Кемшіліксіз күйеу мен жақсы әйелді қалай табамыз?
Кемшіліксіз күйеу мен жақсы әйелді қалай табамыз?
7 жыл бұрын 6485
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ

Барлық некелі жұптардың ұрыс-керісі бейсананың күші мен қызметін жоққа шығарудан екен. Бейсананың заңдылығын дұрыс қолдана білген жұптар өз тайталасын шеше алады. Бірге дұға жасаған жұп әрқашан бірге қалады. Үйлесімді некедегілер өмір туралы, Құдай хақында екеуара келісілген ортақ мақсат пен жоспар құра отырып бақытқа кенеледі. Себебі, оларды бірлік, ымырашылдық, келісім мен өмірді сүю біріктірді. 

Шама келсе, ажырасу туралы ойды үйленбей тұрып шешкен дұрыс. Әрине, қиын жағдайдан шығудың жолын іздегеннің еш жаманаты жоқ. Бірақ бір сұрақ туындайды. Жаманатты болдырмаудың амалы жоқ па? Отбасылық кикілжіңнің басты себебін тауып, соның неден шыққанына көз жеткізген абзал емес пе? 

Әйел мен еркектің арасындағы қиын қарым-қатынас, ажырасу, бөлектену, бір-бірін кінәлау, соттасу дегеннің бәрі ол екі адамның бейсана мен сананың байланысы туралы түк білмегендігінен. 

Некенің маңызы

Іргесі мықты неке тек рухани жақындықпен құрылуы хақ. Ол жүректен шыққан тілек болуы керек. Себебі, жүрек – махаббат бесігі. Шыншылдық, адалдық, мейірім мен мінездің бүтіндігі – толықтай махаббаттың ажырамас бөлігі. Жұптағы екеу әрқашан бір-біріне адал, ашық-жарқын болғаны жөн.

Егер еркек тек ақша үшін үйленсе, ол неке шынайы болды дей алмаймыз. Мұндай неке жалған болып шығады. 

Егер әйел, «жұмыс істеуден шаршадым, күйеуге шыққым келеді, отбасыда қауіпсіз болсам екен» десе, мүлде теріс ұстаным ұстанғаны. Ол сананың күшін дұрыс қолданбай тұр. Оның қауіпсіздігі сана мен бейсана күштерін дұрыс пайдалануға тіреледі. Әйелге байлық күйеусіз де келе береді. Денсаулық, байлық, қызмет, қауіпсіздік, бақыт, және т.б. бәрі әйелге күйеусіз де беріледі. Әйелдің қауіпсіздігі мен рухани тыныштығы өзінің ішкі қуатын сезінуден туады. Ол үшін бейсана мен сана күштерін тек жақсылыққа бағыттап отыруы қажет. 

Кемшіліксіз күйеуді қайдан тапса болады? 

Сана мен бейсананың жұмыс істеу кестесін меңгерсеңіз, қандай күйеу керектігін сипаттай алатын боласыз. Бір тәсіл: кешке таман ыңғайлы орындыққа отырып, көзіңізді жұмып, тынышталыңыз, тәніңізді босаңсытып, рақаттаныңыз, сананың пассив әрі қабылдағыш қалпына ыңғайланыңыз. Бейсанаңызға: «Қазір мен өзіме адал, шыншыл, сенімді, жайдары, оптимист, малтабар жігітті тартамын. Осы қасиеттердің бәріне сүйсінемін. Олар менің бейсанама сіңіп қалды. Осындай мінез туралы жиі ойлаймын. Олар менің ажырамас бөлігіме айналды. Бейсанама жазылып қалды. 

Мен тартылыс күшінің бар екендігіне сенем. Өзіме бейсанамда бекіткен азаматты тартатыныма сенем. Мен оның бақытын еселейтініме сенем. Ол менің идеалдарымды жақсы көреді, мен оның идеалдарын жақсы көрем. Ол менің мінезімді өзгертуге құлшынбайды. Мен де оның менін өзгертуге талпынбаймын. Біз бір-бірімізді сүйеміз, бір-бірімізге деген махаббатты сыйлаймыз, еркіндігімізді құрметтейміз». 

