Мен алты ағайындының ортасында өскен қызбын. Мүмкін, содан болар, мінезім сәл қатаңдау, тікбақай еді.
Сол себепті де болар, болашақ жарымның ер мінезді, айбынды болғанын және айналасындағылар одан сескеніп тұрғанын қалайтынмын. Бірақ тағдырдың жазуымен жұбайым өте жұмсақ, биязы, жуас адам болып шықты.
Кейде анама: «Еркек деген осыншалық жасық бола ма? Тым болмаса айқайлап, өз дегенін істетпей ме?» — деп шағымданатынмын. Ал анам болса: «Құлыным-ау, отты отпен өшіре алмайсың. Егер Алла сені осы адаммен табыстырса, демек, мұның бір қайыры бар», — дейтін.
Шындығында, оның отбасын асырауында, менің қажеттіліктерімді өтеуінде еш мін жоқ еді. Маған тек оның мінезіндегі қаталдық пен батылдық жетіспейтіндей көрінетін де тұратын. Мен ашулансам, ол сабырмен: «Болмашы нәрсеге бұлай ашуланғаның жарамас», — дей салатын. Оның бұл тоқтаулығы мені одан сайын шамдандыратын.
Бірде шаңырағымызда қыз дүниеге келді. Күндердің күнінде мен тағы да түкке тұрмайтын нәрсе үшін ұрыс шығардым. Бұл жолы күйеуімді шынымен ашуландыра алдым.
Бірақ ол бәрібір айқайлаған жоқ. Тек дауысын сәл көтеріп: «Мен де бәрін өз дегеніммен істете аламын, бірақ біреуге зұлымдық жасап алудан қорқамын», — деді де, менімен сөйлесуді қойды.
Бір күн өтті, екі күн өтті... Күйеуімнен еш дыбыс жоқ. Тәкаппарлығым бірінші болып сөйлесуге жібермейді әрі іштей қорқыныш та бар. Көңілімді кірбің басып, жаныма жай таппай, күйеуім оқып жүретін кітаптарды парақтай бастадым.
Қолыма Пайғамбарымыз ﷺ мен оның отбасы туралы ғибратты кітап түсті. Оқып отырып, ерлі-зайыптылардың бірінің мінезінен мін көрсе, екіншісі қалай әрекет етуі керектігін түсіндім. Онда адамның иманы мен тақуалығы бірінші орында тұруы керектігі, ал жарының кейбір кемшіліктеріне Алланың разылығы үшін сабыр ету қажеттігі айтылған екен. Кітаптың беттерін аударған сайын өз мінезімнің қаншалықты нашар екенін анық көре бастадым. Демек, мен енді ғана оқып жатқан нәрсенің бәрін күйеуім баяғыдан біледі екен ғой... Ал мен ше? Күйеуімнің менің еркелігім мен қыңырлығыма төзуіне лайық иман мен тақуалық менде бар ма еді?!
Жұбайым менің жүрегімді әрқашан махаббатпен, нәзіктікпен жібітуге тырысыпты. Ал мен оның байсалдылығы мен жұмсақтығын — әлсіздікке балаппын. Осыларды ойлап, көзімнен жас парлап сала берді.
«Алла сенің көкірегіңді ашсын, жүрегіңе иман ұялатсын...» — бұл сөзді күйеуім маған талай мәрте айтқан еді. Бұл дұғаның мәні мен даналығын мен енді ғана ұқтым. Бірнеше күн бойы маза бермеген «ол мені енді кешірмейді» деген ой да ғайып болды. Өйткені менің жүрегімді небәрі бірнеше бетін оқығанда-ақ жібіткен бұл кітаптар — менің жарымның неше жылдан бергі серігі еді ғой...
Сол күнгі менің өз қателігімді мойындағаным жұбайымды қатты қуантты. Осылайша, мен одан кеңпейілділік пен сабырды үйрендім. Кімде немесе не нәрседе біз үшін қайыр бар екенін тек Ұлы Алла ғана білетіндігі сөзсіз...[1]
[1] islam.uz (қазақшағалан islam.kz)