Жақсы келін болудың 10 жолы
Жақсы келін болудың 10 жолы
5 жыл бұрын 7025
Қарлығаш Әбдіхалыққызы

Әрбір қыздың арманы – тұрмысқа шығып, бақытты отбасын құру, ата- анасының үмітін ақтап, еліне сыйлы, жақсы келін атану. Солай емес пе?  Алайда үйлену оңай, үй болу қиын деген бар. Бақытқа қол жеткізу үшін қаншама қиыншылықтар кездеседі. Соларды жеңіп, жақсы келін атану үшін не істеу керек?

1. Сіз енді бір елдің келіні атандыңыз. Қыз күніңіздегі еркелігіңіз бен «ертең істей саламынды» қойыңыз. Онға дейінгі ұйқыны мүлде ұмытыңыз.

2. Келін болып түскен сәттен бастап сол шаңырақ сіздің үйіңіз. Барлық тірлік сіздің мойныңызда. Үйіңіз шашылып жатса, ыдысыңыз кір болса сын алдымен сізге айтылады. Сондықтан үйіңіз мұнтаздай таза, кіріңіз жуулы, тамағыңыз пісірулі болсын.

3. Алдымен күйеуіңіздің жағдайын жасаңыз. Киімі таза, үтіктеулі, тамағы тоқ болғанын қадағалаңыз. Жақындарының көзінше күйеуіңізге қатты сөйлемеңіз. Не болса да оңаша қалғанда айтып, түсінісіңіздер.

4. Әрдайым күліп жүріңіз. Оны айтып түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар.

5. Үндемей жеңесіз. Кім не айтса да, жүрекке жақын қабылдамаңыз. Салғыласып ұрыспаңыз, ұрсысып абырой таппайсыз. «Сіздікі жөн» дей салыңыз.

6. Ата-енеңізді сыйлаңыз. Енеңіз сізге жау емес, екінші анаңыз. Олар не айтса да «мақұл апа, мақұл ата» деп елпілдеп жүгіре жөнеліңіз. Қас-қабағына қараңыз. Жылы сөз айтып, көңілін аулап қойыңыз.

7. Күйеуіңіздің жақындарымен жақсы қарым-қатынаста болыңыз. Бұл күйеуіңізді қуантады. Сыйлата білгіңіз келсе, сыйлай біліңіз. Менің туысым, сенің туысың демеңіз.

8. Қонақжай болыңыз. Үйге кім келсе де, дереу дастарханыңызды жайып, жылы қабақпен шығарып салыңыз.

9. Үй шаруасымен жүріп өзіңізге көңіл бөлуді ұмытып кетпеңіз.Үсті- басыңызды таза ұстаңыз.

10. Бұларға қоса қатты күлмеу, ата-ененің көзінше созылып жатпау, ыдысты қатты сықырлатпау сияқты қарапайым әдептер бар.

Қысқасын айтқанда, күйеу әйелінің жайдарлы, барлығының көңілінен шыға білетін, иіліп сәлемін салып, тамағын дайындап, үйін тап-тұйнақтай ұстап, берекесін кіргізіп отырғанын қалайды. Осылардың барлығын орындауға сізге қажыр-қайрат, ерен еңбек, төзімділік, сабыр, кешіре білу, мейірімділік ауадай қажет.  

0 пікір