Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасқан
Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасқан
12 сағат бұрын 231

Жалғыздық тек Аллаһқа ғана жарасқан. Өйткені Ол Ұлы Жаратушы, жалғыз болуды тек дара Өзіне ғана тән етіп, сол себепті де бүкіл жаратылыстарын жұп-жұбымен жаратқан. Сондықтан да бүкіл тіршілік иелері жұп болып жаратылғандықтан бір-біріне мұқтаждық сезінеді. Сондай-ақ олар жаратушы емес, жаратылған махлуқат болғандықтан табиғаттарында бір әлсіздік пен мұқтаждық болады.

Яғни «масиуәллаһ" деп аталатын Аллаһтан өзге барлық жаратылғандар мыңдаған мұқтаждықтарын табу үшін әрі бір-біріне, әрі барлық нәрсені жоқтан бар етіп Жаратушы Аллаһқа мәңгілік мұқтаж. Әсіресе жаратылыстың ішінде "адам баласы" басқаларға мұқтаждығы тұрғысынан бірінші орында келеді. Себебі адам баласының қажеттіліктері басқа жаратылғандарға қарағанда есе-есе артық. Оның үстіне ол қажеттіліктер үнемі артып отырады да, соңы ешуақытта көрінбейді. Өйткені адам баласы рухани және материалдық тұрғыдан әрқашан амандықта болып, рахат өмір сүргісі келеді. Қиыншылықтар, жоқшылық, қайғы-қасіреттер, пәлекеттер мен апаттар оған қиынға соғады. Әсіресе сондай сәттерде адам баласы арқа сүйейтін пана және қолынан ұстайтын жанашыр іздейді.

Сол себепті (Құранда) адам баласы "достық пен татулық" мағыналарына келетін "үнс" немесе "үнсият" сөздерінен тараған "инсан" деген сөзбен аталған. Осының өзі оның басқа жаралытыстарға, әсіресе, өз түріндегі адамдармен бірге өмір сүруге мұқтаж екенін көрсетеді. Бұл мұқтаждық адамның ең негізі ерекшелігі және де адам көбіне осы ерекшелігімен танылады. Осы ақиқаттың ең айқын түрде көрініс тапқан жері әйел мен еркектің бірге өмір сүруі деуге болады. Бұл ұрпақтың үзілмей, жалғасын табуын қамтамасыз ету үшін аттап өтуге болмайтын зәрулік, тіпті шарт десек те болады. Айталық бұл зәрулік өзге жәндіктерде еркек пен ұрғашының қосылуы, жансыз денелердің химиялық құрамында болса плюс(+) және минус(-) түрінде көрініс тапқан. Құран Кәрімнің көптеген аятарында осы жайында тоқталып кеткен:

"Барлық нәрсені сендер ойланып, ғибрат алар деп жұп-жұбымен жараттық" (Зәриятсүресі, 49-аят). 

"Жердің өсіріп шығарғандарын, адамдарының өздерін және олар білмейтін нәрселерді жұбымен жаратқан Аллаһ кемшіліктерден пәк" (Йәсин сүресі, 36-аят).

"Және сендерді жұптарыңмен жараттық" (Нәбә сүресі, 8-аят).

Бұл аяттарда айтылып отырған жұппен жаратылудың мағынасы әр жаратылыстан екі данадан емес, жоғарыда айтып өткеніміздей, барлық нәрсенің "еркек-ұрғашы" немесе «плюс-минус" болып жаратылуы. Әйтпесе жәй ғана екі данадан жаратылған нәрсенің біреуі артық болады, оның мәні де болмайды және мұндай қажетсіздік Хақ Тағаланың "барлық кәміл сипаттардың иесі" мағынасына келетін "Мүтәал" деген сипатына қайшы келеді. Қысқасы, Аллаһ барлығын бір-бірінен аумайтын егізді емес, жұп-жұбымен жаратқан.

Бір жұмыртқадан шыққан егіздердің өздері ішкі жан-дүниелері, саусақтарының ұштары мен көздеріне дейін бір-бірінен өзгешеленіп тұратын көптеген түрлі тұстары болады.. Сонымен қатар Аллаһ Тағала барлық нәрсені жұп-жұбымен жаратып қана қоймай, олардың араларына бір-бірімен жақындық құрулары үшін бірін-бірі тартып тұратын байланыс орнатқан. Осылайша олардың рухани және материалдық тұтастығын қамтамасыз еткен. 

