Отбасындағы әйелдің міндеттері
Отбасындағы әйелдің міндеттері
8 жыл бұрын 22845
Шәмшат ӘДІЛБАЕВА, исламтанушы

Ислам дінінде тұрмыс құрған əйелдің мойнында, ең бірінші кезекте ерінің ақысы тұрады. Əйел бұл ақылардың Жаратқаның өзі бекіткен бұйрықтар екенін біле отырып ерекше жауапкершілікпен қарағаны жөн. Алла тағаланың разылығына бөленіп əрі күйеуінің көңілін табуға тырысып, құлшылық міндетін атқарғандай сезіммен орындаса, екі дүниенің бақытына қол жеткізеді. Жақсы əйелдің кейбір сипаттары Құранда: «Расында, салиқалы əйелдер күйеулеріне қарсы шықпайды. Алла тағала олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да ерлерінің құқығын (дүние-мүлкін, ар-намысы мен абыройын, отбасының құпияларын) қорғағандар», – деп сипатталады.

Бірде Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздан (с.а.у.) былай деп сұраған екен:

– Əйелдің мойнында ең алдымен кімнің ақысы тұрады?

– Күйеуінің ақысы.

– Ал ер кісіде ең əуелі кімнің ақысы бар?

– Анасының, – деп жауап береді бұл жолы Пайғамбарымыз.

Бұл жерден байқағанымыздай, əйел үшін күйеуінің құқығы жоғары тұрады. Өз əке-шешесінің ақысынан да жоғары тұратын күйеуіне деген құрмет отбасының береке-бірлігін сақтау үшін өте маңызды.

 1.     Күйеуіне бағыну

Ислам діні бойынша отбасын басқару ер кісінің мойнына жүктелген. Бір елде екі басшы болмайтыны секілді шағын мемлекет саналатын отбасында да негізгі басшылық ер кісіге тəн. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Бірақ отағасына берілген мүмкіндіктің де белгілі бір шамада мөлшері бар. Жұбайы мен бала-шағасына тым қатал қарап, ойына келгенін істеуі жанұясындағы басшылықтың шеңберінен шығуы болып табылады. Отбасындағыларға мейірімділік көрсетпеген, құрметтемеген кісі ешқашан жақсы əке, жақсы жар бола алмайды. Жауапкершілікті сезінген отағасы отбасы мүшелерімен ақылдасып, əңгімелесіп отыруды да ұмыт қалдырмауы керек. Алла тағаладан əрдайым уахи (Құран аяттарының түсуі) алып тұрған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі де қажет кезінде əйелдерімен ақылдасатын.

Ислам нəрімен сусындаған отбасында əйел ерін, ер əйелін құрметтейді. Үй болған соң ыдыс-табақ сылдырламай тұрмайды. Ондай жағдайда отағасы ашу шақырып, қаһарына мінбей, өзіне сай ұстамдылықпен, ал əйел баласы өзіне тəн нəзіктік пен сыпайлығын сақтап мəселені бейбіт шешулері қажет.

Отағасы басшы екенмін деп əйелге шамасы келмейтін талаптар қоймауы қажет. Ол əйелі мен бала-шағасының алдындағы басшылық мүмкіндігін əділдік пен мейірімділік орнатуға жұмсаса, ал үйдің отанасы өз кезегінде жұмсақ мінезі арқылы отбасындағы жарасымдылықпен бірлік-берекені сақтауға барын салуы тиіс. Қай жерде əділдік пен жеке тұлғалар құқығы қорғалса, сол қоғамда тəртіп пен тыныштық орнап, игілік үстемдік құрады. Отбасы кішігірім қоғам болғандықтан, нағыз береке мен бейбітшілікті қажет ететін жер де осы киелі шаңырақ. Ал осыны қамтамасыз ету үшін үйдің қожайыны отбасының əрбір мүшесінің ақысына құрметпен қарап, олардың алдындағы міндеттерін толық орындауға күш салуы қажет. Сол секілді əйелдің оған бағынып, ортақ мүдде, отбасы бақыты үшін айтқандарын орындауға тырысуы да аса маңызды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Əйел бес уақыт намазын оқып, (Рамазанда) оразасын ұстаса, ар-намысын сақтаса жəне күйеуіне бағынса, оған жəннаттың қалаған есігінен кірсін делінеді» – деп, отағасына бағынудың қарымы ретінде жəннат нəсіп болатынын айтып сүйіншілеген.

