Ислам діні отбасының күнкөрісі мен оны асырау мәселесін еркектің мойнына артқан. Бірақ бұл оның жанұясындағы мүшелердің барлық қалауларын тауып отыруы керек деген сөз емес. Негізгі қажеттіліктер мен дін рұқсат ететін нәрселер ер адамның мүмкіндігінше қамтамасыз етіледі. Тіпті, бай болса да адам баласының болар-болмас барлық зауқы соққан нәрселердің бәрін жиып сатып ала бермегені дұрыс. Өйткені әр қалауы орындала берсе, адам уақыт өткен сайын тойымсыз, қанағатсыз, тіпті, ақыр аяғы харамдарға да қол созатын"азғынға айналуына себеп болады. Мұндай нәпсі барған сайын менменсіп, тек өзін ғана ойлайтын дәрежеге түсіп кетенін білмей қалады. Ол адам бүкіл отбасын өзінің тұтқындарындай сезініп, олардың ақысын жей бастайды.
Қысқасы, жағдайы жақсы болып, сол мүмкіншіліктерін нәпсіқұмарлықтарына жұмсаған адамның нәпсісі құдды бір жүгенге бас бермейтін асау айғырға айналады. Сондықтан көбіне мүмкіншілігі бола тұра кейбір артық қалаулары мен құмарлықтарын жүгендей білу, адамның рухани жетілуі, аяқтарын жерге басуы, өмірдің шындықтарын көруі және Аллаһтың ризашылығын табуы үшін қажетті шарт.
Нағыз сабыр – дүние-мүлікке ие болған кездегі сабырлық. Өйткені кез келген байлық адамды күнәларға итермелеп тұрады. Сондай-ақ, адам баласын тәрбиелеу жолында оның кезкелген қалауын дер кезінде орындамау арқылы тәрбие тәсілін қолдану – Аллаһтың хикметті сүннеттерінің бірі.
Хақ Тағала құлдарының тілектері мен дұғаларын кейде қабыл етпей, кейде кейінге қалдырып, кейде дереу қабылдайтын кездері болады. Мұның хикметі құлдардың мынау фәни дүниеге көңіл байлап қалмаулары және нығметтерге кенеліп, өзімсінуге түсіп кетпей, өзінің Хаққа мұқтаждығын біліп жүруі үшін болса керек. Өйткені адам көптеген қиындықтар арасында жүргенде де, қалауына қол жеткізе алмай жүрген кезінде де дүниеден айрылғысы келмейді. Ал енді әр тілегі орындала берсе, барлық қиялдары шынға айналса ше? Онда бұл дүниеден мүлдем ажырағысы келмей, үлкен қателіктерге, тіпті, көргенсіздік жасауға дейін барар ма еді?!
Мысалы, Адам жәннаттан шыққысы келмегендіктен қателік жасап, осы дүниеге түсірілген болатын. Сондықтан да балаларға тәрбие бергенде және олардың тілектерін орындауға тырысқанда олардың ертең зиянын көріп қалмаулары үшін және есеп берілетін күнді есте сақтай отырып әрекет жасағандары жөн. Әрине, қаражатты алақанына тарс қысып алып, шектен тыс сараңдық жасау және өмірге шын мәнінде қажетті кей нәрселерді сатып алудан бас тарта беру де дұрыс емес. Осы екеуінің арасындағы орта жолды ұстана білу керек. Құран аятында былай делінеді:
«Олар жұмсағандарында ысырапқа да, сараңдыққа да ұрынбай, екеуінің ортасынан тең жол ұстанады» (Фурқан сүресі, 67-аят).
Осы орта жол дегені – өмірдің тепе-теңдігі. Сараңдық қандай жаман болса, ысырап, яғни ақшаны желге шашу да соншалықты жаман. Еркек болсын, әйел болсын, мүмкіншіліктері қаншалықты кең болса да, қолындағыны бекер шашуға хақысы жоқ. Ешкім де «байлық өзімдікі, қалағанымша жұмсаймын..» деп айта алмайды. Ол байлықты өздеріне аманат ретінде табыстаған Аллаһ қиямет күні:
«Байлығыңды қай жерге, нелерге жұмсадың?» деп, барлық жұмсағандарының есебін бір-бірлеп сұрайтын болады. Бұл Құран аяттарында былай баяндалады:
«Туыстарға, жоқ жітіктерге, жолда қалып қойған жолаушыға (қол ұшын беріп, тиісті) ақысын бер! Бірақ, (малыңды) ысырап қылып, шашпа! Өйткені (мал-мүлкін) шашып төккендер – шайтанның бауырла-ры. Шайтан босла, Раббысына қарсы тым опасыз» (Исра сүресі, 26-27-аяттар).
Ислам ысыраптың барлық түріне және барлық адамдарға тыйым салған. Отбасында есепсіз ақша жұмсау - әйел болсын, еркек болсынбәрібір бөгет болуды қажет ететін жаман әдет, тіпті, ауру деуге болады. Бұл ауру адамның рухына сіңіп кетсе, ол адамның еркі мен рахат өмір сүруін қиынға соғады.
Бүгінде «есепсіз жұмсау» деп аталатын бұл пәлекет қолдағы барға қанағат етпей, одан да жаңа, одан да жақсы және дүниенің түр-түріне құмар болуды кәдімгі әдеттегі іске айналдырып бара жатыр. Үй жиһаздары, телефон, киім, көлік және сол сияқты көптеген нәрселерді қажетті болмаса да сатып алу немесе қолындағыны жаңасына ауыстыру, мода қуалап, жаңа киімдерді үсті-үстіне алу, тек маркалы киімдерді ғана кию – барлығы сол аурудың тырнағына іліккендердің әлсіздігі. Ал нәтижесі тек зиян әкеледі. Өз қаражаттары жетпей жатса, қарызданып-қауғаланып, несие алып, пайызға қолын сұғып, өз қиялдары мен қалауларының соңынан қуалағандардың соңы жаман болмақ. Осылай істеп жүріп тағы да қарызға белшеден батқан кезде: «Маған жәрдем көрсетілмей жатыр!» деп басқаларды кінәлауға асығатындарын қайтесің! Бұл жағдай ақыл мен ойды тепе-тең түрде дұрыс қолдана білмегендіктің қайғылы нәтижесі.
Сондықтан да есепсіз жұмсаудың орнына қанағаттың берекесіне бет бұру керек. Өйткені Аллаһ Тағала баршылықты да, жоқшылықты да адамдарға үнемі бір хикметке байланысты, сынақ үшін, сабырымыз бен шүкірімізді сынау үшін берген. Дені сау, күші бола тұра аз мүмкіншілікті болу - құлды Раббысына жақындата түсетінін ойлау керек. Үнемі мүмкіншіліктері тарылған кезде адам: «Уа, Раббым!..» деп, Жаратқанын еске алады. Адамды адам ететін оның өз дәрменсіздігін сезінуі болар. Пайғамбарымыз: «Уа, Раббым! Сені лайықты түрде тани алмадым. Саған лайықты түрде құлшылық жасай алмадым!» дей отырып, дәрменсіздік сезімімен Раббысына мойын иіп жүретін.
Хақ достары ізгі жандар мүминдердің жүректерінің жетілу дәрежесіне қарай олардың киіну өлшемдерін былай белгілеген екен:
- Шариғатта киіну деген – халал мен харам шегінен аспау,
- Тасаввуфта киіну – мұқтаждық шектерінен аспау,
- Ақиқатта киіну – киінуге деген әуес пен құштарлықты жою. Яғни, тек таза және қарапайым киіну, оған да әуестенбеу..
Егер адам шынымен де ақшасын жұмсайтын жер таппай қиналып жүрсе және сол үшін ысырапқа бет алмақшы болса, өзінен де мұқтаж жандарға жәрдем қолын созуды ұмытпағаны абзал. Егер онсыз да жәрдем етіп тұрса, жәрдемін арттыра түссін. Өйткені бұл – діни әрі адамдық борышы. Тауып жатқан ақшасында пақырдың, мұқтаж бен жетімнің ортақ ақысы бар екенін ойынан шығармаған адам дәулетін қомағайлана жұмсамайды.
Ислам ақшаны қайдан, қалай табу керектігін белгілеп қана қоймай, қайда жұмсау керек, қайда жұмсағанда харам болатынын да белгілеп берген. Құран аятында былай делінеді:
«Мал-мүліктеріңді Аллаһ жолында сарып қылыңдар. Өздеріңді өз қолдарыңмен қатерге итермелемеңдер. (Әрқашан) жақсылық істеңдер, (өйткені) Аллаһ жақсылық істеушілерді, әрине, жақсы көреді» (Бақара сүресі, 195-аят).
Адамдар аштық пен таршылық ішінде жанталасып, жоқтықта жүрген заманда ысырапқа жұмсалған бір тиынның да ақыретте ауыр есебі болатынын ұмытпау керек. Сондықтан адам қол жеткізген нығметтерін күнде жатар алдында бір сәт ойланып, солар үшін Раббысына шүкір етуі тиіс. Ойланып көрейікші:
Дүниеде қанша адам тамақ пен су таба алмай, ұйқысы қанбай жүрген, қауіп пен мұқтаждықтың ортасында арпалысқан талай адамдар бар кезде мұң-мұқтажсыз, алаңсыз ұйықтау, сол сияқты апаттардың кесірінен қыс мезгілінде бой жылытар баспанадан мақрұм мыңдаған адам Гималай тауларының етегінде түнеп жүргенде, жайлы төсекте созылып жату – әрі үлкен нығмет, әрі неткен үлкен жауапкершілік!
Міне, күн сайын жатар алдында осылай өзіңді есепке тартып, тәфәккур жасап отырудың рухани өмірімізде баға жетпес орны бар. Осы жайында: «Есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар!» (Тер-мези, Қиямет 25/2459) деген Хазіреті Омар әркеш:
«Тигр өзенінің бойында бір қозы суға батып өлсе, Аллаһ оның есебін Омардан сұрайды», «Бүгін Аллаһ разылығы үшін не істедің, ей, Омар?» деген сияқты сөздермен өзін өзі есепке тартып, тәфәккур жасайтын.
Ал біз осы сезімдерді қанша рет жүрегімізден өткіздік? Күндіз тіршілік күйбеңімен әуреленіп жүрген жүрегімізді осылай есепке қанша түн тарта білдік екен?!...
Осман Нұри Топпаш: "Тұғырлы отбасы". "Хикмет" баспаүйі. Алматы.