Жанұя беріктігі үшін не керек?
Жанұя беріктігі үшін не керек?
3 жыл бұрын 8013

Негізінен алғанда, адам баласының болмысы өте керемет кәміл түрде жаратылған. Бірақ сол кәмілдікті бойынан көрсететін тұлғаны мықты жанұялар тәрбиелеп шығарады. Сондықтан да адам үшін отбасы-ошаққасы - жан дүниесін тыныштандырып, іс-әрекеттерін түзейтін ең ыстық тәрбие ошағы екендігі сөзсіз. Осылай болғанда ғана жүректер рухани дәрежеге көтеріледі.

Осы тұрғыда, жанұяның бақыты екі жақтың өз ара құрмет көрсетулеріне және сол құрметті "махббатпен" бекітулеріне байланысты болмақ. 

Жанұя бақытының шындыққа айналуы үшін Құрандағы: «Иттақуу/Алладан қорқыңдар!» - деген Алланың сөзі шақыратын «тақуалық» бұлағынан сусындай білу аса маңызды.

Мына әлем әйелдердің құқықтарына көңіл бөлудің берекетімен жәннат, ал селқос қарауының салдарынан тозақ халіне айналады. Хазіреті Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әйелдердің құқықтары жайында өзінің қоштасу құтбасының бір бөлімінде былай деп бұйырады::

«Ей адамдар! Әйелдердің ақысына абай болыңдар! Оларға мейірім және махаббатпен қарайлаңдар! Олар мәселесінде Алладан қорқуларыңды өсиет етемін. Сендер әйелдерді Алланың аманаты ретінде алдыңдар, олардың намысы мен арын Алланың атына сөз бере отырып өздеріңе адал еттіңдер!» (Сахих Бухари мұхтасары, Х, 398).

Сондықтан да әйелдерді салиқалы ұрпақ тәрбиелеудей ізгі істен ажыратып, киелі жаратылыстарына қайшы келетін істерге бағыттау ақыл мен санаға да, иманға да жат қылық. Жат, себебі жанұядағы құзыр мен бақыт тек қана әйел мен ереектегі өзіндік ерекшеліктері мен қабілеттерінің орын орнымен қолданған жағдайда және қорғалған жағдайда нәсіп болады.

Осы нәсіпке ие болатындай отбасын құру Исламның қайта-қайта басып айтқан мәселелерінің бірі. Оның рухани және материалдық жағы да болады. Сондықтан да жанұяны екі жақты етіп құра білу барынша салмақты ниетті және абай болуды қажет етпек. Әйпесе үйлену жәй ғана бас қосу деп түсініп қалуы да мүмкін. Осындай тар түсінікпен құрылған жанұялар өкінішке орай орынсыз ажырасулармен аяқталып жатады. Шынында да дін мен көркем әдеп сезімдері бірлестірмеген жұбайлардың үйленуінің нәтижесі - не ажырасу, не болмаса мазарға дейін жалғасатын бір-бірімен арпалыс шынжыры болады. Әлбетте бұл ешкім қалайтын нәтиже емес. Сол себепті ажырасулар ұлы ғарышты сілкіндіретін үлкен оқиға деп айтылған. Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтады:

«Үйленіңдер, ажыраспаңдар!.. Өйткені, ажырасу ғарышты сілкіндіреді..» (Әли әл-Мүттақи, ІХ, 1161\27874).

Ал енді жәй ғана қызық дәурен сүру үшін ажырасуға келер болсақ, оның есебі де, азабы да тым ауыр күнә, зұлымдық. Әсте ол ісі дінге сай болмайды. Бұл Хақ Тағала кешірмейтіндей құл ақысын жеу, өз-өзіңді құрдымға, қасірет ойпатына қарай сүйрелеу.

Ойланбай және жәй қызық көру үшін үйленулердің және кейін артынша келетін ажырасулардың аяғы сондай қайғылы, оларды санап біте алмаспыз. Мұның ең ауыр және ең жүрекке батар тұсы – балалардың тағдыры. Жанұясында ыстық ықыласты қарым-қатынас таба алмаған, өнеге болудың орнына ата-аналары ұрып-соғып, қараусыз тастаған балалар тек көшенің берерін алып, өмір сүреді.

