Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен жұпана бір отбасы арасында болған бір оқиға
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен жұпана бір отбасы арасында болған бір оқиға
4 жыл бұрын 9801

Әзіреті Әбу Бәкір (р.а.) Сыддыйқ былай деп әңгімелейді:

«Алла расулымен (саллАллау аләйһи уә сәлләм) бірге Меккеден жолға шыққанбыз. Жолда әлдебір араб тайпасына ұшырастық. Алла елшісі жападан жалғыз оқшау тұрған бір үйге назары түсіп, сол үйге түскісі келді. Табалдырықтан аттағанымызда, жалғыз әйелден өзге ешкім көзімізге шалына қоймады. Әйел бізді көре сала:

– Ей, Аллатың құлы! Мен жар дегенде жалғыз ұлымнан басқа ешкімім жоқ жесір әйелмін. Егер сый-сыяпат көргілеріңіз келсе, тайпа басшысының үйіне түсіңдер, – деді.

Алла елшісі (саллАллау аләйһи уә сәлләм) әйелге жауап қатқан жоқ. Кеш батып қалған еді. Сол сәтте әлгі әйелдің ұлы алдына төрт-бес ешкіні салып, өрістен оралды. Әйел дауыстап:

– Балам, мына пышақты қонақтардың қолына ұстат. Қоңдылауын сойсын деп айт, – деді. Бала Пайғамбарымызға келіп, шешесінің айтқанын жеткізді.

Пайғамбарымыз:

– Бізге пышақ керек емес, орнына бір ыдыс алып кел, – деді.

– Бұл ешкіде сүт қайдан болсын. Оның үстіне, қас қарайып қалды, – деді бала. Пайғамбарымыз жұмсақ үнмен:

– Сен менің айтқандарымды орында, – деді. Бала жүгіріп барып, ыдыс алып келді. Алла елшісі (саллАллау аләйһи уә сәлләм) ешкінің емшегін біраз сипап, идіріп, ыдыс толғанша сүт сауды. Содан кейін балаға:

– Мынаны анаңа апарып бер, – деді. Бала қайтып оралған соң, Алла елшісі (саллАллау аләйһи уә сәлләм) :

– Мынаны апар да, басқа ешкі алып кел, – деді.

Оны да идіріп, сауып алды. Бұл жолғысын Әбу Бәкірге ұсынды. Тағы бір ешкінің сүтін өзі ішті».

Бұл жөнінде Әбу Бәкір (р.а.): «Сол жерде түнеп шыққаннан кейін қайта жолға шықтық. Әйел Пайғамбарымызға «Мүбәрак», – деп ат та қойып үлгерді.

Уақыт өте келе әйелдің уақ малдары көбейеді. Тіпті бірде оларды сату үшін Мәдинаға да әкелген болатын. Баласы сол жерде мені (Әбу Бәкірді) көріп қалып:

– Анашым, қарашы! Әлгі мүбәрак адамның қасындағы кісі ғой, – деп дауыстады. Баланың анасы маған:

– Ей, Аллатың құлы! Сенің қасыңдағы адам кім еді? – деп сұрады. Мен:

– Сіз оны танымаушы ма едіңіз? – деп қарсы сұрақ қойдым.

Ол:

– Жоқ, танымайды екенмін, – деді.

– Ол Пайғамбар ғой, – дедім.

– Олай болса, мені дереу сол кісіге алып бар, – деп маған жата жабысты. Әйелді Алла елшісіне ертіп әкелдім.

Алла елшісі (саллАллау аләйһи уә сәлләм) оны жылы жүзбен қарсы алып, алдына ас қойды және түрлі сыйлықтар тарту етті. Әйел де Пайғамбарымызға құрт, ірімшік және бәдәуилерге тән көптеген сыйлықтар берді. Алла расулы да оны киіндіріп, тағы да тарту-таралғылар жасады. Әйел сол жерде мұсылман болды»[1].

"Сахабалар салған сара жол" атты кітаптан. 
"Көкжиек" баспасы, 2011 ж.

[1] әл-Хинди, Кәнзул-уммал, 16/944 (46287)

0 пікір