«Мен ғой» дейсің, сен кімсің?
«Мен ғой» дейсің, сен кімсің?
9 жыл бұрын 5348
Aхмет Ш.

Исламға дейінгі қараңғы дәуір деп аталған кезеңде отбасында ұяттылықты сақтау турасында қандай да бір ереже болмайтын. Мүшріктер кез келген уақытта кез келген үйге рұқсат сұрамастан кіре беретін. Ол үй мүшесі киімшең кейіпте болса да барып сөйлесуден тартынбайтын.  Мәдиналық бір мұсылман әйел бір күні арнайы іздеп келіп:

– Уа, Расулалла, тәуліктің кез келген уақытында бөлмеме кіріп-шығып жүре беретіндер бар. Кейде ыңғайсыз жағдайлар орын алады. Осы турасында бір ескерту жасасаңыз, ешкім ешкімнің үйіне, жеке бөлмесіне рұқсатсыз кірмесе, – деп өтінішін білдірді.

Осы уақыттарда хазірет Омар да (р.а.) осындай ұсыныс айтты:

– Уа, Расулалла, мені шақырсын деп жіберген балаңыз рұқсат сұрамастан жатын бөлмеме кіріп барғаны. Киімшең жатыр едім, ыңғайсызданып қалдым. Жасаған ие осы турасында бір тыйым салса, ешкім ешкімнің үйіне, жатын бөлмесіне рұқсатсыз бас сұқпаса. Ешкім ешкімді киімшең қалыпта көрмесе...

Осыған ұқсас ұсыныстар көбейген уақытта «Нұр» сүресіндегі отбасы ішіндегі ережені сақтауды білдіретін аяттар бірінен кейін бірі түсе бастады.  Ол аяттар мынандай ережелерді бекітті:

«Әй, сенім иелері! Өз үйлеріңнен басқа үйлерге кіргілерің келгенде, әуелі рұқсат сұрап, сәлем беріңдер! Рұқсат берілсе, ішке кіріңдер! Рұқсат берілмесе, кері қайтыңдар. Рұқсат етілмеген үйге кірмеңдер! Өз үйлеріңдегі отбасы мүшелері де түнде бір-бірінің бөлмесіне рұқсатсыз кірмесін. Күндіз тынығу кезінде денесі ашық болуы мүмкін уақыттарда хабар берместен бөлмеге бас сұқпасын. Сендер үшін ең дұрыс әрі қайырлысы осы».

Осы мазмұндағы аят-хадистерде ендігі жерде қараңғы дәуірде қалыптасып қалған дағдылар өзгеріп, мұсылманның отбасы ішіндегі ұят мәселесі қолға алынды. Бөтен үйге және жеке бөлмеге қалай кіру ережесі бекітілді.

Ислам тәрбиесі бойынша ендігі жерде сырттан келген әлдекімнің үйге рұқсатсыз кіруіне тыйым салынды. Бөтен адамдар әуелі сыртта тұрып үш рет рұқсат сұрауы тиіс. Іштен естілген дауыс егер рұқсат етсе, ішке кіреді, рұқсат бермесе, кері қайтады. Үш мәртеден көп рұқсат сұрап тұрып алуы да жөн емес болып табылды.

Бұдан бөлек, есікті қағып немесе сәлем беріп рұқсат сұрағанда, есіктің тура алдында емес, оң жағына не сол жағына өтіп күтуі тиістігі білінді. Іштен есік ашылғанда, үй ішіне көз жүгіртпеуі тиіс болды, өйткені дәл сол уақытта үй іші дайындықсыз, ретсіз болуы мүмкін. 

Тағы бір мәселе, іштен «Кім бұл?» деген сұраққа, белгісіздеу етіп «Мен ғой» деп жауап бермеу. Оның орнына жауабын толықтырып «Мен пәленшемін, түгеншеге жолығуға келіп едім» деп өзін танытқаннан кейін барып рұқсат сұрауы керектігі белгілі болды.

Әлеуметтік қатынастарды қайта жаңалаған Ислам дінінің осы бір қағидаларын Мәдина жұртшылығы қуана қабылдады. Бірақ мәселені айшықтай түсуді қажет еткен кейбір оқиғалар да кездеспей қалмады.

Бір жолы Пайғамбарымыз жолығуға бір сахабасының үйіне барды. Кім екенін айтып, есіктің жанында тұрып үш рет дауыстап сәлем бергеніне қарамастан, іштен сәлемді алған дауысты естімегендіктен, кері қайтты. Кетіп бара жатқаны сол екен, үйден шыққан Сағыд ибн Үбада жүгіре жетіп:   – Уа, Расулалла, – деді, – айып етпеңіз, мен үйде едім. Сәлем дұғаңызды көбірек алғым келіп, дауысымды естірпей, жай ғана дауыспен сәлеміңізді алдым. Өтінемін, үйге жүріңіз, – деді. Кішіпейілдігімен үлгі болған Нәби реніш танытпастан сахабасының үйіне қайта барды, ақжарқын пейілімен үй ішіндегілерді қуанышқа бөледі.

Бір сахабасы тағы бір маңызды сұрақты былай деп қойды:

– Аяттардан байқағаным, бір отбасы мүшелерінің өзі бір-бірінің бөлмесіне рұқсатсыз кірмеуі тиістігі. Сонда мен өз шешемнің бөлмесіне де кіру үшін рұқсат сұрауым керек пе?

Пайғамбарымыз бұл сұраққа да нық жауап берді:

– Иә, түнде тынығуға жатып қалғанғаннан кейін өз туған шешең болса да бөлмесіне тек рұқсат сұрап қана кіруің керек. Рұқсатсыз кіруге болмайды!

Осыдан кейін барып Ислам дініндегі отбасында сыпайлық пен ұятты сақтау мәселесі нақтыланды. Енді ешкім ешкімнің үйіне де, жатын бөлмесіне де рұқсатсыз кірмеуге мұқияттылық танытты. Ешкім ешкімді киімшең қалыпта көрмейтін болды. Бір отбасы мүшелері болса да сыпайыгершілік сақтап, ұятқа көңіл бөліп, бір-біріне бұрынғыдан да артық құрмет көрсетті. 

Бұндай діни ережелер мұсылманның отбасылық өмірін толықтай қауіпсіздікте ұстады. Осы негізде сезімнің бұзылуы мен тәрбиесіздікке жол берілмеді. Бұндай ережеге мән бермейтін жатжұрттықтарда байқалатын отбасы ішілік эмоциялық ауытқулар мен тәрбиенің бұзылуы мұсылмандардан байқалмады. Осы себепті жатжұрттықтар: «Мұсылмандарда отбасы құрылымы өте мықты, оңайлықпен құртылмайды» деп еріксіз мойындады.

Бір күні сахабадан хазірет Жабир Пайғамбарымыздың есігіне келіп: «Ассалаумағалайкум, мен келдім», - деп рұқсат сұрады. Оның бұлай рұқсат сұрауын ұнатпаған Расулалла ескерту жасады: «Неге әуелі өзіңнің кім екеніңді айтпай «Мен келдім» дейсің?! Сенің кім екеніңді жұрт қайдан біледі? Әуелі өзіңді таныт, содан кейін барып кіруге рұқсат сұра!»

2 пікір