Алла елшісі шариғаттың рұқсат еткен шеңберінде күйеулерінің қалауларын орындаған жағдайда əйелдердің жиһад сауабын алатындығын айтқан. Бір жолы əйел кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі, əйелдердің өкілі ретінде алдыңызға келіп тұрмын. Алла тағала жиһадты еркектерге парыз етті. Соғыстан аман оралса, ғазы сауабын алады, ал шəйіт болса, Раббылары оларды тірі күйінде рызықтандырады. Біз болсақ, оларға қызмет жасаймыз. Бұл үшін бізге сауап беріле ме?» – деп сұрағанда, Расулаллаһ: «Əйелдердің бəріне айта бар. Əйелдің еріне бағынуы жəне оның ақысын мойындауы жиһадтың сауабына тең. Алайда араларыңда мұны орындайтын əйелдер тым аз. Егер сендерден кімде-кім үйінде отырса (күйеуіне қызмет етіп, балаларының тəрбиесімен айналысса), Алла жолында жиһад еткен кісілердің сауабындай сауап алады» –деп айтқан екен.

Қазақ менталитетінде баланың түсінігінде əкенің орны тым биік. Бір жазушының мына сөзі қай-қайсымызды да сүйіндірмей қоймайды. «Иə, біз де бала болғанбыз. Əлі есімде, əлденені бүлдіріп алсақ та, болмаса бір жаққа баруға сұрансақ та анамыз «Əкең ренжитін болды ғой» немесе «Əкеңнен сұрасаңшы» деп отыратын еді. Содан кейін біз нендей шаруаның жөнін ең алдымен əкемізбен ақылдасып шешетінбіз. Дегенмен ара-тұра анамыздың бұл мінезіне таң қалатынбыз. Олай дейтінім, əкеміз əлдекім құсап қан түлеп, айналасын қуырып отырса ғой. Қайта ол кісі біреуге дауыс көтеріп сөйлеуді ұят көретін, жібек мінез жан еді. Соған қарамастан, отбасындағы үлкенді-кішілі шаруаның түйінін əкем айтатын. Теріс қылығымызбен əке көзіне түсуге сескенетінбіз. Енді ойласам, анамның бұл мінезі нағыз халықтық педагогиканың бір тіні екен-ау. Өз əкесін асқар таудай көріп, құрметтеп өспеген адам өзгені де сыйлап жарытпайды. Демек, отағасының беделі, əке тұлғасы, оның қадір-қасиеті, сөз жоқ, көп жағдайда əйелінің парасатына, балаларының мейір-шапағатына байланысты».

Біздің халық педагогикасы дегеніміз мұсылмандық тəрбиенің нақ өзі емес пе? Халқымыз ежелден Исламның бесігінде тербеліп, имандылық пен инабаттылықты шариғаттан танып, қанына сіңірген. Ислам дінінде əйелдің күйеуіне бағынуы отбасының береке-бірлігі үшін екенін ата-бабамыз жақсы түсінсе керек.

2.     Күйеуіне қиындық тудырмауы тиіс

Ерлі-зайыптылардың өзара жақсы қарым-қатынасы екеуіне де ортақ уəжіп. Олардың бір-біріне суық қарап, отбасының құтын қашыруға ешқандай да қақылары жоқ. Шариғаттың осы заңы аясында əйел күйеуінің көңіліне кірбің салудан аулақ болып, сөзімен де, ісімен де ренжітіп алмауы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде осы жайлы былай дейді: «Егер осы дүниеде əйелі күйеуін орынды-орынсыз айыптай берсе, жəннатта күйеуінің жұбайы болатын Хор қыздарының бірі: Алла жазаңды берсін! Күйеуіңді қинама! Ол жақындасенімен қош айтысып, бізбен қауышады. Қазір сенің жаныңда уақытша ғана жүрген қонағың,– деп айтады».

