Құран берекесіне кенеліңіз
Құран берекесіне кенеліңіз
13 күн бұрын 2173 islam.kz
Асылбек Әуезханұлы, филология ғылымының кандидаты, дінтанушы.

Иман шарттарының бірі – кітаптарға иман. Бұл шарт орындалмаса, ешкімнің де иманы кәміл болмайды. Бүгінгі қоғамның рухани ахуалын жақсартудың ең тиімді жолы – иманның осы шартына аса көп көңіл бөлу.

Ұлы Жаратушымыз әр түрлі дәуірлерде өмір сүрген түрлі-түрлі қауымдарға өзінің бұйрықтары мен тыйымдарын қасиетті кітаптар мен парақтар арқылы жіберіп отырған. Сол кітаптарда өмірде кездесетін кез келген түйткілдердің ең тиімді шешімдері баянетілген. Иләһи парақтардың нақты саны бізге беймәлім. Ал, қасиетті кітаптың саны төртеу. Олар: Зәбур, Тәурат, Інжіл, Құран. Біз, мұсылмандар, бұл төрт кітаптың барлығының Алла тарапынан адам баласына тура жолды көрсету үшін жіберілгендігіне кәміл сенеміз.

Алайда заман өте келе Құраннан бұрын түсірілген үш кітапқа адамдар тарапынан әр түрлі әдейі өзгертулер мен бұрмалаулар енгізілгені анық. Сондықтан оларды өмірлік басшылыққа алмаймыз. Құран түскеннен кейін өзге кітаптар негізге алынбайды, әрі амал етілмейді. Бұл жайлы аят, хадистерде көп айтылған. Сондықтан алдыңғы үш кітапқа көп тоқталмай, ең соңғы ақиқат кітап Құранға ғана тоқталамыз.

Құранның ең үлкен ерекшеліктерінің бірі – ол белгілі бір қауымға немесе тайпаға ғана емес, Қияметке дейінгі күллі адамзатқа арналған иләһи пәрмен болып саналады. Кейбіреулер Құранды ғана назарға алсақ, одан бұрынғы кітаптардың үкімдері қайда қалды деп ойлауы мүмкін. Шындығында, Құран – өзіне дейінгі түскен барлық парақтар мен кітаптарды қамтыған. Құран – санасы қанша жетілсе де ақыретке дейінгі келетін күллі адамзаттың барлық рухани әрі заттық сұраныстарына жауап беретін, жеке тұлғалық, қоғамдық әрі әлемдік барлық проблемаларына қатесіз толық шешім беретін, адамның санасы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды ашатын, екі дүниенің бақытын көрсетіп, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген қасиетті соңғы кітап.  

Иә, Құран бір кітап. Бірақ адамдардың қаламынан туған жай кітап емес. Құран – Алланың сөзі. Әр әрпіне қасиет тұнған кітап. Қысқасын айтқанда, жер жаһандағы ең қадірлі, ең қасиетті, әрі берекеге толы кітап. Өйткені онда бүкіл ғаламдарды жаратушы ұлы Алла тағаланың адам баласына жіберген ұлы хабары бар. Адам баласы қайтсем екі дүниеде бақытты болам деген сауалдың жауабын осы Құраннан таба алады. Құранның тәлімін басшылыққа алған адамдардың өміріне құт-береке дариды. Мысалы, не үшін Құран оқып, оның бұйрықтарына көңіл бөлетін үйде ұрыс-керіс болмайды? Өйткені онда Құран берекесі болады.

Сондықтан кейде Құран оқып отырып, өксігін баса алмай жылайтындарды көріп, естіп қаламыз. Олардың көңілін босатып, буынын жібітетін не дейсіз ғой? Ол – Құран кәрім аманатының осы ауырлығы.

Ал енді бір қызығы сол – қаншалықты қиын болса да, әлемнің әр бұрышындағы мұсылмандар бұл кітапты толығымен жаттап алуға, жүрегіне толық құйып алуға ықылас танытады. Африка мен Азияның түрлі ұлттары, Еуропаның қаншама мұсылмандары бұл кітапты жадында сақтауға көңіл қойып отыр. Мұны кездейсоқтық деп қарай аламыз ба?

Шариғатымызда Кәләм шәрифты жаттау былай тұрсын, оқудың өзі құлшылық саналатынына не дейсіз? Адамзат баласының ең ардақты тұлғасы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистері осыған шақырады. Мәселен, бір хадисте былай делінеді: «Кімде кім Құраннан бір әріп оқыса, оған бір жақсылық жазылады, ал әрбір жақсы амал үшін он сауап жазылады, мен “Әлиф, Ләм, Мимді” бір әріп деп айтпаймын, жоқ, “Әлиф” – бір әріп, “Ләм” – бір әріп және “Мим” – бір әріп». (ат-Тирмизи ).

Бұл Құранды оқушылар үшін. Ал оны оқи алмайтындар не істейді? Өздері оқуды үйреніп алғанша, өзгелердің оқуын тыңдайды. Әсіресе, қазіргі ғылым мен техниканың ғасырында небір қаз дауысты қарилардың Құран оқығанын үнтаспаға жазып алып тыңдауға мүмкіндік көп. Сөйтіп оны тыңдау арқылы құлшылық жасауға, Жаратушымыздың рақымына бөленуге болады.

Бұл туралы Құранда былай делінеді: «Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Осылайша рақымға бөленерсіңдер» («Ағраф» сүресі, 204-аят).

Құранды тыңдаудың өзі мұсылман баласы үшін Алланың рақымына қол жеткізуге себепкер. Жалпы, Құранның мұсылман баласына берер пайдасын санап тауысу мүмкін емес. Мысалы, хадистерінің бірінде Алла елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Егер адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, Құран оқып, оны өзара талқылайтын болса, оларға міндетті түрде жан тыныштығы түседі және оларды рахымшылық бүркеп періштелер қоршауына алады. Алла оларды Өзінің құзырындағылар жанында еске алады», – дейді (Мүслим).

Құран – берекелі және құтты кітап. Құранда Алла тағала: «Бұл – біз құтты етіп түсірген Кітап» («Әнғам» сүресі, 92-аят) деп осы ақиқатты жеткізген. Оның құттылығы мен берекесі жақсылап оқуда, үкімдерін орындауда, нұсқаулары бойынша өмір сүруде. Ол, әсіресе, қоғамдық ауруларға, әлеуметтік дерттерге, ақыл мен нәпсінің ауруларына ем.

Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Әй, адамдар! Сендерге Раббыларыңнан бір үгіт, жүректегі нәрселеріңе бір шипа, имандылар үшін сенімді бастаушы және рақым келді» («Юнус» сүресі, 57-аят). Байқап қарасақ, аятта «жүректегілерге бір шипа» делінген. Демек, ол ең алдымен, жүректерге дауа.

Жалпы алғанда, Құран – мұсылмандар үшін дүние ісінде де, ақырет ісінде де назарға алынатын басты бағыт, жол-жоба, жөн-жосық. Ол жеке адамды да, отбасын да, қоғамды да мәңгілік ізгілік пен бақытқа жетелейді. Жеке адамдар да, отбасылар да оны өмірлеріне шамшырақ етіп ұстануға тиіс.

Құранның мінезін өзіне әбден сіңіріп алғанша, оның әдептерін тал бойына қалыптастырғанша тынбай әрекет етуі керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осылай жасаған жоқ па еді? Айша анамыздың айтуынша, оның мінезі Құран болды. Ал кімде кім Мұхаммед пайғамбарымыздың мінезін өз бойына дарытқысы келсе, Құранды оқып, соның мінезін үлгі етуі керек.

Мәселен, қасиетті кітаптың «Бақара» сүресінде ә дегеннен-ақ тақуалық мінезі баяндалады. Сондай-ақ «Әнфал» және «Хұжурат» сүрелерінде мүминдердің сипаты, «Фурқан» сүресінің аяқ тұсында Рахманның құлдарының жүріп-тұруы сипатталған. Не үшін? Бізге үлгі болуы үшін!

Сөз соңында, Алладан тілеріміз, баршамыздың иманымызды арттырсын. Жаны таза, жүрегі таза, ықыласты құлдарының қатарына қоссын.


 Асылбек Әуезханұлы, "Жанұя жарасымы". 

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: