Кәсібі таза болсын деген кісі мына бес нәрсені есте сақтағаны жөн
Кәсібі таза болсын деген кісі мына бес нәрсені есте сақтағаны жөн
3 жыл бұрын 5389

Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди (рахимаһуллаһ) былай деген:

«Табысы таза болсын деген кісі мына бес нәрсені есте сақтағаны жөн:

1)  Кәсіп пен табыс үшін Алланың парыздарын кешіктірмеуі керек әрі парыздарын кем орындамауы керек.

2) Кәсіп үшін ешкімге зиян тигізіп, ренжітпеуі керек.  

3) Кәсіп қылып, табыс табудағы мақсаты – дүние жию емес, өзін және отбасын ешкімге қол создырмау болуы керек.

4) Кәсіп үшін өзін тым қатты шаршатпағаны жөн (тым берілмегені жақсы).

5) Ырзықтың кәсіптен емес, Алла Тағаладан келетінін, ал кәсіптің болса, жай бір себеп екенін білуі керек.  

Бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.у.) таза кәсіп жайында сұрады. Сонда Ол (с.а.у.):

«Таза кәсіп - кісінің өз қолымен істеген жұмысы және қиянат пен күмән араласпаған сауда», - деп жауап берген. («Имам Ахмед, «Мүснәд»).

Сахаба Мұъаз ибн Жәбәл былай деген:

«Қиямет күні пенденің мына төрт нәрсесі Алла Тағалаға көрсетіліп, сол төртеуі жайында сұралмай пенде бірде-бір адым ілгерілей алмайды. Ол төрт нәрсе: Денесін не нәрсеге тоздырды? Өмірін не нәрсеге жұмсады? Ілімімен қалай амал етті? Мал-дүниесін қайдан, қалай тапты және қайда жұмсады?» (Имам Тирмизи: «Сүнән», №2424 хадис).

Хәким былай деген:

«Адамдар кәсіп істеп, табыс табу жағдайында бес түрлі:

1) Бір адамдар бар, ырзық-несібенің Алладан келетініне сенумен бірге, кәсіптен де келетініне сенеді, олар Аллаға серік қосушылар.

2) Біреулер бар, ризық-несібенің Алла Тағаладан екенін біледі, бірақ Алла оған рызық бере ме, жоқ па, сол жөніне күмәнданады. Олар екіжүзділер.

3) Тағы біреулер бар, ризық-несібенің Алладан екенін біледі, бірақ Алланың ақысын орындамайды (зекет, садақа бермейді) және күнәдан тыйылмайды. Олар күнәһар мұсылмандар.

4) Тағы бір адамдар бар, ризықты Алладан деп біледі, ал кәсіпті тек себепші ретінде көреді. Табысының зекетін береді және кәсібі үшін күнәға бармайды. Олар ықыласты, нағыз мүміндер»[1].


[1] Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин».

0 пікір