Бүгінгі күні елдегі дін саласындағы бірқатар келеңсіздіктерді реттеу мақсатында бірқатар заңнамалық актілерге бірқатар толықтырулар мен өзгерістер енгізу жоспарлануда. Соның бірі «Неке және отбасы» кодексіне енгізілетін өзгеріс. Бүгінде кәмелетке толмаған жас қыздардың некеге мәжбүрленуі де кездесіп отырғаны шындық. ҚР Әділет министрлігінің статистикасы бойынша, соңғы 10 жылда діни негізде неке қидырғандар саны 30 мыңнан асқан. Бұл туралы жуырда ҚР Президенті жанындағы әйел істері және отбасылық демографиялық саясат туралы Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова былай дегені мәлім: «Зерттеулер кейінгі кезде ұмытылған кәмелетке толмаған жас қыздарды некеге күштеу фактілерін анықтады.
Қазақстанда 15 пен 18 жас арасындағы қыздардың шамамен 5 пайызы қазірдің өзінде некеде тұр, олардың көпшілігі қылмыс болып саналса да күштеу арқылы күйеуге берілген». Қазақстан Әйелдері лигасының мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 3000 ерте неке қиылады екен. Ескеру керек, бұл тек ресми дерек. 15 жасқа толмаған қыз балалардың 50-60 пайызы зорлыққа ұшырауда. Бұған 18 жасқа толмай бала көтерген жас аналардың сәбиінің көз жұму қаупі 60 пайызға жоғары екендігін де қосыңыз. Бұл тек Қазақстандық проблема емес. Бүгінде оған халықаралық ұйымдар да алаңдаушылық танытуда. Атап айтқанда, әлем бойынша жыл сайын 10 миллион кәмелеттік жасқа толмаған қыз бала күштеу мен зорлық-зомбылықтың салдарынан тұрмыс құратыны туралы мәлімет Біріккен ұлттар ұйымының деректерінде кездеседі. «Әлемде 20 жастан 24 жасқа дейінгі жас келіншектердің 10 пайызы 15 жасқа толмай күйеуге шыққан. Тіпті Африка аумағы, Үндістанда бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды» дейді БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының субаймақты кеңсесінің директоры Николай Ботаев.
Ал БҰҰ балалар қорының Қазақстандағы өкілі Джун Кукитаның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған қыз балалармен некеге тұрған азаматтардың көрсеткіші жағынан елімізде Ақмола, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы орында тұр. Некеге қатысты тағы бір келеңсіз жайт, АХАТ бөліміне бармастан тек діни некемен шектелу жағдайлары. Көп жағдайда әуелі діни неке қиылып, ресми АХАТ бөліміне баруды кейінге қалдырып жатады.
Дегенмен осы тек діни неке қидырып қана үйленумен шектелу ешқандай құқықтық жауапкершіліктер жүктемейтіні баршаға аян. Осының салдарынан кейбір мұсылмандар арасында діни некеге көбірек иек артып, бұған жүрдім-бардым қараушылық кездесіп отырғаны жасырын емес. Мешітте неке қидыруды олар жеңіл көріп, қаласа талақ айтып тастап кетумен қаракөз қыз-келіншектердің тағдырын тәлкек етуде. Бүгінде аз ғана уақыттың ішінде бірнеше күйеуге тиіп үлгерген әйел азаматшалардың кездесіп отырғанын білеміз. Барлығында да тек діни неке қиюмен шектелуде. Ал діни неке бұзылған жағдайда олар ешқандай құқықтық жауапкершілік алмауда. Нәтижесінде әйел кісілер көз жасын көлдетіп, балаларын жетектеп, жалғыз өзі өмірдің бар тауқыметін тартумен болады. Өкініштісі, бұл жағдайлар діндар болып көрінген кейбір азаматтардан байқалуда. Анығында мұсылмандық некеге қатысты келеңсіз жайттардың орын алып