МЕНМЕНДІК ПЕН ТӘУХИД БІРГЕ БОЛА АЛМАЙДЫ
МЕНМЕНДІК ПЕН ТӘУХИД БІРГЕ БОЛА АЛМАЙДЫ
4 жыл бұрын 5459

Бисмилләһир рахманир рахим

Шынымен де бір жүректе менмендік болатын болса, ол жерде тәухидке (Алланы бірлеу сенімі) қатысты ерекшеліктерге орын болмайды. Яғни, менмендік тәухидті әлсіретеді. Хақ Тағала қасиетті аятында былай деген:

«(Ей, Пайғамбар!» Әуесқойлықтарын тәңір тұтып алғанды көрдің бе? Енді оған сен өкіл боласың ба?». («Фұрқан» сүресі, 43).

Әуесқойлықтың ең қуаттысы әрі қауіптісі – адамдағы «менмендік» сезімі. Міне, сондықтан «кәлимә тәухид» айтқанда «лә иләһә» деп бастаймыз. Яғни, ең алдымен жүректен барлық иләһтарды шығарып тастаймыз. Өйткені жүректегі иләһтар (тәңірлер) мен нәпсінің құмарлықтарын шығарып «илләллаһ» деген кісі ғана Құдайдың «жәмәлдық» сипаттарының көріністеріне бөленіп, Алла Тағаламен жүрегі жай табады, тыныштыққа бөленеді.

Бұл деңгей – тәухидтегі ең басты мақсат. Себебі менмендік адамның ішіне кіретін болса, ол жерден оңайлықпен шықпайды. Адам осы менмендігінің кесірінен нәпсісінің соңынан еріп, үнемі өзін дұрыс деп санайды. Сол себепті тәухидке толығымен келе алмайды. Сондықтан да тасаууфтың (сопылық жолының) ең маңызды әрі қиын мәселесі адам бойындағы менмендікті жою. Жүректен «МЕН» (эго) шықпай, «Алла» зікірі (Алла ұғымы, түсінігі) ол жерге орнықпайды. «Алла» зікірі жүрекке орнықса, адам («мен» демей) толық берілген күйде «Уа, Раббым, Сенсің!» - дей алады. Яғни, құл өзінің түкке тұрғысыз бір жан екендігін - бір «Еш» екендігін түсінеді.

Өзін (құдайдың жанында) еш сезініп, әлсіздігін мойындағандар Хақ Тағаланың ұлылығы мен құдіретін сезіне бастайды. Барлық уақытта Хақ Тағалаға шүкіршілік етіп, құлдық сезіммен өмір сүреді.

Тарихтан мысал бере кетсек, Осман империясының айбынды Сұлтаны Сүлейман Кануни кезінде, империяның кеме күшін басқарушы генерал Барбарос Хайреддин Паша бір соғыста тұтқынға түскен жаудың кемелерін алдына салып, айбынды теңіз флотымен Халия шығанағына кіріп келе жатады. Сол кезде Сүлейман Кануни мен уәзірлері бұл керемет сахнаны «Сарайбұрны» деген жерден тамашалап отырған еді. Сол кезде сұлтанның жанындағы әскербасшылардың бірі қатты толқып:

-Сұлтаным, дүниеде бұрын-соңды мұндай көрініс болған ба екен? Сіздер қаншалықты мақтансаңыздар да аз, - дейді.

Ұлы қаған Кануни сонда:

-Әскербасшым, біздің мақтануымыз қажет пе, әлде бұл жеңісті сыйлаған Ұлы Раббымызға мақтау айтып, шүкіршілік етуіміз керек пе? – деп үн қатқан екен.

Күмәнсіз Кануни Сұлтан Сүлейманның дүние патшалығынан да үстем болған бұл рухания сұлтандығы оның Алланың хас пенделерінен алған фәйіз бен берекеттің және менмендік дертіне шалдықпағандығының нәтижесі еді.

Егер де адам менмендік дертіне шалдығатын болса (Алла сақтасын) «Лә иләһә» сөзінің мағынасына сай түрде өмір сүре алмайды. Өне бойындағы қыңырлықтарды, жүрегіне орнығып қалған тәңірлерді және нәпсіқұмарлықтарын жоя алмайды. Менмендік бұларды жоюға кедергі болады.

