«Жеңіске жетудің төте жолы – өзіңнен ақылды, өзіңнен тәжірибелі адамнан үйрену»
«Жеңіске жетудің төте жолы – өзіңнен ақылды, өзіңнен тәжірибелі адамнан үйрену»
5 жыл бұрын 4192

 

«Менің білетінім – ештеңе білмейтінім». Сократ.

Қай саланы таңдасаң да сол саладағы авторитеттерді білуің керек. Қай салада да саған үйретері көп адам табылады. Олармен араласу көзқарастарыңды өсіреді, біліміңді тереңдетеді. Сонымен бірге ең жоғарғы орталарға есік ашады.

Адамдардың көбі кездесулерге, танысуларға мән бермейді. Есесіне, жақсы адаммен өткізілген жарты сағат өмірге деген көзқарасыңды өзгерте алуы мүмкін. Сондықтан да өмірлік жолыңнан, уақытыңды алатын, пайда әкелмейтін, ықпалы кері, әрдайым кедергі келтіретін адамдарға өз уақытыңды ысырап етпе.

«Ел қатарлы өмір сүрсең, елден ерекше нәтиже бермейсің»

Өзіңнен табысты адамдары ізде. Мысалы, Федер Овчинниковті іздеп Сыктыкварға бардым. Ол кезде әлі не істейтінімді білмеймін, бірақ бірдеңе істеуге болатынын білемін. Жаңа тыныс керек болды. Бірақ қай бағытқа қараймын? Елдің бәрі Түркияға барып жатқан кез. Шабыт іздеген жерімді қараңыз. Бір қарағанда түсініксіз. Бірақ ел қатарлы өмір сүрсең, елден ерекше нәтиже бермейсің деген жақсы сөз бар. Ел бармаған жермен жүру керек, ел көрмеген жерді көру керек. Бұл өзі жердің түбі. Мың шақырымнан кейін Солтүстік мұзды мұхит. Овчинников – «Додо Пиццаның» негізін қалаушы. 24 жасында «Сбербанктен» 400 мың рубль несие алған. Пәтер жөндеймін деп алған несиеге Сыктыкварда кітап дүкенін ашады. Біраз уақыттан кейін ол инвосторларды тарта алды, сөйтіп, онысы «Книга за книгой» сегіз дүкеннен тұратын сауда желісіне айналды.

Алайда 2008 жылғы дағдарыстан соң қарыздардан құтылу үшін өзінің үлесін түкее тұрмайтын ақшаға сатуына тура келеді. Бұл туралы журналист Максим Котин «И ботаники далают бизнес» деген кітап жазды. 2011 жылы Федор Сыктыкварда бірінші пиццериясын ашты. Бес жылдан кейін әлемнің тоғыз елінде (АҚШ, Англия, Эстония, Литва, Румыния, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан) 160 пиццериясы жұмыс істеп тұрды. Бүкіл Ресейді пиццаға «отырғызды»: 14 пиццериясы бар. Ол, керек десеңіз, итальян тағамдарына маманданатын IL Patio желісін де (135 мейрамхана) басып озған адам. Қысқасы, Овчинников білгенімен көп бөлісті, мені шексіз байытып жіберді. Одан көп нәрсе үйрендім. Егер сонда бармасам, бәлкім, «Rumi»-дің негізгі философиясы да болмас па еді. Әлі күнге дейін араласып, жөн сұрасып тұрамыз.

Мысалы, ол соншама табысты кәсіпкер болғанына қарамастан, өзі блог жүргізеді. Бұл – ол үін франчайзингке адамдар тартудың, басқа сөзбен айтқанда, шығыс есебінің бәрін ашық жаиялайды интернетке. «Мұның не?» дегенде: «Бұл артқа шегінбеуге стимул» дейді. «Кірісің мен шығысың елдің көз алдында болған соң, жарты күшпен жұмыс істеуге құқы жоқ». Маған осы идеясы ұнады, өзіміз де есеп-қисабымызды ашық жүргізуге тырысып жүрміз. Сол сияқты, Артем Овечкинмен кездесу үшін Мәскеуе екі сағатқа ұшып барып келгенім бар.

Көмек сұра. Феррацци «консультативті кеңес» деп атайтын мамандар тізбегін қалыптастыруды айтады. Екі-үш кеңесші, өзіңнен тәжірибелі, өзіңнен білімді адамдардың кеңесі ешқашан артық етпейді. Бір қызық құбылыс бар, оны Трейси де атап өтеді: адам өзіне көмектескен адамнан гөрі өзі көмектескен адамды көбірек ұнатады. Өйткені сен біреуден көмек сұрасаң, ол бейсаналы түрде жаны семіріп, мерейі үстем болып қалады: өзін ықпалды, маңызды адам сезінеді. Сондықтан менторлардан көмек сұраудан қысылма. Мұныңмен өзің пайдалы, оларға жағымды әрекет жасадым деп санай бер. Мен Овчинниковқа барғанда, ол үшін бейтаныс адам едім. Әлі бизнесім де жоқ. Бірақ ол пікірлесуден қашқан жоқ, ойын жайып салды, кеңестерімен бөлісті. Бұл маған көп көмек берді.