келе жатқанына да біршама уақыт болды. Шариғат бойынша үйленетін кісілерге некенің бірнеше шарты бар: Бірінші шарты: ерлі-зайыптының осы некеге, бір-бірімен үйленуге келісімін білдіруі. «Тұрмысқа шығуға келісемін» дегендей сөзді нақты айту арқылы бұл некеге ризашылығын білдіруі тиіс. Екінші шарты: неке қию барысында ең кемі екі куәгер қатысуы. Екеуі де мұсылман ер кісі не бір ер кісі, екі әйел адам болуы тиіс. Үшінші шарты: қызға сұраған сыйлығын (махр) беру. Қалыңдық сыйы да делінеді. Шариғаттағы шарттары осындай болғанмен ата-анасының рұқсатынсыз не олардан жасырып жастардың неке қиюы салдарынан мешіт имамдары тағы бір шартты қосып айтуға мәжбүр болған болатын. Ол қыз бала неке қидырмақшы болғанда әке-шешесі міндетті түрде ол жағдайдан хабардар болуы, осы некеге келісімін беруі, яғни неке қиыларда сол жерде ата-ананың да қатысуы не келіскендігі туралы кепілдігі, ол болмаған жағдайда өзінің ризашылығын білдіретін өкіл кісіні жіберуі талап етілетін.
Өкінішке қарай, діндар болып көрінген кейбір азаматтар дінді біле тұра осындай қадамға барады. ҚМДБ өкілі имам Ә. Дәуренбековтың пікірінше, ол азаматтар бәрін де біле тұра саналы түрде жасап отыр. Білмесе мешіт имамдарынан сұраған болар еді. Ондай санасы таяз адамдар құдайдан қорықпайды, жақсы ұрпақ сүйейін, өнегелі отбасын құрайын демейді, ислам атын жамыла отырып, нәпсіқұмарлықпен қыздарды қорлауды әдетке айналдырған. Керек десеңіз, бір-біріне «Мен пәленшені талақ еттім, сен соны алып ал» деп хабар салады. Ондай жігіттерге бірнеше рет үйленіп, ажырасу әшейін нәрсе болып қалған. Шариғатты осылай ойыншыққа айналдыруда. Сорақысы сол, осындай жағдайда мешітке жылап келетін қыздардың қатары көбейген. Айтпағымыз, некеге зорлық жүрмеуі тиіс. Кәмелет жасқа толмаған қызды күйеуге беру, алып қашу арқылы некеге тұру, неке қидыруға күштеу ол Қазақстанның да, халықаралық та заңдарға сыймайды. Ол болашақ әйелдердің денсаулығына және әлеуметтік саулығына орасан зиян әкеледі. Осы тұрғыда Дін істері жәні азаматтық қоғам министрлігінің «Неке және отбасы» кодексіне тиісті норма енгізуді мәселе етіп көтергені құптарлық. Министрлік ұсынған нормада діни неке қию үшін әуелі АХАЖ орнының ресми куәлігі болуы міндеттелмек еді. Дей тұрғанмен қоғамдық тыңдаудан кейін ол норма қабылданбады. Яғни мешітте діни неке қию АХАЖ орнының ресми куәландыруынан кейін жүзеге асуы тиіс деген бап қолдау таппады. Ол әрине бірқатар келеңсіздіктерге тосқауыл қою мақсатында көтерілген болатын. Қалай дегенде де ел ішінде қыз балалардың құқықтарын қорғаудағы халықаралық және қазақстандық заңнаманы кең таныстыру; діни және мәдени стереотиптерге байланысты мәселелерді уақытымен көтеру; сондай-ақ репродуктивтік денсаулықты қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты, ерте және күштеп қиылатын некелердің алдын алу мақсатында жасөспірімдермен педагогикалық шаралар ұйымдастыру және ата-аналар мен тұрғындарға осы жайттарды түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізу расында аса қажетті.
Бағашаров Құдайберді,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
Философия және саясаттану факультеті,
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы