Күйеуіңізді өзгерткіңіз келсе...
Күйеуіңізді өзгерткіңіз келсе...
6 жыл бұрын 6013
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

Сіз күйеуіңізді өзгерте алмайсыз, бірақ күйеуіңіздің жақсы жаққа қарай өзгеруіне жәрдем ете аласыз. Мұның алғашқы қадамы -  өзіңізді өзгерту. Күйеуіңізге деген құрметіңізді арттырып көркем мінезбен қарым-қатынас жасай бастасаңыз, күйеуіңіз де жаман қылықтарын тастауға тырысатын болады. Күйеуіңізді қатты қадірлейтініңізді білдіру арқылы оған көп нәрсені оңай орындатуыңызға болады. Ер адам арыстан секілді бірден жалынан сипата салмайды. Мына оқиғаға назар аударыңыз:

Отбасында қиындық көрген әйел кісі күйеуінің үстінен шағым айтып, даналығымен аты шыққан қарияға келіп жолығады. Қарияға күйеуінің қырсық әрі қатал екенін, бір мәселеде ортақ шешім таба алмайтындарын, күйеуін өзгертуге қанша тырысса да еш нәтижеге қол жеткізе алмағанын, шыдамы таусылғанын, осы мәселені шешіп беру үшін ақыл-кеңес сұрай келгенін білдіреді. Қария кісі әйелдің сөзін мұқият тыңдап болған соң:

– Сүйінші! Мен мұның жауабын білемін, бірақ бір шартым бар, соны орындасаң ғана айтамын, – дейді. Әйелі кісі:

– Қандай шарт болса да орындауға дайынмын, тек жауабын айтсаңыз болғаны.

Қария кісі:

– Маған ормандағы аң патшасы арыстанның жоны- нан бір тал қыл алып келсең ғана жауабын беремін, – дейді. Әйел кісі таң қалып:

– Арыстанның?! Бұл әзіліңіз бе, оған менің шамам келмейді ғой.

Қария болса:

– Онда өзің біл, ешкімді мәжбүрлемеймін, бірақ жауапқа мұқтаж өзіңсің.

Ұнжырғасы түсіп үйіне оралған әйел не істерін білмей дал болады. Шаңырағының шайқалғанын қаламайды. Отбасында күйеуімен ортақ тіл табысып, бақытты өмір сүргісі келеді. Не істейді? Ақыры, не де болса қарияның шартын орындауға бел байлайды. Сөйтіп, күн сайын белгілі бір мөлшерде ет алып аң патшасы арыстанға апарып тұрады. Алғашында етті арыстанның алдына сонау алыстан тастайтын. Уақыт өте келе арыстанға жақындай түседі. Күнде өзіне құрмет көрсетіп азық әкеп беретін мейірбан жанға арыстанның да еті үйренеді. Ақыр аяғы арыстанға жақын барып жонынан сипай алатын деңгейге жетеді. Арыстанның жонынан бір тал үзіп қарияға әкеліп береді.

– Қойған шартыңызды орындадым, ендігі кезек өзіңізде, – дейді.

Қария кісі әйелден бұған қалай қол жеткізгенін баяндап беруін сұрайды. Оқиғаны мұқият тыңдаған қария кісі әйелге былай деп жауап береді:

– Өз сұрағыңа өзің жауап бердің. Ал енді үйіңе орал да, арыстанға көрсеткен құрметті күйеуіңе де көрсет. Күйеуің арыстаннан асқан жыртқыш емес шығар!

Әйел жымиған күйі басын төмен түсіріп:

– Дұрыс айтасыз, қария! – деді.

Есте сақтаңыз:

Сіз білесіз бе? Әйел адам нәзік болса да үлкен күшке ие! Мысалы, ер адам қанша мықты болса да түн ұйқысын төрт бөліп бала тәрбиелеуде әйелден жеңіліп қалады. Сіз сондай күшке иесіз: жыртқыш арыстанды да өзіңізге баурап ала аласыз. Ал енді сізді жақсы көретін, сіз де оны жақсы көретін күйеуіңіздің жүрегін жаулап ала алмаймын дегеніңізге сенбейміз! Алланың разылығына бөленуіңізге себепкер әрі жаннатыңыз болған күйеуіңізбен арада сүйіспеншілік орнатуға ұмтылыңыз. Бұл сіздің қолыңыздан келеді. Ер мен әйелді жұп қылып жаратқан Алла тағала адам баласына қолынан келмейтін жүкті жүктемейді.

«Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді. Әркімнің істеген жақсылығы өз пай- дасына және істеген жамандығы өз зиянына» [«Бақара», сүресі 286-аят].
0 пікір