Адам сыртқы әрі ішкі құбылыстардан әсер алып отырады. Сырттан көзіне сәуле түседі, құлағына дауыстар естіледі, мұрнына иіс барады, сыртқы әсерден аяқасты асқазаны көтеріледі, ауа ағысы денесіне тиеді, тіліне дәм барады, сөлдер қан айналымына әсер етеді, тіпті келген ойлардың өзі оны беймаза күйге түсіреді.
Теледидарға келсек денеге оның кері әсер ететіндігі анықталғанмен, оның миға әсері енді-енді ғана белгілі болуда. Зерттеулер бойынша, сәбилер «нейрон» деп аталатын миллиардтаған жүйке жасушаларымен туылады. Алғашқы үш жылда бұл жасушаларды қолдайтын, оны азықтандыратын миллиардтаған глио жасушалары дамиды. Жүйке жасушалары орталық жүйке жүйесінің шамамен жартысын құрайды, ал қалған жартысын көмекші рөл атқаратын жасушалар толтырады. Өйткені, жүйке жасушалары өте нәзік жасушалар болумен қатар қорек сақтау, оттегімен қамтамасыз ету жұмыстарын атқара алмайды. Ал бұлар қамтамасыз етілмесе тез өліп кетеді. Одан да жаманы, бір жүйке жасушасы өлгенде, орнына ешқашан жаңасы өндідірілмейді. Бұл дегеніңіз, адам миы бір жағынан жамып жатқанымен, екінші жағынан жүйке жасушалары өлуін жалғастырады деген сөз.
Глио жасушалары өндірілгеннен кейін жүйке жасушалары «дендрит», «аксон» деп аталатын мұртшалар арқылы бір-бірімен байланыс құрады, осылайша мидың басқа бөліктеріне жалғанады. Алты жасар баланың миы ересектерге қарағанда үште екі есе кішкене. Сонысына қарамастан жүйке жасушалары арасындағы байланыстар тұрғысынан ересектерге қарағанда бес-жеті есе көбірек байланыстарға ие.
«Дамып келе жатқан адам миына теледидардың әсері» атты кітаптың авторы Кэйз Буззелдің айтуынша, алты-жеті жасар баланың миындағы жүйке жасушалары миллиондаған байланыс жасай алатындай ауқымға ие. Бұл даму ауқымы бала он-он бір жасына келгенінде тәмамдалып, бала осы байланыстардың 80 пайызынан қол үзеді. Егер сол жасқа дейін балада осы жүйке жасушалары арасындағы байланыстар дамымаған болса, онда одан кейінгі уақытта дамымайтын болады. Қолданылмайтын қабілеттер мүлде жоғалып кетеді. Кейіннен мида өндірілетін бір энзим нашар байланыстарды сол күйі ерітіп жойып жібереді. Бала жетіліп келе жатқанда, ми да жетілу сатыларынан өтеді. Бұл сатылар негізгі мидан – сезім миына, сезім миынан – ойлау миына қарай жол тартады. Алайда осы кезде кейбір сындарлы кезеңдер пайда болады. Ми қалыпты даму үшін осы сындарлы кезеңдердің қажеттіліктері өтелуі тиіс. Тіл дамуы үшін бала маңайындағы үлкендердің сөйлескендерін естуі керек. Белгілі бір жасқа дейін бұны ести алмаған баланың тіл дамушылығы не кеш шығады, не шықпай қалуы да мүмкін.
Негізгі ми – қозғаушы іс-әрекеттерге, релекстерге, дене қимылдарын реттеуге жауапты болса, оны қоршап тұрған сезім миы жақсы көру, жек көру секілді сезімдерге жауапты. Біреумен шын көңілден араласып-құраласуға да сезім миы жауапты. Ойлау миы – сезімдеріміз бен ойлау түрлерімізді бір жерге түйістіріп, ойлау мен іс-әрекеттерімізге бағыт-бағдар береді. «Неокортекс» деп аталатын ойлау миы адамның ең жаңа әрі ең жоғарғы интеллектуалды деңгейін көрсетеді әрі басқа екі бөлшегінен бес есе үлкен.
Мидың жетілу барысында жүйке жасушалары арасындағы байланыстар «миелин» деп аталатын майлы, қорғаушымен қамтамасыз етіледі. Жасушалар арасы байланыстар қаншалықты көп болса, миелин қосылуы да соншалықты көп болады. Миелиннің тығыз әрі қалың болуы жүйке сигналдарының осы байланыстардан өту жылдамдығын арттырады. Сол себепті, баланың даму барысында керекті ескертпелерді алудың маңызы зор.
Қысқаша айтқанда, жүйке байланыстарының жетілуі көпжақты іс-қимылдарға байланысты. Мәселен, сәби жерде жатқан допты қолға алмақ болғанда, оны тістеп көруге талпынғанда, лақтырғанда, тіпті доптан шығатын дыбысты естіп, не иісті иіскемек болғанда мидағы жүйке жасушалары өз араларында байланыс құрады. Ал, теледидар тамашалағанда, баланың жүйкесіне бұндай көпжақты сигнал келмейді. Сол себепті, ешкім сөйлеспей, қолмен сипалмай, ойналмай өскен баланың ми мөлшері қалыпты балаларға қарағанда 20-30 пайыз кішірек болып келеді.
Теледидардың физикалық тұрғыдан тұрғыдан балаға тигізетін залалы әрине бұнымен ғана шектелмейді. Жүргізілген кейбір зерттеулер теледидарды жиі көретін балалардың жоғарғы деңгейде көз талмасына ұшырайтындықтарын анықтаған. Шаршаған көздің көруі нашарлап, кейіннен кітап оқуға кері әсер ететіндігі белгілі болған.
Расында да теледидардағы жылт еткен әрбір көріністің орташа алғанда 3,5 секундтан аспайтындығын ескерсек, оның бәріне қалт жібермей үңіліп отыру көзге көп күш түсіреді.
Осы әсерлер бала миына кері әсер етпеу үшін балалардың көп уақыт теледидар көрмеуін ата-аналары қадағалап отыруы тиіс.