Отбасын ұстап тұрған сабыр қасиеті жоғалмауы тиіс
Отбасын ұстап тұрған сабыр қасиеті жоғалмауы тиіс
9 жыл бұрын 7517
Жарылқасын Жарбол

Соңғы уақыттарда отбасы ішілік күш көрсету, қол жұмсау әрекеттері көбейіп кетті. Сабырлы мінез жоғалып, ислам мәдениетінен жұрдай жандар ә дегеннен қара күшке жүгінетін болды. Дегеніне күшпен көндіргісі келетін дойырмінез жандар азаймай отыр.

Исламға тән өмір салтында ерлі-зайыптылар ортақ ой мен түсінікке ие болады, нені ұйғарса да екеуі бірге ақылдасып шешеді. Біреуі екіншісіне күшпен дегенін істетіп, әлімжеттік жасамайды. Өкінішке қарай, толықтай үлгілі отбасылар үнемі кездесе бермейді. Не ері, не әйелі тарапынан кейде қалауы бір-бірімен үйлеспей төзуді қажет ететін жағдайлар орын алады. Сөйтіп отбасы тыныштығын ұстап тұратын сабырға салмақ түседі. Осы себепті мұсылман ғалымдар былай деген:

– Сабыр болмаса, отбасы болмайды. Сабыр болмаса, өзара ашулы мінез орын алып, қара күш алдыға шығады. Сабыр өмірдің сан саласында орын алады, алайда отбасындағы орны тіптен бөлек. Өйткені отбасы өміріндегі сабыр тек өзі үшін емес, отбасының барлық мүшелерін қорғауға бағытталатын сабыр. Отбасын қорғауға бағытталған сабыр болса, иесін жұмақтың ең биік дәрежелеріне лайық күйге келтіреді. Егер сабыр етуші әйел кісі болса, жұмақ әйелдерінің іріктеулісі жағдайына көтеріледі, ер кісі болса, жұмақ жастарының таңдаулысы жағдайына келеді.

Имам Ғазали «Кашфул кулуб» атты еңбегінде отбасындағы сабырлы жандардың дәрежелері туралы былай дейді:

– Күйеуінің ауыртпалықтарына шыдамдылық танытқан әйел Перғауынның зұлымдығына төзген Әсия анамыздың алған сауабындай зор сауапқа кенеледі. Әйелінің нашар мінезіне сабыр еткен ер кісіге Алла Әйүп пайғамбардың сабырына тең сауап береді.

Иә, ислам мәдениетінде отбасы өмірінде сабырлық пен шыдамдылық осыншалықты жоғары орынға ие. Өйткені отбасындағы сабырдың қайтарымы жұмаққа жеткізетіндей марапаты мол сабыр.  Осы себепті иманы күшті отбасында жұмаққа лайық зор сауапқа кенелтетін сабыр мінезі болуы тиіс. Әр сабыр еткен жағдайда үлкен сауап алдым деп қарауға болады.

Ал енді отбасында Алла үшін сабыр еткендердің жағдайына келейік. Ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне жайсыздық тудырса, екіншісі сабыр етуге мәжбүр болса, бұлар Алла алдында тең бола ма? Әрине, тең болмайды. Өйткені отбасында қиындық тудырған адам жәбір көрсетуші, оған сабыр еткен адам жәбір көруші болып табылады. Әділетті Алла жәбір көрсетуші мен жәбір көрушіні тең тұтпайды. Алла жәбірленушіге жақтасады. Осы себепті қиындық тудырушы жақсы ойлануы тиіс. Өйткені ол соңында әділетті Алланың алдында жауап беретін болады. Сабыр етуші де жақсы ойлануы тиіс. Өйткені ол да ақыр соңында Алланың алдында үлкен сауап алатын болады. Ендеше, жәбір көрсетуші де, жәбірленуші де болмайық.

Отбасы ішілік мәселелерді қара күшпен емес, өзара ақылдасып, ешкім ешкімді ренжітпей татулықпен шешейік. Ренішсіз өмір сүрейік, өйткені соңында әрбір ісімізге жауап беретін боламыз.

3 пікір
  • Аминь. Ма ша Аллах. Мейиримди Аллах кеширсинши жане сабыр берсинши журегиме.
    9 жыл бұрын
  • aumin
    9 жыл бұрын
  • Өзім біршама отбасы кездестірдім. ОТБАСЫ құрылғанда екеуі де намаз оқымаған. Күйеуі әйелін ұрып-сабайтын. Кейін әйелі намаз оқып жолдасын түзей алмай жүр.Алла сол апа-қарындастарға сабыр берсін
    9 жыл бұрын