Үйі анандай болған соң қашып, көшедегі балаларға қосылатын мұндай балалар қысқа уақытта шылым, спиртті ішімдік, есірткі, жеңіл жүріс және түрлі қылмыстарға жеңін малып, сондай қылмыс ұйымдарының торына ілігеді. Бұл да өз алдына қоғамды қирататын апатқа апарары анық. Әрі қоғамның өмірін құрғатып, құнарсыздандыратын қорқынышты тәрбиелік эрозияға алып келеді.

Осы жерде ажырасу жайында тағы бір шындықты айта кету керек. Әрине, Ислам бойынша неке келісімшарты католиктердегідей ешуақытта бұзуға болмайтын және өмір бақи шарасыз түрде жалғастыру керек тиісті шара емес. Әрбір келісім - келісімшарт жасасқан екі жақтың ісі болғандықтан, кейбір мәжбүрлік жағдайларда екі жақтың қайта ойланып, келісімге келуімен, әлбетте, аяқталуы мүмкін.

Бұл Исламның қабылдаған қағидасы, ақыл мен санаға қонымдысы да, әрине, осы. Әйтпесе жаңылыс пен білместіктен өзіне сай емес адаммен үйленіп қойғандардың ажырасу құқығы болмаса, өмір ол адам үшін уға айналары хақ. Ондай бірлесулер құлдық пен тұтқындыққа айналады. Мұндай тұтқындықтан шығар жол таба алмаған жандар бұл жолы сырттан жұбаныш іздеп, адасып, тентіреп кетеді. Міне, сондықтан да Ислам зәрулік пайда болған жағдайларда ажырасуға рұқсат беріп, бұл мәселені ерік-жігері мықтырақ болғандықтан, еркектің қолына табыстаған.

Ислам дінінің ажырасу құқығын негізге қағида бойынша еркекке беруіне әйелдердің оңай жараланатын сезімталдықтары себеп болған. Ал, неке қию барысында әйел сондай шарт қойса, ажырасу құқығы әйелге де берілуіне ешбір кедергі жоқ. Мұны «тәфуизи талақ» деп атайды. Сондай-ақ мұндай шарт орын алмағанның өзінде ажыраспаса болмайтындай күйге жеткен жағдайда әйел сотқа жүгіну арқылы ажырасу құқығына ие.

Сол себепті қажетсіз ажырасулардан қорғану - шүбәсіз, әйел мен еркектің бір-бірінің қадірін біліп, бір-бірін бағалаулары арқылы мүмкін болады.

Ғұмырлық жолдасыңның бақытты күндері, есте қалар қызықтар, ықыласты көңіл көтерулер, тыныш ұйқылы түндер – барлығы Алланың қойған өлшемдерінің аясында болғаны жөн. Мұның бәрі қос жұбайдың өзара махаббаттарына берік болып, ықылас танытуларына байланысты жәйттар.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Кімде-кім түнде оянып, жұбайын да оятып, екеуі бірге немесе бөлек екі рәкәат намаз оқыса, Алла Тағаланы көп зікір етуші ерлер мен Алла Тағаланы көп зікір етуші әйелдер қатарына жазылады» (Әбу Дәуіт, Татавву 18, Уитр 13).

«Түнде тұрып намаз оқыған, әйелін де тұрғызған, тұрмаса, жүзіне су себелеп оятқан адамға Алланың рахымы жаусын. Дәл сол секілді түнде тұрып намаз оқыған, күйеуін де тұрғызған, тұрмаса, жүзіне су себелеп оятқан әйелге Алланың рахымы жаусын» (Әбу Дәуіт, Татавву 18, Уитр 13).

Бұл хадис шәрифтерден ұғатынымыз – Жанұяның бақыты екі ауыз сөзбен айтқанда, мына екі қағидаға сүйенеді:

Бірінші - Жұбайлар арасындағы шын пейіл мен ықылас;

Екіншісі - Бірін бірі тақуалыққа ынталандыру.

"Тұғырлы отбасы" атты кітаптан.
"Хикмет" баспаүйі. Алматы. 2014 ж.

0 пікір