 3.     Ар-намысына кір келтірмеуі керек

Əйелдің күйеуі алдындағы міндеттерінің бірі – ар-намысына кір келтірмей, еріне адал болуы. Əрбір мұсылман отбасының тəлімгеріне айналған Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Əйелдердің ішінде ең жақсысы – намысы мен ар-ұятын сақтай білген, басқаға көз салмай, тек қана күйеуін жақсы көріп, соған қанағат еткен əйел». Тағы бір хадисінде мінез-құлқы жақсы, намысы мен ар-ұятына кір шалдырмаған, адал, ашық-шашық киінбейтін, дініне берік əйелді бақытқа теңеп, ал күйеуі жоқта көзіне шөп салған əйелді сорға теңеген.

Əйел адам ар-намысын сақтай білсе, отбасында да бақыттың бесігінде тербетіледі. Себебі отбасындағы ауызбіршілік пен береке тікелей əйелдің адалдығы мен мінез-құлқына байланысты.

 

4. Əйелдің жыныстық міндеті

Əйел адамның күйеуі алдындағы ең маңызды міндеттерінің бірі – жыныстық міндеті. Себебі ер азамат негізінен харамнан сақтану, яғни, зинаға бармау үшін əрі ұрпақ жалғастыру үшін үйленеді. Ал əйел бұл міндетіне немқұрайлы қарайтын болса, отбасының шырқы бұзылып, күйеуінің жаман жолға түсуіне себепкер болуы мүмкін. Сондықтан, адамзаттың ұстазы Пайғамбарымыз (с.а.у.) əйелдерге ескерту жасап былай дейді: «Ер кісі жұбайын төсегіне шақырғанда жұбайы барғысы келмей бас тартса, періштелер ол əйелге таң атқанға дейін лағынет айтады». Енді бір хадисте: «Шыбын жанымды уысында ұстаған Аллаға ант етейін, ері төсегіне шақырғанда əйелі келіспесе, күйеуі риза болғанға дейін Алла тағала ол əйелге ренжиді» – делінген. «Мына үш адамның намаздары қабыл болмайды, жасаған жақсылықтары да көкке көтерілмейді: қожайынына қайта оралмайынша қашқан құлдың, мастығы тарқамайынша мас адамның, күйеуін қайта риза етпейінше ерінің ашуына тиген əйелдің», – деген хадис жəне бар.

Шаңырақтың шаттығы ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген көңілі мен өзара тіл табысуында жатыр. Екеуі бір-бірін бақытты ете алса, ешкім де сырттан бақыт іздемейді. Мұндай шаңырақта кісі үйіне асығып тұрады. Сондықтан да дінімізде əйелдің күйеуінің көңілін табуын басты міндеттерінің бірі саналып, кей жерде нəпіл құлшылықтардан да жоғары қойылған.

Əйелдің күйеуіне сүйкімді көрінуі де маңызды. Бұл міндет шариғатта əйел адамға уəжіп деп айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мұсылман жақсы көреді, өзі де жақсы көріледі. Жақсы көрмеген жəне жақсы көрілмеген адамдарда қайыр жоқ», – деп айтқан. Келесі хадисінде: «Жақсы көрген, жақсы көрілген жəне көп бала туатын əйелге үйленіңдер» – деп, өз ұнамдылығын жоғалтпай, сүйкімділігін сақтай білетін əйелге үйленуді өсиет еткен.