«Керек адамдармен танысып, олардан дәріс алу, үйрену – өсемін деген адамның міндеті»

Табысты адамдардан өзгелер де үйренетін жағдай жаса. Жақында IFC (Әлемдік банктің бөлімшесі) корпаративтік басқару бойынша курстан өттік, үздіксіз өсу, тәуекелдерді басқару, стандартизация, т.б. маңызды нәрселерді үйретті. Жас компаниямыз, бірақ бізге стартап деңгейінен тезірек өтіп, басқарудың неғұрлым дамыған үлгілерін пайдалану керек болды. Сол сияқты, «Превосходный сервис» кітабының авторы Джон Шоулдың[1] семинары өтті. Оны біздің қызметкерлер жақсы біледі, өйткені көп үрдісті дәл осы кітап бойынша рельске қойғанбыз. Біздің командадан 16 адам, оның ішінде өзім де бармын, семинарды тыңдадық. Семинардан кейін, әрине, өзіміздің палауды ұсындық. Ең тамашасы, Шоул «Тамаша сервис» деп баға беріп кетті. Бірақ осы семинардан біз әлі де өсе алатынымызды түсініп қайттық. Қысқасы, керек адамдармен танысып, олардан дәріс алу, үйрену – өсемін деген адамның міндеті.

Соңғы кезде маған түрлі сұрақтармен келетін адамдар көбейді. Және байқағаным, жоғарыда айтқан ережелерді ғана емес, ең қарапайым дүниелерді ескермейді екенбіз. Кездесуге байланысты мына ойларыммен бөлісейін.

«Адам өзі жақсы болмай, өзгенің жақсы болуына көмектеспейді» 

Кездесетін адамың туралы ақпарат ізде. Әсіресе, ол саған «керек» болса. Googl-дан ізде,  Facebook, Twitter, Instagram, «В Контакте» желісін ақтар, таныстарыңнан сұра. Қысқасы, оның немен айналысатынынан хабардар бол. Ақпаратты басқарған адам, ситуацияны да басқарады. Сөйлесетінің кәсіпкер болса, оның өнімінің (тауарының) дәмін татып көр. Маған іскерлік қарымқатынас ұсынып, ешқашан «Rumi»-де болмадым деген адаммен сөйлессем, өзімді қолайсыз сезінемін. Әдетте алдымен біздің мейрамханаға барып көруін сұраймын, содан кейін ғана кездесуге келемін. Сонда немен айналысатыныңды түсіндіріп уақыт шығындамайсың.

Егер іскерлік қарым-қатынас орнатқың келсе, оның айналасын зертте. Ортақ жоба бастағалы тұрған адамның айналасына назар аудар: оны қоршаған адамдар қалай киінеді, қандай көлік мінеді, не ішеді, қанша уақыттан бері жанында... 2011 жылы бір кәсіпкер бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. Естуімше, сол кезде оның есепшоты 19 миллион доллар шамасында еді. Бірақ, қасындағы орынбасарына қарап, олардың осыншама табыс табатынына сенбейсің. Оң қолы болып саналатын, компанияға жылына 800 мың доллар шамасында табыс тауып беретін қызметкер 75 мың теңгеге пәтер жалдап тұратын, автокөлігі арзан, киімі мен стилі де атқарып жүрген қызметіне сәйкес келмейтін. Сол кезде түйгенім: басқа біреуді жарылқамаған адам, сені де жарылқамайды. Сондықтан да біреумен жұмыс істемес бұрын, оның басқаларға деген қарым-қатынасына назар аудар.

Таразда жүрген кезде, бір адам мал шаруашылығымен айналысуды ұсынды, оны әкем қолдап, ет сатып табыс табуды жөн көрді. Бұны қайдан көрдіңіз, идея қайдан келді деп сұрағанымда, әкем мені сол танысына апарды. Барсам, үйі зәулім сарайдай, мінген автокөлігі үлкен, сол кезде бұл кәсіптің жақсы пайда әкелетінін түсіндім.

Бір адам жақында ғана Өзбекстаннан жеміс-жидек әкеліп, оларды өткізумен айналысайық деп ұсыныс жасады. Бірақ өзінің түр-сипатына қарап, оның сондай жұмысты алып кете алатынына, жеңіске жеткізетініне сенбейсің. Бұндағы айтайын деген негізгі идеям – адамның өзі жақсы болмай, өзгенің жақсы болуына көмектеспейді. Өзін жарылқамаған адам, басқаны да жарылқамайды. Сондықтан да кез келген жұмысты бастамас бұрын, адамның өзіне және оны қоршаған адамдарға үлкен назар аудару, бұл өте қажет лайфхақ деп есептеймін. Бұны Олег Тиньков та әрдайым айтып жүреді. Сондықтан мен де өзімнің осы бақылауыммен бөліскенді жөн көрдім.

Егер адамға қатысты ұзақ мерзімді жоспарын болса, түсінбеушілікке жол берме.

Егер адамға қатысты ұзақ мерзімді жоспарын болса, түсінбеушілікке жол берме. Бірде менің танысым «Rumi»-ден ас ішті. Мәзірден тапсырыс беріп, өзі санап та қойыпты.  Бірақ 10 % қызмет ақысын қоспаған. Ақырында өзі күткеннен 9 мың теңгеге көбірек төледі. Сөйтіп, ашуланды. Оған біздегі жағдайды түсіндірдім, ол Түркияда пайыздар болмайтынын, «Rumi» әлі Кеңес Одағында жүргенін айтып біраз тулады. Ақырында ақшасын қайтарып бердік. Кейін сол адам маған келіп, бірге жұмыс істегісі келгенін айтты. Қалай ойлайсың, біз оның ұсынысын қабылдадық па?

Қуаныш Шонбай, «Екінші болма» атты кітабынан.


[1] Джон Шоул – клиенттерге қызмет көрсету стратегиясы бойынша әлемдік деңгейдегі кеңесші, Service Quality Institute президенті.

0 пікір