Сәби бүлдіріп (кіш етіп) қойса, ашуланбаңыз...
Сәби бүлдіріп (кіш етіп) қойса, ашуланбаңыз...
3 жыл бұрын 7053

Бала екі-үш жастан кейін барып өз еркімен дәретке отыра бастайды. Сондықтан бала осы жасқа толғанға дейін сабырлылық танытқан жөн. Кейбір балалар ерте үйретілгенімен, оқта-текте олар да әдетінен жаңылып жатады. Себебі, ол әлі кіші дәрет пен үлкен дәретке отыруды саналы түрде қадағалай алмайды. Сондықтан сәбилер алғашқы жылдарында кіші дәретін ұстауды білмейді. Өкінішке орай, бұл жағдай көбіне ата-ананың ашуын тудырып жатады.

Осындай  жағдайларда  Пайғамбарымыздың  өзін  қалай  ұстағаны  барлық  ата-ана  үшін  өнеге  екені сөзсіз. Үнемі өзін бір қалыпты ұстаған ол немерелері не басқа кішкентай балалар сиіп қойса да ұрсу, жеку дегенді білмеген. Мысалы, Уммул-Фадл басынан өткен оқиғаны былай баяндауда:

«Мен  Хұсейін  ибн  Алиді  емізіп  жатқанымда Аллаһ  елшісі  (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм)   қасыма  келіп,  баланы сұрады. Қолына ұстатқаным сол еді, сәби үстіне сиіп  қойды.  Баланы  қайта  алмақ  болып  қолымды соза бергенімде: «Асықпа, бітірсін. Кедергі жасама» –  деді.  Ал  киімінің  былғанған  жерін  сумен  тазалап жіберді»[1].

Умму Сәләмә анамыз да осыған ұқсас бір оқиғаны  былай  баяндауда:  «Бір  күні  Хасан  мен  Хұсейін Пайғамбарымыздың  үстіне  кіші  дәретін  жіберіп қойды.  Олар  сиіп  болғанға  дейін  Пайғамбарымыз  еш нәрсе істемеді»[2]. Мұндай жағдайда балаларды дереу алмақ  болғандарға  «Балаларыма  кедергі  жасамаңдар» дейтін. 

Бір  күні  Пайғамбарымыз  бөлмесінде  ұйықтап жатқанда  үстіне  шыққан  немересі  Хасан  сие  бастайды. Баланы алу үшін Әнәс (р.а.) тұра ұмтылады. Сол сәтте оянған Пайғамбарымыз  (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) :

«Әй, Әнәс, жүрегімнің жемісі – балама тиіспе. Оған жапа көрсеткен маған жапа көрсеткенмен тең. Маған жапа көрсету – Аллаһ тағалаға жапа көрсетумен тең»[3] , – деп немересін еркіне қоя беруді айтады.

Сахабалар  кейде  балаларын  көтеріп  келетін. Пайғамбарымыз  оларды  қолына  алып  еркелетпек болғанда, кейбіреулері үстіне сиіп қоятын. Ата-аналары ыңғайсызданып,  балаларын  кері  алмақ  болғанда, Пайғамбарымыз  жайбарақат  қалпын  бұзбастан,  тек бір  ожау  су  сұрайтын.  Суды  баланың  сиіп  қойған жеріне төгетін. Баланың еркінен тыс болған іске ашу шақырмайтын. Баланы қорқытпау үшін сиіп болғанша күтетін.  Бұның  өзі  де  бала  тәрбиесі  тұрғысынан  өте маңызды. Себебі, бала бұлшық еттері жетілгенге дейін кіші  дәретін  ұстай  алмайды.  Бұндай  жағдайда  ұрсу, жеку баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Бұл жастағы балалар үшін ата-ананың ашулануы «мені тастап кетпей ме» деген қорқынышқа итермелейді. Әрі оған ұрысқан сайын керісінше сиіп қою үйреншікті жағдайға айналады. Тіпті бір күні сіздің ұрысқаныңызды, ашуланғаныңызды  елемейтін  жағдайға  да  әкелуі  ғажап емес.  Сол  себепті  мейлінше  сабырлық  таныта  білген абзал.  

Бала  екі  жастан  асқаннан  кейін  психологтардың  кеңестеріне құлақ сала отырып, оны кіші және үлкен дәретін қадағалауға үйретуге болады.

Құдайберді Бағашар, «Исламдағы бала тәрбиесі».


[1] әл-Хаким ән-Нисабури, әл-Мустәдрәк аләс-Сахихайн, III, 180-б.,Хайдарабад, 1335.
[2]  Ибн Хажәр, Фәтхул-Бари, I, 338-б.
[3]  Мәжмауз-зәуаид, I, 284-б.

0 пікір