Бұл ақиқат төңірегінде ер адамның әйелге, әйел адамның еркекке құмарлығы негізінен алғанда ұрпақтың жалғасуы үшін жаратылған. Алайда жалғыз мақсат осы ғана емес. Құрылған отбасы шаңырағының беріктігі мен оның мүшелерінің рухани үйлесімділігі, тыныштығы мен жарасымдылығы да адамзат үшін өте қажетті әрі маңызды мақсаттардың бірі. Осы рухани үйлесімділік пен жарасымдылықтың қалаулы шыңына тек қана "Аллаһқа махаббат" арқылы баруға болады. Яғни жүректің Хақ Тағалаға ғашықтықпен бет бұруы арқылы...

Ләйліден Мәуләға (Аллаһқа) қарай апаратын сапар арқылы болмақ...Яғни бұл сапарға үшін Ләйлі керек. Өйткені махаббатуллаһпен Хақ Тағалаға жақындаудың бірінші кезеңі әйел мен ер арасындағы махаббаттан тұрады. Өйткені махаббат нәпсілік қалаулармен басталған болса дағы, оның асуын асып өтпейінше "ғашықтыққа" айналмайды.

Ғашықтық ол, сүйіктілердің бойына бірін-бірі тартып тұруы үшін дарыған иләһи сый. Осы тартылыс күшінің өзегі болып тұрған жүректер бір-біріне махаббатпен байланған жұбайлардың сезімдері арқылы құдды бір дайындық жасағандай болып, махаббатуллаһқа әзір күйге келеді. Бұл Аллаһты сүю қабілетін ояндырады. Жанұяның табиғи жемісі болып табылатын балаларға махаббат арқылы бұл қабілет одан әрі дамып, жетіліп, махаббатуллаһқа лайық халге келеді.

Міне осылайша жүрек махаббатуллаһқа лайықты болып, жан-дүниені баурап алуы үшін отбасылық өмір иләһи бұйрықтарға сәйкес түрде өрбуі қажет. Тек қана ақылмен, нәпсілік

құмар-құштарлықтармен құрылған неке махаббат жемісін бермей жатады. Сондықтан да мұндай түрде құрылған жанұяларда некеден күтілген рухани жетілу және жүректің махаббат тәлімі іске аспай қалады.

Яғни қос көңіл бір-бірінен нәр ала алмайды. Өйткені бұндай некемен құрылған отбасыларда адамдар көбіне нәпсілік құмарлықтарының құлы болады. Олар рухани жетілу былай тұрсын, жан дүниелері одан ары кері кетіп, құрғап, солып, сөнуге дейін баруы мүмкін. Рухани дамып, жетілуге, яғни діннің тең жартысын орындауға теңелген неке өмірінде әркімнің жетуге тырысатын идеалы болуы керек. Бір нәрсеге толықтай қол жеткізе алмаған жағдайда, оның қол жететін бөлігінен де бас тартуға болмайтыны тәрізді, некеде де әркім күшінің жеткенінше осы идеал неке сипаттарына жетуге асық болуы керек. Тек осылай ғана үйленуден күтілген отбасы құзыры, берекесі мен тыныштығына қол жеткізе аламыз.

Сонымен қатар бұдан бұрын айтып өткеніміздей адам баласының махаббатұллаһқа деген қабілетке және соған лайықтыққа жету жолында әйел мен еркек арасындағы осы байланыс жалғыз ғана себепші емес. Егер бұлай болғанда бойдақтар рухани пісіп, жетілу тұрғысынан ешбір нәтижеге қол жеткізбей, орындарында тұралап қалған болар еді.

Алайда олар арасында Құран Кәрім мақтаумен еске алған Хазіреті Мәриәм және Хазіреті Исалар сынды қаншалаған салихалы жандар бар. Бұл жағдай бізге әркімнің жаратылысынан бойына дарыған қасиеттерінің бірдей емес екендігін және әсер ететін сыртқы факторлардың да бірдей болмайтындығын көрсетеді.