Осындай тілекті күнделікті ұйықтар алдында немесе құлшылық кезінде қайталап, бәлкім өзіңізге лайықты мәтінмен жасарсыз, әйтеуір, бейсанаңызға бекіте бересіз. Дәл өзіңіз сипаттаған адаммен жолыққанда ғажап қуанышты сезінесіз. Сіздің бейсаналық зейініңіз екеуіңізге лайық ортақ жолды табады. Махаббатын жолықтырған адам оған шын ниетімен жүрегін ашып, қатты сеніп, адал болуы тиіс. Бейсанаңызда іргесі қаланған махаббатыңызға құрмет көрсетуге дайын болыңыз. 

Жақсы әйелді қалай жолықтырады? 

Былай деңіз: «Мен дәл қазір өзіме ең керек әйелді тартып тұрмын. Оның мінезі, идеалдары менікімен тұтастай үйлеседі. Біздің махаббат адамның тұлғасын дамыта отыра жетілетін рухани одақ. Біз екеуміз бір бүтін болуға талпынамыз. Мен бұл әйелге махаббат, жарық, бейбіт аспан, қуаныш сыйлайтыныма сенем. Осы әйелдің өмірін бақытты, төрт құбыласын түгелдей алатыныма сенем. 

Мен өзіме тартып тұрған әйел мынадай қасиеттерге ие: ол рухани бай, адал, сенімді, шынайы. Ол үйлесімді әрі бақытты адам. Біз бір-бірімізге іргеміз сөгілместей сіңісіп кеттік. Менің өміріме тек шынайы махаббат, ақиқат, сұлулық қана ене алады. Дәл қазір қарсы алдымда менің идеал серігім тұр, оны бар болмысыммен қабылдаймын». 

Неғұрлым сабырлы күйде келешек серігіңіз туралы ойлап, оның мінез-құлқын қиялыңызда сипаттасаңыз, бейсанаңызға дәл сондай адамның баламасы жазылады, сол адамды жолықтыру ықтималдылығы арта береді. Бейсанадағы терең иірімдерге мықтап жазылған сипаттама, яки мінездеме бір күні алдыңыздан шығады. Объективті өміріңіздің қуанышына айналады. 

Ажырасу 

Кеше ғана отасқандар бүгін ажырасуға арыз жазды. Менің анықтауымша, ері әйелім тастап кетеді деп қорқып өмір сүрген. Отбасылық өмір тек ұрыс-керіс деп ойлап, тек соны күткен. Әйелім көзіме шөп салады, мен соған ғана лайықпын деп іштей ойлай берген. Осындай ойдың ырқынан шыға алмай, әйелінен үнемі күдіктеніп, ажырассам қайтеді деп шаршаған. Әйелі күйеуінен еш жылу көрмеген. Қабағы ылғи түюлі, ол мені сүймейді деп ойлайды. Сонымен, екеуінің қарым-қатынасы тығырыққа тіреледі. Бұл жағдайды күйеуі тартқан. Себепші сол. Салдарын әйелі сезіне бастаған. Ойлау дегеннің өзі ең үлкен әрекет. Оның жауабын бейсана береді. Ақырында әйелі күйеуінен кетіп тынған. Ажырасуға арыз берген. Күйеуі сонша қорыққан, күткен нәрсе орындалған. 

Ажырасу ең алдымен санада жүреді. Содан кейін барып өмірде орын алады. Екі жас адам бір-біріне деген өкпе-реніш, күдік-күмән, ашу мен қорқыныштарын жия берген. Мұндай қарым-қатынас жақсы сезімнің бәрін жояды. Олар жек көру адамды айыратынын, жақсы көру біріктіретінін пайымдады. Дұрыс ойламағандарын түсінді. Олардың екеуі де менталды әрекет заңдылығы туралы түк білмеген. Олар санасын мүлде кері бағытта қолданған. Қолдарынан тек қарым-қатынастарын суыту ғана келіпті. Менің ақылымды алған екі жас тәжірибе ретінде бірге дұға жасауды үйренді. Содан кейін бір-біріне мейірімді, қамқор болып, жүздерінен махаббат пен қуаныш сезілді. Бірге дұға жасаудың арқасында олар махаббаттарын сақтап қалды. Шаңырақ шайқалмады. Күн өткен сайын бір-біріне деген ілтипаттары арта берді. 

