ болып жіберілген Алланың Елшісісің. Бізді мазалайтын бір нәрсе бар. Біздің, яғни әйелдердің көп уақыты үйде өтеді. Біз күйеуіміздің разылығын іздейміз, бала сүйіп, ұрпақ жалғастырамыз. Ошағымыздың түтінін түтетіп, күйеуіміздің дүние-мүлкіне бас-көз боламыз. Соған қарамастан, біз жасай алмайтын кейбір амалдарды еркектер жасайтындығы ұшін олардың Алладан алатын сауаптары бізден асып кетеді. Олар күнделікті бес уақыт намаздан бөлек жұма намаздарына қатысады, науқастардың көңілін сұрап барады, жаназа намаздарына қатысады, қажылық парыздарын өтеп, құрбан шалады. Олар сондай сауабы мол амалдарды жасап жатқанда біз үйде қаламыз. Олардың бала-шағасына қарап, киімдерін тігеміз. Біз осы үшін олардың алып жатқан қыруар сауаптарының бір үлесін болса да ала аламыз ба? – деп сұрайды. Бұл сұрақты естіген Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына қарап: «Сендер бұдан артық сұрақ қойған әйелді бұрын-соңды көріп пе едіңдер?»-дейді. Сахабалары: «Я, Алланың Елшісі, әйел адам осындай сұрақ қояды деп ешқашан ойламап едік»,-дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) Әсмаға (р.а) бұрылып: «Мені жақсылап тыңда және мұны өзге әйелдерге де жеткіз. Егер әйел адам күйеуіне бойсұнып, оның үйдегі тірліктерін жасаса, көңілін тойдырып, оны разы етсе, онда ол да Алла жолында құлшылық етіп жүрген күйеуі секілді сауаптарға ие болады!»-дейді. Мұны естіген Әсманың жүзінде ерекше қуаныш, шаттық пайда болған еді. Көңілі көтерілген ол кетіп бара жатып қайта-қайта «Лә иләһә иллә Алла (Алладан басқа Құдай жоқ), «Аллаһу Әкбар (Алла Ұлы)» деумен болады... (Әбу Дәуд). Міне, бұл Алланың разылығына ұмтылған нағыз ақылды әйелдің жарқын мысалы еді.
4. Салиқалы әйел – ерінің дүниелік әрі діни істеріне көмектеседі.
عَنْ أبي أمامة رضي الله عنه، قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:(قلبٌ شاكرٌ ولسانٌ ذاكرٌ وزوجةٌ صالحةٌ تُعينُك على أمرِ دنياك ودينِك خيرُ ما اكْتَنَزَ الناسُ)
Абу Умамадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (ﷺ) былай деген:
«Шүкір етуші жүрек, Алланы еске алатын тіл және сенің дүниелік әрі діни істеріңе көмектесетін салиқалы әйел, адамдар жиған-терген қазынадан әлдеқайда хайырлы».
5. Салиқалы әйел – ерін бақытқа жетелейді.
عن سعد بن أبي وقاص رضي الله عنه قال :قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:)مِنَ السَّعَادَةِ: الْمَرْأَةُ الصَالِحةُ تَرَاهَا تُعْجِبُكَ، وَتَغِيبُ فَتَأْمَنُهَا عَلَى نَفْسِهَا، وَمَالِكَ، وَمِنَ الشَّقَاوَةِ: الْمَرْأَةُ تَرَاهَا فَتَسُوءُكَ، وَتَحْمِلُ لِسَانَهَا عَلَيْكَ، وَإِنْ غِبْتَ عَنْهَا لَمْ تَأْمَنْهَا عَلَى نَفْسِهَا، وَمَالِكَ (أخرجه ابن حبان، والحاكم في المستدرك برقم (2/ 175 (
Сағд ибн Әби Уақастан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (ﷺ) былай деп айтқан:
«Бақытқа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңді көтеретін, жоқ болғаныңда оған оның өзін және мал-мүлкіңді сеніп тапсыра алатын салиқалы әйел. Ал бақытсыздыққа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңе қаяу түсіретін, тілімен саған қарсы шығатын және жоқ кезіңде оған оның өзін әрі дүние-мүлкіңді сеніп тапсыра алмайтын әйел».
