Жүніп күйінше ұйықтауға бола ма?
Жүніп күйінше ұйықтауға бола ма?
4 жыл бұрын 17036

1. Әбу Ханифа өзінің ұстазы Хаммадтан, Хаммад Ибраһимнен, Ибраһим болса, Айша анамыздан жеткізген хадисте, Айша (р.а.) былай дейді:

عن حماد، عن إبراهيم، عن الأسود، عن عائشة قالت: كان رسول الله صلى الله عليه وسلم "إذا أراد أن ينام وهو جُنب توضأ وضوءه للصلاة"

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) жүніп болған күйі ұйықтағысы келсе, намазға дәрет алғандай дәрет алып жататын еді». (Әбу Ханифаның хадистер жинағы).

2. Айша анамыздан риуаят етілген басқа бір хадисте былай делінеді:

عَنْ عَائِشَةَ -رضي الله تعالى عنها-، قَالَتْ: كَانَ النَّبِيُّ ﷺ إِذَا أَرَادَ أَنْ يَنَامَ وهُوَ جُنُبٌ، غَسَلَ فَرْجَهُ، وتَوَضَّأَ لِلصَّلاَةِ.

«Пайғамбар (с.а.у.) жүніп күйінше ұйықтағысы келсе, әурет жерін жуып, артынан намазға дәрет алғандай дәрет алатын». («Сахих Бұхари»).

3. Тағы бір риуаятта былай делінген:

كان رسول الله صلى الله عليه وسلم إذا كان جنبا وأراد أن يأكل أو ينام ، توضأ وضوءه للصلاة  

«Алла елшісі (с.а.у.) жүніп болған кезінде тамақ ішкісі келсе немесе ұйықтағысы келсе, намазға дәрет алғандай дәретін алатын». («Сахих Мүслім»).


Хадистен түсінетіндеріміз:

  • Жүніп деген - ерлі-зайыптылардың қатынасқа түскеннен кейінгі немесе ләззатпен шәуәт бөлінгеннен кейінгі туындаған ғұсылсыздық күй. 
  • Жүніп күйінше ұйықтау күнә емес.
  • Жүніп адам ғұсыл құйынбай ұйықтайтын болса, толық дәрет алып барып жатқаны абзал. Үкімі - мұстахаб.
  • Ондай күйде ұйықтайтын кезде алдымен іш дәретін алады (астыңғы дәрет), одан кейін сырт дәретін алады.
  • Жүніп күйі ұйықтайтын адам дәрет алуды қиынсынса, таяммум соғуына болады. Кейбір риуаятта Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ондай күйде үйдің қабырғасына таяммум соғып барып ұйықтағаны айтылған. (Табарани, «әл-Әусәт»).
  • Жүніп күйінше тамақ ішкісі келетін адам, алдымен дәрет алып, одан кейін асқа отырғаны ұнамды (мұстахаб).
  • Дәрет те алмай, таяммум да соқпай жүніп халінде ұйықтаған адамға күнә жоқ. Бастысы намаз уақыты кіргенде тұрып, ғұсылдануы шарт.  

А. Қасым.

0 пікір