Отбасының күйреуіне алып келетін 4 нәрсе
Отбасының күйреуіне алып келетін 4 нәрсе
27 күн бұрын 1556 islamdag.ru/
Мұрад Гайдарбеков

Біз көбіне жас ұрпақты жоғары мораль мен ізгілік рухында тәрбиелеу керек деген орынды үндеулерді жиі естиміз. Шынында да, балалар – біздің бүгініміз де, болашағымыз да. Олар – өміріміздің мәні.

Бірақ осының көлеңкесінде бір маңызды нәрсе ұмыт қалып жатады, ол: ата-аналардың өзі де тәрбие мен отбасылық өмірге дайындықты қажет етеді.

Мектеп мұғалімі немесе университет ұстазы өз біліктілігін арттырып, кәсібилігін қайта растап отырады ғой. Сол сияқты, ата-аналар да отбасылық құндылықтарды үйреніп, соларды өз өмірінде үлгі етіп көрсетуі тиіс. Болмаса, ондай отбасылар көбейгенімен, жақсы үлгіні емес, тек ажырасу статистикасын көбейтеді. Ал бұл – бастапқыда қуаныш пен үмітпен құрылған некенің өз қолымен күйретуі болып саналады.

Ендеше, отбасындағы жарасымдылықты не бұзады? Сол жайында тоқтала кетсек. Төменде отбасының күйреуіне себеп болатын төрт басты нәрсені қарастырайық.

1. Ерлі-зайыптылар арасындағы үйлесімнің болмауы

Отбасындағы үйлесім мен татулық өзінен-өзі пайда болмайды. Оны іздеп табу, қалыптастыру және сақтау қажет. Бұл жолдағы алғашқы және ең маңызды қадам – өмірлік серікті дұрыс таңдау.

Жолдасыңыз сізге идеялық, рухани, ақылдық және тіпті материалдық тұрғыдан да сай болуы керек. Егер адамдар бұл қағиданы елемей, «кейін бәрі өзі орнына келеді» деген үмітпен үйленсе, көбіне нәтиже сәтсіз аяқталады. Соңында бұзылған тағдырлар, ауыр ажырасулар, өкініш пен күйзеліс болып жатады.

Мұндай жағдайлар туралы деректер мешіттер мен шариғат соттарына жүгінген жұптардың статистикасынан анық көрінеді. Шынында да, егер қиындық көрмейтін басқа жолы бар болса, неге қасақана қиындыққа апарар жолды таңдау керек?

2. Физиологиялық қанағатсыздық

Бұл да отбасындағы үйлесімге тікелей қатысты мәселе. Иә, бұл тақырып кейде айтуға ыңғайсыз, жеке өмірдің шеңберінде ғана талқыланатын нәрсе деп саналады. Бірақ жыныстық өмір мен физикалық жақындық – некенің маңызды тіректерінің бірі. Көптеген отбасылық кеңесшілердің зерттеуінше, көптеген ажырасулардың басты себебі – осы саладағы үйлесімсіздік деседі. Бұл жайында Доктор Франк Кайерюд былай дейді:

«Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, ажырасулардың көбі жыныстық өмірдегі үйлесімнің болмауынан туындайды».

Ал доктор Гамильтон бұған нақтылай түсіп:

«Әр сәтсіз некенің түбінде интимдік қатынастардағы қиындықтар жатыр. Ерлі-зайыптылар басқа барлық мәселені жеңе алады, егер олардың арасындағы жыныстық қатынас дұрыс болса», – дейді ол.

3. Қорлау мен менсінбеу

Кейде әйелге менсінбеушілік таныту, оны төмен санау – өткен дәуірдің қалдығы сияқты көрінеді. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай жағдай бүгінгі қоғамда да кездеспейді емес. Кейбір әйелдер тұрмыста өздерін әлсіз, қорғансыз және құқықсыз сезінеді. Олар тек физикалық емес, моральдық зорлық-зомбылыққа да ұшырайды: мысқыл, келемеж, кемсіту, дөрекі сөздер – мұның бәрі әйелдің рухын түсіріп, жан дүниесін жаралайды.

Мұндай адамға лайықсыз мінез бен сөздер отбасылық берекені бұзады, сүйіспеншілікті суытып, ақыры некенің ажырауына алып келуі мүмкін.

4. Кедейшілік

Кейбіреулер бұл себепті онша маңызды емес деп есептеуі мүмкін. «Ақшада тұрған не бар? Кедейлік – ұят емес, ауру да емес» деген сияқты пікірлер жиі айтылады. Иә, кедей отбасылардың арасында да бір-біріне сүйеу болып, қиындыққа төтеп беріп, өмір бойы тату-тәтті ғұмыр кешетіндері бар. Бірақ, өкінішке қарай, бұндай үйлесімдік бәріне бірдей бұйырмайды. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, әйелі үнемі күйеуіне «қолыңнан түк келмейді, дұрыс табыс таппайсың» деп тиісе береді де, онысы ақыры ер адамды үмітсіздік пен торығуға итермелейді. Әрине, объективті қарайтын болсақ, мұндай жағдайда екі жақтың да өз шындығы бар - әйел тұрмыстың жетіспеушілігінен шаршайды, жақсы өмір сүргісі келеді; ал ері болса, не шамасы жетпейді, не ынтасы жоқ, кейде екеуі де қатар кездеседі.

Осындай жағдайлар ұзаққа созылса, отбасындағы психологиялық қысым күшейіп, бір күні бұл «жарылуға дайын оқ-дәрі қоймасындай», әп-сәтте күйреп кетуі мүмкін.

Қорытынды орнына

Жоғарыда айтылған себептерге ішімдікке салыну, опасыздық, сатқындық сияқты тағы да көптеген нәрселерді қосуға болады. Бірақ, шын мәнінде, бұл – тек себептердің аз ғана бөлігі.

Әр отбасының өз қиындығы, өз ішкі сыры бар. Кейде адамдар өзара түсіністік таппай, ұсақ нәрселерден үлкен дау жасап, соңы ажырасуға дейін барады. Бірақ осындайда сұрақ туындайды: неге біз солай істеуге дайын болып тұрамыз? Неге мәселені шешуге емес, кетуге бейімбіз? Бұл философиялық сұрақ емес. Бұл – өмірдің өзінен алынған, практикалық сұрақ. 

Қазақшалаған: islam.kz

 

0 пікір