Адамның кейде ашуға берілетін кездері болады, ол – табиғи нәрсе. Бұл жерде маңыздысы – ашуды асқындырып алмау және ашуды тарқату үшін түрлі тәсілдерді қолдана білу (1). Мысалы, адамға атылғалы тұрған қабаған ит қожайынының «тоқта» деген бұйрығын естіген кезде, бар ашуын ішіне бүгіп райынан қайтады. Сол секілді іштегі ашу да адамның өзінен, яғни қожайынынан қорқу керек. Адам ашудың алдын алуды немесе іште бүгіп тұншықтырып тастауды үйренгені жөн. Бұл әрине бірден бола қоятын іс емес. Бірақ адамның оған шамасы жетеді (2).
Ашуды шектен шығармауда жауапкершілік адамның өзіне жүктеледі. Өрт сөндіруші жанып жатқан отты өшіруге қалай асықса, ашуды басуға біз де солай асыққанымыз жөн. Бұл – бір!
Екіншіден, жанымыздағы адамның ашуын не тудырады, оны да білгеніміз жөн! Әсіресе әйел кісі өзіне мына сұрақты қойғаны абзал: «Қай уақытта және не істегенімде күйеуімнің ашуы келеді?»
Осы сұрақты әркім өзіне қоятын болса, көптеген проблеманың алдын алар еді. Жауабын дұрыс таба білген әйел күйеуін орынсыз ашуландырмаудың жолын үйренеді. Мысалы, қаламды «мінеки алыңыз» деп беру мен «мә!» деп лақтыра салудың арасында үлкен айырмашылық бар.
Ендеше, ерлі-зайыптылар бір-бірінің артық және кемшін тұстарын жақсы білуі тиіс. Бірақ, «сен мынадайсың» – деп айтудың да қажеті жоқ. Іштей біліңіз және соған қарай әрекет етіңіз. Күйеуіңіздің кемшін тұстарын толықтыруға жәрдемдесіңіз. Үнемі демеп отырыңыз. Кемшіліксіз адам болмайтынын естен шығармаңыз. Үйдегі мәселе сыртқа шықпасын, үйде шешімін тапсын, соны қадағалаңыз. Ер мен әйел бір- біріне киім іспеттес, кемшілігін жасырып, жақсылығын асырып отырады.
Есте сақтаңыз:
– Ерлі-зайыптылар бір-бірінің артық және кем тұстарын, нені ұнатып, нені ұнатпайтынын білуге тырысқаны жөн. Қасындағы адамның ашуын не тудыратынын және нені ұнатпайтынын білген адам қарым-қатынаста қателікке аз ұрынады.
– Алдындағы адамның ашуын не тудыратынын білген адам өзінің де қай жерде қателік жібергенін аңғара алады. Ал адамның өз қателігін көре алуы басқаға кешіріммен қарауға көмектеседі.
– Отыз жыл отау құрса да, бір-бірінің артықшылығы мен кемшілігін әлі де білмейтін адамдар бар. Сіз олардың қатарына қосылмаңыз! Ең болмағанда күйеуіңіздің нені және кімді жақтырмайтынын, қандай сыйлық ұнататынын, қандай тағамды жақсы көретінін, қандай іс оған ауыр келетінін білгеніңіз жөн.
– Мына нәрсені естен шығармаңыз: күйеуіңіздің кемшін тұстарын білу – екеуара жақсы қарым- қатынас түзеп, отбасыда орын алатын проблеманың алдын алу үшін қажет. Әйтпесе, оның кемшілігін бетіне басып, намысына тиіп, ар-ұжданын таптау үшін емес.
– Мына төрт нәрсені де естен шығармаңыз: Бірінші, күйеуіңіздің кемшілігін өзі сұраса ғана насихат қылып айтсаңыз болады, сұрамаса, білмеген адам секілді болыңыз. Екінші, күйеуіңіздің кемшілігін білу сіздің оған деген жақсы көзқарасыңызды өзгертпесін. Үшінші, күйеуіңізге жақсы жаққа қарай түзелуіне жәрдем беріңіз, үнемі демеп отырыңыз. Төртінші, кемшілігін біліңіз, бірақ көрмеуге тырысыңыз, әрдайым жақсы жағын көруге күш жұмсаңыз (3). Адамның артықшылығын көре білу – үлкен ерлік.
Сілтемелер:
- «Алла елшісі: «Нағыз мықты – күресте қарсыласын жеңген емес, қатты ашуланғанда, өз-өзін ұстай (жеңе) білген адам», – дейді. (Бұхари, Әдәб 102; Мүслим, Бирр 106).
- «Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді» («Бақара» сүресі, 286-аят)
- Иса пайғамбар бір күні қасындағы серіктерімен жолда кетіп бара жатып өлген итті көреді. Қасындағы серіктері мұрындарын қолымен басып: «Исі неткен жаман еді!» – деп айта бастайды. Сонда Иса пайғамбар: «Мына иттің тістері қандай аппақ еді!» – дейді. (Сасып, шіри бастаған өлі дененің жақсы жағын көре білу арқылы қасындағы серіктеріне ғибрат аларлық ой тастаған еді).