Сүйкімді көрінудің жолдары – сəндену, жарасымды киім жəне тартымды қылықтар. Үйлі-жайлы болған əйел ендігі жерде күйеуі үшін сəнденуі тиіс. Əрине, Ислам дінінде əрбір мұсылманның өз-өзіне қарап, үсті-басын таза ұстап, ұқыпты жүруі талап етіледі. Бірақ, үйленгеннен кейін əйел адамға осыған қоса күйеуінің алдында да əрдайым тартымды болуы міндет ретінде жүктеледі. Сəндену əйел адамның ажарына ажар қосатын мүмкіншілік. Əйел адам күйеуіне тартымды болып көріне білсе, арасындағы махаббаттың да арта түсері шындық. Олай болса, əйел адам күйеуі үйіне келерде үсті-басын түзеп, əшекейлерін тағып, сəнденіп қарсы алғаны жөн. Өкінішке орай, қоғамымызда сырт көзге сұлу болып көріну түсінігі əбден санаға сіңіп кеткені соншалық, əйелдердің дені көшеге шыққанда барынша жарасымды болып көрінуге құмар. Жұртпен кездесерде барынша сəнденіп, əдемі көйлектерін киіп, əшекейлерін тағатын əйелдер, үйге келген бетте олардың бəрін ысырып тастап, күйеуінің алдында қалай болса солай киініп, қадірін түсіріп жатады. Бұл да қоғамның қаны сорғалап тұрған мəселелерінің бірі.

Осыған орай ғұламалар əйелдердің күйеуі алдындағы міндеттерін былай деп атап көрсеткен: «Төсекте өзін күйеуіне ұсыну, күйеуі жоқта ар-намысын сақтап, көзіне шөп салмау, хош иісті болу (тазалыққа мəн беру), күйеуі үйінде болған кезде сəндену əйелге уəжіп. Əйелдің күйеуі үшін əшекей тағып сəнденуіне жəне боянуына шек қойылмайды. Қайта бұл сауапты іс».

5.     Күйеуінің рұқсатынсыз басқа ер кісілермен сөйлеспеу

Əйелдің күйеуі алдындағы міндеттерінің бірі – рұқсатынсыз бөтен еркекпен сөйлеспеу. Егер əңгімелесу қажеттігі туындап жатса, күйеуінің рұқсатымен ғана сөйлесе алады. Сұхбат кезінде күйеуі қасында болғаны тіпті жақсы. Жəне жүзі мен қолынан тыс, яғни əурет жерлерінің жабылуына қатты мəн беруі тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылмандарға былай дейді: «Күйеулері келісім бермейінше, əйелдерімен тіл қатыспаңдар». Ислам дінінде əйел адамға жүктелген бұл талап отбасының тыныштығы мен сенімділіктің орнауы үшін қойылған.

Жұбайының кез-келген адаммен қалай болса солай ашық-жарқын сөйлесе беретінін көрген еркектің көңілінде күмəн оянып, бұл күмəн жанды жегідей жеген құрт секілді отбасының шырқын бір шетінен кеміре бастайды. Соңында шаңырақтың құлауына дейін алып келуі мүмкін. Мұның алдын алу үшін дініміз жолы жіңішке əйел затына осындай міндетті де жүктеген.

 6.      Күйеуінің рұқсатынсыз сыртқа шықпау

Əйелге отбасылық өмірінде жүктелетін тағы бір міндеті – күйеуінің мақұлдауынсыз үйінің босағасынан аттап баспау. Баратын жері жайлы күйеуін хабардар етіп, келісімін алған соң ғана жолға шығуы мұсылман əйелге жарасымды дағды. Барғаннан кейін де кеш түспей қайтуы керек.

