Дін ғалымдары әрдайым Алла Тағаланы еске алып жүруді кеңес етеді, зікірде болуды. Себебі, Алла Тағаланы еске алуда адам жанына тыныштық, өмірге береке беретін ұлы күш бар.
Ұлы Жаратушы Алла Тағала Өзінің Қасиетті Кітабында Алланың еске алудың, оған зікір-таспихат айтудың маңызын және оның жүрекке тигізер әсерін мен мұсылманға тигізер пайдасын бірнеше рет баса айтқан:
1. Жүректің тыныштығы:
«Біліңдер, жүректер тек Алла Тағаланы еске алумен ғана тыныштық табады.» ($Рағд$ сүресі, 28-аят)
Кейде адамның жаны тыныштық таппай, мазасызданғанда, оны тек Алла Тағаланы еске алу ғана орнықтырып, жанға сабыр береді.
2. Алла Тағаланың еске алуы:
«Мені еске алыңдар, мен де сендерді еске аламын.» ($Бақара$ сүресі, 152-аят)
Бұл – адамға берілген ең үлкен мәртебе. Егер пенде Раббысын еске алса, Раббысы оны еске алып, оған рақым етеді.
3. Көп зікір етуге бұйрық:
«Әй, иман келтіргендер! Алла Тағаланы көп еске алыңдар. Әрі оны таңертең және кешке дәріптеңдер (мадақтаңдар).» ($Ахзаб$ сүресі, 41-42 аяттар)
Зікірді тек қиын сәтте ғана емес, күнделікті өмірде, таңертең күн шыққанда және кешке күн батқанда да көп айтқан абзал.
4. Дүниелік істерге шамадан тыс
«Әй, иман келтіргендер! Сендерді мал-дүниелерің де, бала-шағаларың да Алла Тағаланы еске алудан (зікірден) алаңдатпасын.» («Мүнафиқун» сүресі, 9-аят)
Мұсылманды өмірдің қызығы, байлығы, тіпті бала-шағасы да басты мақсаттан, яғни Жаратушыны еске алудан, оған шүкіршілік етіп, мінәжат етуден ауытқытпауы керек. Өйткені, осының бәрін оған беріп жатқан Құдай Тағала.
5. Ұмытқан сәтте еске түсіру:
«Ұмытып кеткен сәтіңде Раббыңды еске ал.» («Кәһф» сүресі, 24-аят)
Қиыншылықтағы зікір:
«Әй, иман келтіргендер! Егер бір топпен (жаумен) кездессеңдер, мығым болыңдар (төзімділік танытыңдар) және Алла Тағаланы көп еске алыңдар (көп зікір етіңдер), сонда сендер құтылуларың мүмкін.» («Әнфал» сүресі, 45-аят)
Ең ауыр, қауіпті сәттерде, соғыста немесе үлкен сынақ кезінде де зікір – жеңіске жетелейтін рухани қару.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Алланың еске алу жайындағы насихаттары
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын) зікірдің құндылығын ең жоғары дәрежеде сипаттап, оны мүмін үшін керекті амал ретінде көрсетті. Ол (с.а.у.) бір асыл сөзінде былай деген:
«Раббысын еске алатын (зікір ететін) адам мен Раббысын еске алмайтын адамның мысалы – тірі мен өлінің мысалындай». (Сахих хадис)
Бұл дегеніміз, Зікір етпейтін жүрек – жансыз, өлі сияқты. Ал зікір еткен жүрек – тірі, нұрға толған жүрек.
Тағы бір сөзінде былай дейді:
«Сендерге амалдарыңның ең жақсысын, әрі Жаратушыларыңның алдындағы ең тазасын, әрі алтын мен күмісті (Алла жолына) жұмсаудан да қайырлысын, әрі дұшпанмен кездесіп, олардың мойындарын шауып, олар сендерді шапқандағы жағдайдан да маңызды нәрсені айтайын ба?» – деп сұрады. Сахабалар: «Әрине, айтыңыз, уа, Алланың елшісі!» – деді. Сонда Алла елшісі: «Ол – Алла Тағаланы зікір ету», – деді. (Сахих хадис)
Пайғамбар (с.а.у.): «Муфәрридундар (озып кетушілер) озды», – деді. Сахабалар: «Уа, Алла елшісі, «муфәрридундар» деген кімдер?» – деп сұрады. Ол: «Алла Тағаланы көп еске алушы ерлер мен әйелдер», – деді. (Сахих хадис).
Бірде Пайғамбарға (с.а.у.) бір қарт кісі келіп: «Уа, Алла елшісі! Исламның шариғаттары (заңдары) мен үшін көп болып кетті, мен қартайдым, маған амал етуге оңай бір нәрсені айтыңызшы», – деді. Пайғамбар (с.а.у.) оған: «Тілің әрдайым Алла Тағаланы зікір етумен ылғалды (таза) болсын», – деді. (Сахих хадис). Яғни, көп Алланы зікір етіп жүр дегендік.
Зікір – орындауға ең жеңіл, бірақ сауабы мол амал. Оны басқа қосымша нәпіл құлшылықтарды орындау ауыр келетін қарт адамдар да оңай орындай алады. Сондықтан да, зікірді жиі айтып, Алланы естен шығармайық, ағайын!