Отбасымыз – сынағымыз
Отбасымыз – сынағымыз
5 жыл бұрын 5432

Жаратылысқа ақиқат көзімен қарасақ, бұл дүниенің ұлы бір сынақ алаңы екенін байқаймыз. Құранда Алла Тағала былай деген:

«Бүкіл билік қолында болған Алла – ұлы берекет иесі. Ол барлық нәрсеге құдіреті жетуші. Ол өлімді және тіршілікті қайсысын қандай жақсылық жасайсың деп сынау үшін жаратты». (Мүлік сүресі, 1-2 аяттар).

Ендеше, біздің әрқайсымыздың тыныс-тіршілігіміз түгел сынақ. Халық арасында тек қиыншылыққа тап болған адамдар ғана тағдырдың сынағына ұшырайды деген түсінік кездеседі. Ол дұрыс емес. Өйткені аятта бүкіл өмірдің сынақ үшін жаратылғаны анық айтылып отыр. Адам ауырған кезде, жақын-жұратынан айырылып қалғанда, басына іс түскенде, көлік апатына ұшырағанда ғана сыналмайды. Тек үйсіз-күйсіз бейшара халде жүргендер ғана сыналмайды. Басқаша айтқанда, адам баласы бұл дүниеге ойнап-күліп, қыдыру, көңіл көтеру үшін келген жоқ. Жаратушы иеміздің ұлы сынынан өту үшін келдік. Бұл дүниедегі мақсатымыз жетпіс-сексен жылдық өмірді жалпағынан басып өтіп, топырақ астына кіріп кету деп ойлаған адам қателеседі. Құдіреті күшті Алла ондай баянсыз, мәнсіз нәрсе жаратпайды. Олай болса, бақшадан алма үзіп жесек те, базарда сауда жасасақ та, біреуге жақсылық жасасақ та, жамандық жасасақ та барлық ісіміз сынақ. Құлшылығымыз, намаз, оразамыз – бәрі сынақ. Алайда сынақтардың ең бір ауыр әрі жауапты түрі отбасымыз екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Намаздың да, оразаның да белгіленген уақыттары бар. Ал отбасымыздың әр минут сайынғы істері маңызды.

Міне, осы тұрғыдан келгенде, өмірлік серік ретінде кімді таңдаймыз, қандай отау құрамыз, ата-анамызға, жанұя, бала-шағамызға қатысты міндеттерімізді қалай орындаймыз? Осының бәрі сынақ. Түбінде бәріне жауап береміз. Бойдақ кезімізде өз тамағымыздан өткен әр азықтың адалдығынан сұралатын болсақ, үйленгеннен соң отбасымыздың, бала-шағамыздың ішкен асына жауаптымыз. Тек тамағы емес, киген киімі, сөйлеген сөзі, мінезі, оқыған кітабы, араласқан достары, көрген киносы – бәрі сынақ. Сондықтан үйленген күннен бастап, Алланың разылығын табу басты мақсатымыз болғаны жөн. Алла разылығы дегенге мән бермей, біреудің көзі, біреудің сөзі сұлу деп үйленіп алып, бір жыл толмай жатып ажырасамын деп шығудан Алла сақтасын. Сондықтан, үйленуді немесе ажырасуды ойға алған жан, алдымен Қиямет күнінде сол отбасың үшін сұралатыныңды қаперде сақтап алған жөн.

Қысқасын айтқанда, адамзат баласының ер мен әйелден тұратыны кездейсоқтық емес. Бұл Алланың қалауы. Әйелді нәзік, еркекті күшті етіп жаратуы кездейсоқтық емес. Әйелге аналық мейірім беріп, еркекке аталық жауапкершілік жүктеуі мақсатсыз, бос нәрсе емес. Алланың – заңдылығы. Ендеше, отбасылық өміріміздің ақірет әлеміне қарай ашылған терезесін де ұмытпауымыз керек екен.

«Отбасы шаттығы» атты кітаптан.
Авторы: Асылбек Әуезханұлы.

0 пікір