Яғни, «Лә» деген өшіргіштің іске асып әсер етуі үшін (яғни, кәлимадағы «лә иләһә» сөзіндегі «жоқ» деген сөзі әсер етуі үшін), алдымен менмендік кедергісі жойылуы керек. Бұл үшін әркім өзін-өзі жақсылап тануы керек. «Мәснәуи» кітабында Мәуләнә Руми былай дейді:

«Орманда қаншама жануар бар болса, олардың әр бірінің сипаты мен қабілетін адам бойынан да көруге болады. Мысалы, кейбір адамда құрбақаның қабілеті бар. Ол тек батпақты жерді қалайды. Енді бірінде түлкінің қабілеті бар. Ол үнемі алдап-арбап жүреді. Тағы бірінде қорқау қасқырдың ерекшелігі бар. Ол адам жыртқыш болып келеді, әрі бұл ісінен рахаттанып, жаны жай табады. Тағы бірінше үй жануарларының ерекшеліктері басым...».

Бұл ішкі ерекшеліктер сырттан оңайлықпен көрінбегендіктен адамдар ішкі жан дүниелерін тәрбиелеуде көбіне қателіктерге барып жатады. Осылайша тәрбиелеу онан сайын қиынға соғады.

Шайтани сипаттардың бірі болып табылатын «менмендік» сипаты – тап сирату мұстақимнің (тура жолдың) бойында көлденең тұратындықтан адамды оңайлықпен алдап-арбайды. Оны жіберу әркімнің ойына келе бермейді. Ақын Бақи мұны:

«Бұрыс – барлық уақытта бұрыс, әрі бос нәрсе. Бірақ ол дұрыстың кейпінде көрінетін болса, бұл өте қиын мәселе, - деп тамаша айтқан.

Менмендіктің ең басты ерекшелігі – басқаларды менсінбей кемсіту. Яғни, менмендік дертіне шалдыққан кісі басқалардың кемшіліктерін мінеп, өзін артық санайды. Ібіліс сияқты тәкәппарланып көкірек кереді. Өзін барлық қате кемшіліктерден адамын деп ойлап, Алланың ескерту бұйрықтарынан өзіне жауаптымын деп санамайды. Иләһи өмірлердің өзіне де қатысты екендігін аңғара алмайды.

Менмендік – көзге ілінбейтін ерекшеліктері арқылы уысына түсірген адамды оңайлықпен жібере қоймайтын өте ауыр дерт. Адам қаншалықты жетілсе де ол оның жан дүниесінің бір бұрышында жасырып жатады. Айлакер түлкі секілді аңдып, сәтін күтеді. Басқаша айтқанда, менмендік – адам төсек тартып жатып қалмайынша, байқалмайтын беймәлім қант ауруы іспетті немее жасырын қатерлі ісік секілді. Адам мән бермейінше емір-еркін өміріп сүріп, сөйтіп шайтан мен нәпсісі оны оп-аңай құрыққа түсіреді.

Менмендіктің емі 

Ең алдымен таң сәрі уақыттарын тиімді пайдалану, өлімді еске алу, рухани сұхбаттарға қатысу арқылы іске асады. Көңіл сұхбаты, насихат орталарынан өзіне қажетті шипасын алып «Маған бұл сұхбатта мына насихат мынадай ем болып қонды. Мынадай кемшілігімді байқадым» дейді. Әркім үлкенінен кішісіне дейін өзіне қажетті шипаны алуы қажет. Қажетті емін ала алмаса сұхбаттан да насихаттан да ешқандай пайда бомлай, бұл тәрбиелеу әдісінің негізгі мақсаты босқа кетеді.

Тасаууф бұл мәселеде шынайы, яғни, құлдың көркем мінез бен құлшылыққа тек сыртқы пішінде ғана қалмай әріқарай ілгерлеуіне қалайды. Ұлы шындықтардың тек қана тыңдалып, сөз жүзінде қалып кетуіне разы емес. Тасаууф – иләһи сырлар мен ұлы мағлұматтарды тыңдаған әрбір көңіл иесінің былай деуін қалайды:

  • Бұл айтылғандардан маған қандай пайда бар?
  • Бұл қанатты сөздер менің ішкі дүниеме қалай әсер етуі керек?
  • Жүрегімдегі тәңірлерді жеңе білдім бе?
  • Қызғаншақтықтан құтыла алдым ба?
  • Ғайбаттан тыйыла алдым ба? Сабырлымын ба, әлде сабырсызбын ба?
  • Тыңдаған сұхбаттарымнан кейін Ұлы Аллаға, Хазіреті Пайғамбарға бір адым болса да жақындай алдым ба?
  • Мінез-құлқым мен ахлағымда (әдебімде) қандай өзгерістер болды? Мінезім жақсарды ма?
  • Әлде айтылған шындықтар, хикметтер мен ғибратты сөздер мына құлағымнан кіріп, мына құлағымнан шығып кетті ме?
  • Осыларды үйреніп, білгеннен кейін жауапкершілігім қаншалықты артты?

«Махаббат және Мағрифат» атты кітаптан.
Авторы: Осман Нұри Топпаш.

 

0 пікір