Яғни иләһи тағдыр ығысы шеңберінде сыйы үлкен сынақ ретінде осы дүниеде кей-бір жандарға некелесу нәсіп болмай жатады, ал кейбіреудің үйленуге кедергілері болып, соның салдарынан үйлену мүмкін болмай жатады. Ал кейбіреулер үшін некелік өмір үлкен қасірет пен қиыншылық алып келіп те жатады. Ондай адамдар сабырлық танытқан жағдайда Аллаһ Тағала ондай құлдарына басқа бір қабілеттер дарытады және сол қабілеттердің көмегімен үйлену арқылы іске асатын пайдалар бәлкім тіпті артығымен қол жеткізіле алады. 

Осылайша үйлене алмаса да кейбір жандар осы рухани жетілу мектебін жан-жануарлар мен өсімдіктерге деген махаббатпен толықтырса, кейбіреулер басқа түскен қиындықтар мен пәлекеттерге сабыр мен табандылық таныту арқылы рухани ұлылық баспалдақтарын басып, асып өткен. Мысалға алтын ғасыр дәуірінде үйленуге мүмкіншілігі болмаған асхабу суффа да ғылым мен ағарту жолындағы қызметтерімен рухани жетілудің шыңына жеткен. Әрине бұлардың бәрі сирек болатын, әдеттен тыс жағдайлар. Ал негізгі шарт болып табылатын ақиқат, адам баласының міндетті түрде некелесу арқылы үйленіп, өзіне ыстық отбасы құруы болып табылады.

Расында махаббат пен сүйспеншіліктен жұрдай жүректер ұзық мерзім егістік егілмей, ағаш тігілмей қараусыз қалған, тастанды жер телімі сияқты. Еркек пен әйел арасындағы байланыс пен қарым-қатынастар сол топырақты өңдейді. Әрине бұл нәпсілік құштарлықтарға жармасу арқылы емес, оларды асып өту арқылы болатын іс. Яғни бұл байланыс иләһи махаббатқа қарай бағытталған болуға мәжбүр. Өйткені әйел мен еркек арасындағы махаббат тек қана иләһи ерекшеліктерді бойына сіңірген уақытта ғана қос көңіл махаббатуллаһқа қарай жоғарылайды. Осындай некеде бала дүниеге келсе, оған деген махаббат бұл жүректің махаббатуллаһ жолындағы екінші кезеңі болады. Одан кейін дос-жаран, ұстаз және т.б. келеді.

Осылайша жүрек кезеңнен кезеңге өтіп, қадамның артынан қадам басып ең ұлы мақсат-мұраты махаббатуллаһпен біртұтас болып, Хақтың сүйіспеншілігіне жеткен бақтияр құлдардың арасына кіреді. Міне осы нәтиже адамзаттың жаратылыс мақсатының ең шыңыболмақ. 

Қысқасы әйел мен еркек бірлігінің діни әрі әлеуметтік атауы болып табылатын отбасы осындай ұлы да киелі мақсаттың орындалуы үшін жаратылысымызға орналастырылған тым қажетті ақиқат. Осы мақсат орындалуына қадам басқан сайын отбасы ағашы бүршік жарып, өсе береді. Көркем әрі дәмді жемістер береді. Қоғамда қалаулы тыныштық, құзыр, әлеуметтік тәртіп және ынтымақ орнауы сол жемістердің бірнешеуі.

Сол себепті қоғамның мәдениетті дәрежеге көтерілуі үшін және жанұялардың екі дүниелік қуаныш пен бақытқа кенелуі үшін ең маңызды мәселелердің басында тұғырлы жанұя ортасы келеді. Сондықтан отбасы құрылып жатқан кезде еркек пен әйел бір-біріне Аллаһтың атынан сөз береді. Олардың бұл сөздері өздерінің жаратылыс мақсаттары жолында бір махаббат түрін орындау ниеті мен ұмтылысы. Осы ниет пен ұмтылысты демеп, жебеп отыратын ол әрине өзара құрмет, сыйластық, сенім және ықыласты таза пейіл.


Осман Нұри Топбаш: "Дүниегі жәннәт". Қазақша аудармасы. "Хикмет" баспаүйі, Алматы. 

 

 

0 пікір