Құран кəрімде Алла тағала былай деген: «Уа, Пайғамбардың жұбайлары, байсалдылық танытып, үйлеріңде отырыңдар. Бұрыңғы қараңғылық дəуіріндегідей жасанып алып көшеге шықпаңдар». Аят Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларына арналғанымен, бұйрық жалпы əйелдер қауымына тиісті. Бір күні бір əйел келіп: «Уа, Алланың елшісі, əйелдің күйеуі алдындағы міндеті не?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Күйеуінің рұқсатынсыз үйінен шықпау» – деп жауап қайырады. Егер күйеуінің рұқсатынсыз шығатын болса, аспандағы періштелер, рақым жəне азап періштелері ол əйелге тəубеге келгенге дейін немесе үйіне қайта оралғанға дейін лағынет айтады», – деп жауап береді.

Бұл міндетті əйелге жүктеу арқылы Ислам діні оны үйге қамауды көздемейді. Қайта оның орынсыз өсек-аяңға ілікпеуін, ерімен жарасымды жұп болып, сенімнен шықпауды мақсат етеді. Бүкіл еркек атаулы жұбайының өзіне адал болғанын қалайды. Отбасын асырау қамымен түзде жүргенде үйдегі əйелінің қалаған жағына қыдырып, уақытын қалай болса солай өткізгенін ешбір еркек құптамас. Бірақ бұл қағида əйелді түбегейлі күйеуіне тəуелді етпейді. Мына жағдайларда ерінің келісімінсіз тысқа шығуына рұқсат етеді.

1. Əйелдің қаражаты жетіп, қажылыққа барғысы келсе, қасына некелесуіне болмайтындай жақын туыстарының біреуін ертіп, күйеуінің рұқсатынсыз қажылыққа бара алады.

2. Үйіне қажет заттарын жеткізетін ешкім болмаған жағдайда, əурет жерлерін жауып көшеге шығып, қажеттіліктерін өзі барып алуға мүмкіндігі бар.

3. Ата-анасы қатты ауырып, оларға қарайтын жан қалмаған жағдайда күйеуінің рұқсатынсыз төркініне барып, ата-анасына қарайласуына рұқсат. Бірақ осы уақыт аралығында күйеуі əйелінің нəпақасына жауапты болмайды.

4. Дін тұрғысынан білгісі келген мəліметтерді күйеуі үйретпесе, əйелі сол деректерді өзгеден білу үшін күйеуінің рұқсатынсыз сыртқа шыға алады.

Бүгінде дінімізбен тыйым салынған жоғарыдағы ескертпелер аяқ асты болып, ерлі-зайыптылардың арасында бір кикілжің шыға қалса, келіншектердің төркініне қарай тұра қашуы дағдыға айналғаны жасырын емес. Өкінішке орай, шырқы бұзылған кей шаңырақта бұл үйреншікті жағдай іспетті. Ері қабақ шытса, əйелі үйінен безіп, төркінін сағалау дəстүрге айналған жайы бар. Бірнеше күннен кейін күйеуі аяғына жығылып немесе туыстары араға түсіп, «əке-көкелеп» келіншекті алып келеді. Кейде қызының бетбақтығын ата-анасы да құптап, оттың үстіне май құяды. Ата-анасының өз жағында екенін көрген қыз отауынан ұрыс-керіс шыққан сайын кетіп отыруды əдет қылады. Күйеуінің де бұған еті үйренеді. «Қайда барады дейсің, өзі үшін қайтып келеді» деп немқұрайлылық таныта бастайды. Күйеуінің рұқсатынсыз өздігінен басы ауған жаққа кете беретін осындай əйелдер үшін тыйым салған Ислам дінінің бұл қағидасының өте орынды екенін көреміз. Осындай салғырттық пен бей-берекеттілікке көз жұма қарайтын ерлі-зайыптылар бір-бірінсіз өмір сүруге дағдылана бастайды. Ар жағында ажырасудың ауылы алыс емес. Əрине, бұл жерде тек қана тартып отырады деп əйелдерге ғана қара күйе жағудан аулақпыз. Кейде ішіп алып, кейде ашуға мініп жарына жұдырық ала жүгіретін еркексымсақтар да аз емес. Ер азаматтардың маскүнемдігі мен ондай пасықтығы өз алдына бөлек əңгіме. Біздің бұл жерде айтпағымыз, отбасылық өмірдің ауыртпалықтарына дайын болмай күйеуге шыққан келіншектердің жайы. Бұндай əдет біздің қоғамымызға, сірə, батыстың гендерлік көзқарасынан келген болар. Жастарымыздың дін танымай өскендігі де бұған өз кесірін тигізуде. Себебі, бұрын аналарымыз бен əжелеріміздің төркініне кетіп қалуы деген мүлде болмайтын.

 7.     Күйеуі ұнатпайтын адамдарды қонаққа шақырмау

Əйелдің күйеуі алдындағы міндеттерінің бірі келесі хадисте былай білдірілген: «Сендердің əйелдеріңдегі ақыларың – ұнатпаған адамдарды үйлеріңе кіргізбеуі, олармен əңгімелеспеуі», «Əйелі күйеуінің рұқсатынсыз үйге ешкімді кіргізбеуі керек». Демек, отағасы жұбайының араласатын отбасы мен адамдарын белгілеу құқығына ие. Осы қағиданы ұстанбаған жанұяда бəле іздеген кейбіреулердің ортаға түсіп, сүттей ұйып отырған отбасының берекесін алып, ерлі-зайыптыларды бір-біріне айдап салуы да мүмкін. Отағасының ең басты міндеті – отбасын сақтау. Сондықтан, ыстық ұясының күйін кетірерлік жағдайлардан сақтану үшін ниеті бұзық кісілердің үйіне келуін қаламауы орынды.

Отағасы əйелінің əрдайым рухани жақтан кемелденіп, алға қарай дамуына жағдай жасауға да міндетті. Осы тұрғыдан əйеліне үлгі-өнеге болатын достарымен немесе жақындарымен араласуына мүмкіндік туғызып, олардың үйіне жиі келуіне қарсы шықпауы керек. Электр немесе су жүйелерінің жалдап отырған пəтер иелерінің үйге келуі бұдан тыс. Бірақ бұл жерде де əйелдің бойы жинақы, əуреті жабық болуы керек.

8. Күйеуінің мал-мүлкіне ие болу

Тұрмыс құрған əйелдің мойнына уəжіп ретінде жүктелетін талаптың бірі күйеуінің мал-мүлкін ысырап етпей, қолынан келгенше үнемдеп ұстауы. Əйел өзінің артынан келген мал-мүлкін немесе табысын күйеуінің рұқсатынсыз қалағанынша жұмсап, қалаған адамына садақа немесе қарыз есебінде бере алады. Ал күйеуінің табысымен келген мал-мүлікті барынша үнемдеуі тиіс. Күйеуінің маңдай терімен жеткен дүниені өзгеге ұсынбақ болса, күйеуінің рұқсатын алуы керек. Күйеуінің мақұлдауы екі түрлі жағдаймен іске асады:

Біріншісі, күйеуі тікелей өз аузымен айтып рұқсатын беруі.

Екіншісі, сол елдегі салт-дəстүрге қарай белгіленуі. Яғни əйелі күйеуінің жауабын күтпей-ақ, сол елдегі қалыптасқан дəстүр бойынша басқа біреуге үйінен бір нəрсе беруі. Мысалы, бір табақ ұн сұраған көршісін құр қол қайтармау немесе үйіне келген қонағына сараңдық танытпай дастархан жайып дəм ұсыну осы талап шеңберіндегі жайт. Күйеуі сапарлап кеткенде де мұсылман əйел оның мал-мүлкін «Өзі жоқтың көзі жоқ» деп қалай болса солай жұмсай алмайды. Бұл дініміздің мұсылман əйелге қойған талабы. Ал мұсылман ер əйелінің иманына сенім білдіргендіктен, дініміздің қойған осындай шарттардың арқасында əрдайым жолға шыққанда əйелін уайымдамайды.

 

0 пікір