Имам әл-Мунауи жоғарда келтірілген хадистің: «Қарағаныңда көңіліңді көтеретін, жоқ болғаныңда оған оның өзін және мал-мүлкіңді сеніп тапсыратын салиқалы әйел» деген сөздеріне қатысты былай деді: «Ол сенің жоқ кезіңде өзге ер кісілермен зина немесе бір жынысты қатынас (лесбияндық) күнәсін жасау және өзінің жабылуы тиіс болған жерлерін бөтен біреулерге көрсету сияқты т.б. жағымсыз, арсыз іс-әрекеттер жасамайды». Ал «қарағаныңда көңіліңе қаяу түсіретін» деген сөздеріне қатысты былай деді: «Оның сыртқы келбеті мен іс-әрекеттері себепті».
Сонымен қатар, осы тақырыпқа қатысты Пайғамбарымыз (ﷺ) басқа хадисінде былай деген болатын:
عن سعد بن أبي وقاص رضي الله عنه عن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال:(مِنْ سَعَادَةِ ابْنِ آدَمَ ثَلاَثَةٌ، وَمِنْ شِقْوَةِ ابْنِ آدَمَ ثَلاَثَةٌ، مِنْ سَعَادَةِ ابْنِ آدَمَ الْمَرْأَةُ الصّالِحَةُ، وَالْمَسْكَنُ الصّالِحُ، وَالْمَرْكَبُ الصّالِحُ، وَمِنْ شِقْوَةِ ابْنِ آدَمَ، الْمَرْأَةُ السّوءُ، وَالْمَسْكَنُ السّوءُ، وَالْمَرْكَبُ السّوءُ) روى ابن حبان في صحيحه (4032) وأحمد في مسنده (1448).
«Адам баласын бақытты қылатын және бақытсыз ететін үш нәрсе бар. Адамды бақытты қылатын үш нәрсе: ізгі әйел, жайлы үй және жақсы көлік. Ал адамды бақытсыз ететін үш нәрсе: жаман әйел, жайсыз үй және жаман көлік».
6. Жақсы әйел – күйеуін жақсы көреді, оған мойынсұнады.
عن أبي أذينة الصدفي أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: (خَيْرُ نِسائِكُمُ الوَدُودُ الوَلودُ، الْمُوَاتِيَةُ، الْمُوَاسِيَةُ، إذا اتَّقَيْنَ اللهَ، و شَرُّ نِسائِكُمُ الْمُتَبَرِّجَاتُ الْمُتَخَيِلاتُ، وهُنَّ الْمُنافِقَاتُ، لا يدخلُ الجنةَ مِنْهُنَّ إلَّا مثلُ الغُرَابِ الأَعْصَمِ) أخرج البيهقي في " السنن الكبرى " (13478).
Әбу Узайна әс-Садфи (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ) былай деген:
«Әйелдеріңнің ең жақсысы – күйеуін жақсы көретін, жиі бала туатын, ерін мақұлдайтын әрі оған бойұсынатын әйелдер. Ал әйелдеріңнің ең жаманы – өзінің сұлулығын басқаға көрсететін және менменшіл-тәкаппар әйелдер. Олар – екіжүзді мұнафықтар тәрізді. Олардың тек, тұмсықтары немесе аяқтары қызыл түсті шәуқарғаларға ұқсаған аз бөлігі ғана жұмаққа кіреді».
Имам әл-Мунауи жоғарда келтірілген хадистегі: «Олар –екіжүзділер» сөзіне қатысты былай деген:
«Яғни, соларға ұқсап еліктейді. Олар ақ дақтары бар шәуқарғаға теңестірілген себебі – олардан жұмаққа кіретіндері өте аз. Себебі мұндай шәуқарғалар өте сирек кездеседі».
8. Ізгі әйел – көркем мінезді болады.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قِيلَ لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ النِّسَاءِ خَيْرٌ؟ قَالَ: الَّتِي تَسُرُّهُ إِذَا نَظَرَ، وَتُطِيعُهُ إِذَا أَمَرَ، وَلَا تُخَالِفُهُ فِي نَفْسِهَا وَمَالِهَا بِمَا يَكْرَهُ .رواه النسائي (3131)
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздан (ﷺ) бір кісі:
«Қандай әйел ең жақсы?», – деп сұрағанда, Ол (ﷺ): «Күйеуі оған қарағанда, оны қуантатын; ол оған бір нәрсе бұйырғанда, мойынсұнатын, өзіне және өзінің мал-мүлкіне қатысты бір нәрсе ұнамай тұрса да күйеуіне қарсы келмейтін әйел», – деп жауап берді».