Кесір әйел

Көп жағдайда әйелдің кесірлігі оған бөлінбеген көңілден боп жатады. Әйел тұрмысқа шыққан соң ерінің көңіл бөліп, сүйіспеншілігін білдіруін күтеді. Әйеліңізге назар салыңыз, оған көңіл бөліңіз, жақсы жағын мақтаңыз, жасаған тамағына тәнті болыңыз, игі әрекетін айтып отырыңыз. Оның жақсы мінезіне қолдау білдіріңіз. Кейбір әйелдер күйеуін ерекше стереотиптегі дағдыға сай өзгертіп алғысы кеп тұрады. Мұндай әрекет күйеуден тез құтылудың жолы деп біліңіз. 

Әйелі мен күйеуі ұсақ-түйекті қопара беруді тоқтатуы керек. Бір-бірінің бойынан қателік пен кемшілік іздеуді доғарсын. Бірі екіншісіне көңіл бөлуді қолға алсын. Екіншісі серігінің бойынан жақсы қасиеттерді көруді үйренсін. Шын көңілмен мақтасын. 

Томаға тұйық күйеу

Егер ері әйелінің қылықтарын жақтырмай қабағы түсіп, ашулана берсе, онда психологиялық тұрғыда мұнысы әйеліне опасыздық жасаумен теңестіріледі. Егер ері әйеліне ашуланса, оны жек көрсе, үндемей ала көзбен атып қараса, онда ол опасыздық жасаған боп есептеледі. Ол неке суын ішкенде берген антын бұзғаны. Егер әйелін көрген сайын ашуланып тұрса, ашуын ырықтап, оған жақсы мінез көрсетсін. Әйеліне мұқият болсын, мейірімді, биязы болсын. Барлық дау-дамайды әйелін мақтай отырып айналып өтіп кете алады. Осыны түсінсін. Сол арқылы ойлау жүйесін өзгертеді. Сонда әйеліне деген қарым-қатынасын өзгертеді. Тек әйеліне ғана емес, жұмыстағы әріптестерімен де тіл табысуы жеңілдейді. Жан-жүрегімен үйлесімді өмір сүре бастайды. Ер адам әрқашан үйлесімді өмір сүруі керек. Сонда отбасылық өміріңіз бір арнаға түсіп, жан тыныштықпен, келісіммен өмірге береріңізді еселейсіз.

Бірге дұға жасау

Біріншіден, ешқашан бүгінгі ұрысты ертеңге қалдырмаңыз. Дер кезінде татуласып отыруды әдет қылыңыз. Бір-біріңізді кешірмей тұрып ұйықтап қалмаңыз. Таңертең тұра салып бейсанаңыздан бүгініңіздің жақсы өтуін тілеңіз. Тек жақсылық ойлаңыз. Күйеуіңізге, не әйеліңізге, барлық туысыңызға, бүкіл әлемге махаббат, жақсылық, үйлесім мен тыныштық тілеңіз. 

Екіншіден, бірге дұға жасап дағдыланыңыз. Құдайдың нәсіп еткен әр ырыздығына алғыс білдіріңіздер. Дастархан басында шу шықпауды қадағалаңыздар. Әйеліңізге, не күйеуіңізге қалай жақсы көретініңізді айтып жүріңіз. 

Үшіншіден, ері мен әйеліне кешкілік дұғаны кезектесіп жасаған пайдалы. Сіздің өмірлік серігіңіз жайдан жай жолыға салған адам емес. Ол - тағдыр сыйы. Сол үшін алғыс айтыңыз. Екеуара қалғанда сүйіспеншілігіңіз бен сыйластығыңызды білдіріп отырыңыз. Бір-бірлеріңізді сынамаңыздар. Сынды бірге түзеңіздер. Бақытты отбасы – махаббатты сақтай алған, бір-біріне деген сыйластықты арттыра алған отбасы. Өмірге, Құдайға сенімі шайлықпаған адамдар. Дұғаны бірге жасаған сайын шаңырақтың іргесі беки түседі. Жыл өткен сайын жұбайлар бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын жағдайға жетеді.

Джозеф Мерфи

0 пікір