Пайғамбарымыздың тамақ жеу әдебі
Пайғамбарымыздың тамақ жеу әдебі
5 жыл бұрын 9115

Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм) зүһдке (дүниеге қызықпаушылық) толы өмір сүргендіктен, тапқанын ішіп-жейтін және көпшілікпен бірге тамақтануға құмар еді. Тамақ келгенде жерге тізерлей отырып, бисмиллә айтып жейтін.

«Мен құлмын (Алланың құлымын), сондықтан құл секілді ішіп-жеймін», - дейтін Ол (с.а.у.)[1].

Пайғамбарымыз тамақты ыстықтай жемейтін, ондай ыстық тамақта береке болмайтынын айтып отыратын.

«Ыстық тамақта береке жоқ. Алла Тағала бізге от жегізбейді. Сондықтан тамақты суытып ішіңдер», - дейтін.[2]

Тамақты үш саусақпен, кейде төртінші саусағын да пайдаланып, әрқашан өзінің алдынан жейтін. Екі саусақпен де жеуді ұнататын. Тамақ кезінде кейде пышақты да қолданатын.

Бір күні Әзіреті Осман (радияллаһу анһ) Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) палузә деген тамақ әкелді. Пайғамбарымыз жеп болған соң: «Бұл қандай тамақ және қалай жасалады?» - деп сұрайды. Әзіреті Осман (радияллаһу анһ):  «Ата-анам сенің жолыңда құрбан болсын, уа, Расулаллаһ! Май мен балды табаға салып, отта ерітеміз. Сосын бидай ұнын табаға саламыз. Бұдан кейін қатайғанша араластырамыз. Сосын, міне, көріп отырғаныңыздай «хәлуә» (тәтті) шығады», - деп жауап береді. Алла Елшісі: «Шынымен, дәмді тамақ екен!», - дейді[3].

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) еленбеген арпа ұнынан жасалған нанды жейтін. Қиярды жаңа піскен құрмамен және тұзбен жегенді жақсы көретін.

Жеміс-жидектерден ең жақсы көретіні кептірілмеген құрма, қауын, қарбыз және жүзім тұғын. Кейде жаңа піскен құрма жейтін. Қарбызды шекермен, нанмен жейтін. Қауын-қарбызды екі қолымен жейтін. Құрманы оң қолымен жеп, сол қолына сүйектерін жинайтын. Жүзімді кейде бауымен аузына апарып жеген кезі де болған. Асы көбінесе құрма мен судан тұратын.

Құрманы сүтпен қосып жеген кезінде: «Ең жақсы тағам!» дейтін.

Ет және етті тамақтарды жақсы көретін. «Тирит» деген тамақты асқабақпен жейтін. Асқабақты да жақсы көретін. Асқабақ жайлы былай дейтін:

«Ол – бауырым Юнустың көкөнісі».

Ауланған құс етін жейтін, бірақ өзі ауламайтын[4].

Ет жегенде басын төмен қарай имей, етті аузына жақындатып, тістеп жейтін. Қойдың аяқ және сан еттерін ұнататын. Бақырда піскен асқабақты сіркеге (жүзімнің суы, уксус сияқты) туралған нанды және әжуә құрмасын жақсы көретін.

Тамақтың жұғынын саусақтарымен жалап жейтін де: «Тамақтың соңы берекелі», - дейтін[5].

Саусақтарын жалап тазаламастан бұрын қолын майлықпен сүртпейтін. Тамақтың соңында игілік берген Алла Тағалаға шүкірлік етіп, қолдарын жуатын.

Су ішерде үш реттен ішкенге зер салатын. Әрқайсысын бисмилләмен бастап, хамд (мадақ) айтып, шүкірлікпен аяқтайтын[6].

Көпшілік арасында су немесе сүт ішкеннен кейін ыдысты оң жағындағы адамға беріп, оның одан әрі жалғастыруын өтініп, сол жерде болған әр адамның ауыз тиюін қалайтын. Ішетін ыдысына үрлемейтін және ішіне демін шығармайтын.  Ыдысты алыстатқаннан кейін ғана дем алып немесе дем шығаратын.[7]

Үй ішінде жас қыздың ұялшақтығынан да аса ыңғайсызданып жүретін. Тамақты тек дастархан жайылғанда ғана отырып ішіп-жейтін. Ол тағамын өзі дайындаған кездері де болатын[8].

Өте тойып жемейтін және мұсылмандардың тамақты көп жеуін ұнатпайтын. Бұл жайында былай дейді:

«Адам баласы өз қарнынан басқа жаман бір ыдысты толтырмаған. Адам баласына белін тіктеп ұстап жүре алуға жететін бірнеше жұтым да жеткілікті. Егер адам баласы нәпсісін тыя алмайтын болса, қарнының үштен бірін - тамаққа, үштен бірін – сусынға (суға), ал қалған үштен бірін ауаға бөлсін»[9].

 

"Пайғамбарымыз және оның күнделікті іс-әрекеттері" атты кітаптан.


[1] Ибн Сағд, Табақат, 1-том, 371-372 бет.
[2] Мұхаммед Ғазали, Ихияу улумиддин. Каир. Иса әл-Бәби әл-Хәләби. ІІ, 367; Бәйхақи және Табарани.
[3] Ибн Мәжә: Атъима. 46 б.
[4] Имам Ғазали, Ихия. ІІ. 369. ; Ибн Мәжә: Атъима. 62.
[5] Имам Ғазали, Ихия. ІІ. 371.; Имам Байхақи.
[6] С.к., ІІ. 371.; Табарани.
[7] С.к., ІІ. 371.
[8] С.к., ІІ. 371.
[9] Ибн Мәжә: Атъимә. 50.

0 пікір