Бұл хадистен түсінгеніміз, мұсылман әйел өзінің мал-мүлкін өз қалауы бойынша жаратуға толық қақысы бар. Сонымен қатар күйеуі әйелінің жеке мүлкіне иелік ете алмайтындығы да белгілі. Десе де, парасатты әрі салиқалы мұсылман әйел дүниесін қалай жарататындығы және не нәрсеге жұмсайтындығы жөнінде күйеуімен ақылдасқаны жөн. Себебі мұндай мінез тек жақсы әйелдің бойынан ғана табылатындығы ақиқат. Сондай-ақ мұндай әрекет, күйеуінің әйеліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсері анық.
Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) былай деген:
«Ер кісі, Аллаға иман келтірген соң, күйеуін жақсы көретін және көп бала туатын көркем мінезді әйелден артық еш нәрсе иеленген емес! Сонымен қатар ер кісі, Аллаға күпірлік келтірген соң, нашар мінезді және ашшы тілді әйелден жаман еш нәрсеге қол жеткізген емес!»
9. Салиқалы әйел – ең бірінші болып татуласады.
روي من حديث أنس وابن عباس وكعب بن عجرة رضي الله عنهم، عن النبي صلى الله عليه وسلم فيه أنه قال: (أَلَاْ أُخْبِرُكُم بِرِجَالِكُم فِي الجَنَّةِ ؟ !النَّبِي فِي الجَنَّةِ، وَالصِّدِّيقُ فِي الجَنَّةِ، وَالشَّهِيدُ فِي الجَنَّةِ، وَالمَوْلُودُ فِي الجَنَّةِ، وَالرَّجُلُ يَزُورُ أَخَاهُ فِي نَاحِيَةِ المِصْرِ - لَاْ يَزُورُهُ إِلَّا لِلَّهِ - فِي الجَنَّةِ .أَلَاْ أُخبِرُكُم بِنِسَائِكُم فِي الجَنَّةِ؟! كُلُّ وَدُودٍ وَلُودٍ ، إِذَا غَضِبَت أَو أُسِيءَ إِلَيهَا أَو غَضِبَ زَوجُهَا ، قَالَت: هَذِه يَدِي فِي يَدِكَ، لَاْ أَكْتَحِلُ بِغُمضٍ َحتَّى تَرضَى) أخرج الطبراني في الكبير (19/14).
Әнастың, Ибн Аббастың және Қағб ибн Ужраның (Алла оларға разы болсын) сөздерінен Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқаны риуаят етілді:
«Сендерге жұмақ иелерінен болатын еркектерің жайлы хабар берейін бе?! Пайғамбар жұмақтық, шыншыл жұмақтық, шәһид жұмақтық, қайтыс болған сәби жұмақтық, ауыл-аймақтыың шетінде тұратын мұсылман бауырын тек Алланың разылығы үшін ғана зиярат еткен ер жұмақтық. Ал енді сендерге жұмақ иелерінен болатын әйелдерің жайлы хабар берейін бе?! Күйеуін жақсы көретін, көп бала туатын және күйеуі оған зұлымдық қылған кезде немесе өзі күйеуін ашуландырған уақытта күйеуінің қолын ұстап тұрып: «Сен разы болмайынша, мен көзімді ілмеймін!»,-деп айтатын әйел».
Алла Тағалаға мақтаулар болсын! Бұл қандай керемет хадис! Біздің заманымызда осынау хадистің мән-маңызын ұғынып, амалға асыратын әйелдер бар ма?! Әлде біздің қоғамымызда әрдайым жақсылық жасап келіп, кейде ағаттық жасап қойған кезде: «Мен сенен ешбір жақсылық көрмедім!»,-деп айтатын мұсылман әйелдер ғана қалғаны ма?! Шынымен-ақ, өзі кінәлі бола тұра: «Сен разы болмайынша, мен көзімді ілмеймін!»,-деп кешірім сұрайтын әйелдер бар ма екен шіркін?!
Имам әл-Мунауи осы хадис турасында былай деген екен:
«Кез-келген мүмін әйел осы айтылған сипаттармен ерекшеленетін болса, онда ол жұмақ иелерінің қатарынан болады. Алайда, әйелдердің арасында мұндай қасиеттермен ерекшеленетіндер өте аз. Себебі салиқалы әйел – ақ дақтары бар шәуқарға сияқты өте сирек кездеседі».
10. Ізгі әйел – әрдайым сабырлық танытады.
Әйел кісі тіпті өзінің қызғанышын тежеудегі сабырлығы үшін де үлкен сый алады. Муджаһид (Алла оған разы болсын) былай дейтін:
«Алла жолындағы күрес еркектерге бұйырылды, ал қызғану әйелдерге бұйырылды. Сондай-ақ сабырлық танытатын әйел, Алла жолында күресуші кісі алатын сауаптың жартысына ие болады»16.
Алла Тағала салиқалы әйелдерге нендей игілік жасап жатқанына барынша зер салу қажет. Себебі Жаратушы Иеміз әйел кісінің күйеуіне бағынуы мен еріне деген жақсы қарым-қатынасының есесіне үлкен сауаптар әзірлеп қойған. Жоғарда келтірілген хадистерді ұғынып, мұсылман әйел күйеуіне қатысты қырсықтық сияқты т.б. көптеген жаман қылықтардан ада болып, күйеуінің разылығына қол жеткізумен Раббысының алдында жетістікке жетуге тырысуы қажет.
11. Салиқалы әйелдің – өмірлік ұстанымы үнемшілдікке негізделіп, ысырапшылдыққа жол бермейді.
Бұл жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُوا إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ ۖ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا
«Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!»
Келесі басқа аятта Жаратушы Иеміз былай дейді:
كُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُوا ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ
«(Алланың өздеріңе берген нығметінен) ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды».
Сондықтан мұсылман әйел үйіндегі тұрмыстық жағдайына қатысты кез-келген мәселеде күйеуінің қолынан келмейтінді емес, керісінше шамасы келетін нәрселерді талап еткені дұрыс болады. Себебі біздің өмір сүріп жатқан заманымызда адамдар қызыға қарайтын игіліктер мен қатты маңызды болмаған қымбат әрі арзан дүниелер өте көп. Ал бұл өмірде адам баласы осы аталған қатты маңызды болмаған тұрмыстық қажеттіліктерсіз ақ бақытты ғұмыр кешуге қауқарлы. Өйткені Алла Тағаланың құзырында адамның тұрмыстық жағдайының кемел болғандығы емес, имани құндылықтардың толық болғаны аса маңызды.
12. Жақсы әйел – күйеуін жоғары бағалайды.
Ата ибн Рабах Сағид ибн әл-Мусайябтың (Алла оған разы болсын) қызы былай дегенін риуаят етті:
«Сендер әмірлеріңнің алдында өздеріңді қалай ұстаған болсаңдар, біз де күйеулеріміздің алдында өзіміді тура солай ұстайтынбыз!».
Ертеде бір кісінің үйіне досы қонаққа келіпті. Өзі кедей болса да қонақжай жігіт әйеліне: – Қонаққа қарбызды әкел,-деп бұйыра сөйлейді. Әйелі барып, «Салқындасын» деп шатыр астына қойған қарбызды ала келеді. Күйеуі: – Басқасын әкел! Бұл жарамайды,-дейді. Әйел үнсіз барып, басқасын әкеледі. Бұл жағдай бірнеше қайталанады. Бұған таңданған досы: – Бәрі бірдей ғой, әйеліңді неге әуреге саласың?-деп сұрайды. Сонда үй иесі: –Негізі, үйде осы жалғыз қарбыздан басқа – ештеңе жоқ. Әйелім күні бойы бір қарбызды әкеліп жүр. Онысы – менің абыройымды түсірмеу, сөзімді екі етпеу! Егер, ақылсыз әйел болғанда сол кезде-ақ, «Осыдан басқа – қарбыз жоқ қой. Неге жұмсай бересің?» дер еді,-деген екен. Әйелінің салиқалығына таңданған досы қатты риза болыпты.
Қорытынды
Қорытындылай келе, Алла Тағаладан біздің Құран аяттары мен Алла Елшісінің (ﷺ) хадистерін оқып, естігенде құр тәнті болумен ғана шектеліп қалмай, амал етуімізді нәсіп етсін деп тілейік! Суфиян ибн Уяйна былай деген екен: «Жақсы мен жаманды білетін кісінің барлығы ақылды емес. Ақиқатында, ақылы бар адам – жақсылықты көріп, соған ілеседі, жамандықты көріп, одан алыстайды!».
Жалпы Алла Тағала бізге алдыңғы буын (сәләф салих) мұсылман ғалым-ғұламалары арқылы бір ай жол жүріп игерілетін ғылым-білімге қол жеткізуді жеңілдетті. Алайда, өкінішке орай, бұл жағдай қазіргі қоғамдағы көптеген мұсылмандардың алдыңғы буын өкілдерінің мирас етіп қалдырған білімдерін құнттамауға, бағаламауға әкеп соқтырды. Олай болса баршамыз, мейілінше қол жетімді етіліп, жеңілдетілген білімді қадірлеуге, игеруге, амалға асыруға асығайық!
Имам әл-Хатыб әл-Бағдади былай деген: «Амалдар – жетістікке жету үшін жүзеге асырылғандай, білім де, соған сай амал етілу үшін игеріледі. Егер де, білім амалға асырылмайтын болса, онда ол, иесі үшін ауыр жүкке айналады».
Қазіргі уақытта ер кісілер көбінесе өздерінің маңызды хақылары жайлы айтылған хадистерді айрықша пайдаланып, алайда өздері әйелдерінің алдындағы тиісті міндеттерін орындамайтыны және мұсылман әйелдер де тек өздеріне қатысты күйеулерінің жақсы қарым-қатынас жасап, сабырлық танытуға ынталандыратын хадистерді ғана пайдаланып, алайда өздерінің күйеулеріне қатысты орындаулары тиісті болған міндеттерді атқарудан қашқақтайтындығы да өте жие кездеседі!
Сондықтан Алла Тағала бізді мұндай селқостықтан сақтап, ақиқатты ести салысымен соған қарай ілесетін және соны жүзеге асыру үшін, өзінің нәпсісі қалауларымен күресетін мүмін мұсылмандардан етсін!
Адалдық пен арамдық жайлы терең ілімі бар сахаба – Мұғаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) былай деген: «Қалағандарыңша білім үйреніңдер, алайда сол білімге сай, амал етілмейінше, Алла Тағала сендерге ол білімнен еш пайда бермейді!».
Сөз соңында әлемдердің Раббысы – Алла Тағалағаға мақтау-мадақтар болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (ﷺ), оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және оларға ықыласты түрде ерген барша мұсылмандарға Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Алла Тағала дін Исламға қуат, халқымызға амандық, елімізге тыныштық, қоғамымызға салиқалылықты нәсіп етіп, мемлекетіміздің тұғырын биік, тәуелсіздігімізді баянды қылғай!
1 Тин сүресі 4-аят.
2 Ниса сүресі, 1-аят.
3 Бақара сүресі, 228-аят.
4 Ахзаб сүресі, 35-аят.
5 Тахрим сүресі, 5-аят.
6 Имам Муслим риуаят етті.
7 «әл-Муфхим» 4/221.
8 Имам Ахмад риуаят етті.
9 Әл-Байһақи «Шуғабул-иман», «Сахих әл-жәмиғ» 4285.
10 Имам Ибн Хиббан және имам әл-Хаким «әл-Мустадрак» 2/175 еңбегінде риуаят етті.
11 («Фәйдул-қадир» 3508.
12 Имам Ахмад «Муснад» кітабында, имам Ибн Хиббан «сахих Ибн Хиббан» кітабында риуаят етті.
13 Имам әл-Бәйһақи «Сунанул-кубра» 13478 еңбегінде риуаят етті.
14 («Фәйдул-Қадир» 4092.
15 Имам ән-Нәсәи (3131) риуаят етті.
16 Ибн Әби Шәйба 4/308, әл-Бәйһақи 7/82 риуаят етті.
17 Имам әт-Табарани «әл-Кәбир» 14/307 еңбегінде риуаят етті
18 («Фәйдул-Қадир» 2867
19 Ибн Әби әд-Дуня «Китаб әл-ғиял» 551.
20 Исра сүресі, 27-аят.
21 Ағраф сүресі, 31-аят
22 Ибн Әби әд-Дуня «Китаб әл-Ғиял» 546.
23 «әл-Хилия» 8/339.
24 «Таһзибу иқтида әл-ғилм» 6.
25 Ибн әл-Мубарак «әз-Зуһд» 21, Абу Дауд «әз-Зуһд» 196.