Жүректі қажытатын 5 нәрсе
Жүректі қажытатын 5 нәрсе
4 сағаттан соң 87 islam.kz/

Аса Қамқор, ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау болса, бүкіл дене сау болады. Ал егер ол ауырса (бұзылса), бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», – деген.

Жүрек – тек қан айдайтын орган емес, ол біздің іс-әрекетіміз бен мінезімізді қабылдайтын «антенна» іспеттес. Ендеше, жүрегіміздің саулығына не кедергі келтіреді?

1. Пессимизм (Түңілу, жаман ойда болу)

Пессимистің хикаясы: Бір бақытсыз адам: «Уа, Алла, менімен сөйлеші!» – деп сыбырлайды. Сол сәтте даладағы шөптер сыбдырлап қоя береді. Бірақ ол естімейді. Ол айғайлап: «Алла, маған жауап берші!» – дейді. Күн күркіреп, найзағай ойнайды. Бірақ ол мұны елемейді. «Алла, Өзіңді көрсетші!» – дейді. Аспанда жұлдыздар жарқырай түседі... Бірақ ол көрмейді. Соңында ол жылап: «Алла, маған жақын екеніңді білдірші, қолымды ұсташы!» – деп жалбарынады. Сол сәтте иығына бір көбелек келіп қонады. Бірақ ол көбелекті қағып жіберіп, мұңайып кете береді.

Пессимизм – бұл, өмірге шынайы көзқараспен қарау емес, бұл жан дүниесі соқыр адамның күйі. Ол айналасындағы Алланың кереметтерін көре алмайды. Сол себепті, жақсылықты көруді үйреніңіз, Алла туралы ойыңызды түзеңіз, сонда өміріңіздің қаншалықты тамаша екенін түсінесіз.

2. Құлшылықтың жоқтығы немесе немқұрайлылық

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазды күніне бес рет шомылумен теңеген, яғни ол адамды тазартады. Ғалымдар да намаз кезіндегі адамның күйі сәбидің тыныштығына ұқсайтынын дәлелдеген. Намаз – жанды емдейді, жағымсыз энергиядан арылтады. Құлшылықтан қалыс қалу арқылы өзіңізді қандай үлкен нығметтен айырып жатқаныңызды ойланыңызшы.

3. Қарыз

Қарыз адамды күйзеліске түсіреді, қарым-қатынасты бұзады. Бұл жерде тек ақшалай қарыз емес, «рухани қарыз» туралы да айтылып тұр:

  • Отбасын тиісті деңгейде асырамау.
  • Қонаққа құрмет көрсетпеу.
  • Жұмыста бастықтың сенімін ақтамау.
  • Біреудің көңіліне тиіп, кешірім сұрамау.

Бұл қарыздар осы дүниеде іштей мазасыздық, кінәлау сезімі болып мазаласа, о дүниеде үлкен есеп болып алдымыздан шығады. Өзіңізді құтқару үшін бұл жүктерден арылуға күш табыңыз.

4. Нашар орта

Көп уақытыңызды кіммен өткізесіз? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам өз досының дінінде (жолында) болады. Сондықтан кіммен дос екеніне қарасын», – деген. Кейде біз шынымен бақытсыз болғандықтан емес, қасымызда үнемі шағымданатын «жылауық» немесе жалқау адамдар болғандықтан мұңаямыз. Айналаңызға жақсы адамдарды жинаңыз немесе өзіңіз өзгеру арқылы оларға үлгі болыңыз.

5. Сабырсыздық

Алла Тағалаға бір нәрсені істеу үшін «Бол!» десе жеткілікті. Бірақ табиғаттың өзінде ағаш егіле салып, жеміс бермейді, ол үшін уақыт керек. Бұл бізге «сабырлы бол» деген ишара емес пе? Ең тәтті жемістер – күте білетін, сабыр сақтайтын және Алладан үміт үзбейтіндерге бұйырады. Асығып, піспеген жемісті ерте үзген адамның еңбегі еш кетеді. Сондықтан қолыңыздан келгеннің бәрін жасасаңыз, әрі қарай нәтижесін сабырмен күтіңіз. Сізге бұйырған нәрсе сізден айналып өтпейді[1].


[1] Ася Гагиева, islam-today ru

 

0 пікір