ЖАҒДАЙЫНА РАЗЫ БОЛУ
ЖАҒДАЙЫНА РАЗЫ БОЛУ
1 ай бұрын 3349

Тым қатты қуану немесе тым қатты мұңаю – адам нәпсі үшін құрылған тұзақ. Ал "кез келген жағдайға разылық көрсету" және оның жемісі болып табылатын "сабырлық пен тәуекел ету" кәміл мүминдердің айрықша сипаттарының бірі болып табылады. Бақытты болудың өзгермейтін қағидасы – ақылды уахиға тәуелді ету, жүректі көркем ахлақпен безендіру және осы арқылы өмірдің тосын сыйлықтарына разылық көрсету. Сондай-ақ, шынайы бақытқа қол жеткізу тек өмірдің ащысы мен тұщысын қабыл етіп, қиындықтары мен ауыртпалықтарына төзімділік таныту, сондай-ақ, өмірді түзетуге күш-қайрат жұмсау және әрбір нәрсеге жақсы жағынан қарап Әлемдердің Раббысына тәслім болумен ғана мүмкін болмақ.

Лұқман Хәкімнің мына бір насихаты қандай керемет:

"Құлыным! Қайғы-мұңға салынып, көңіліңді құлазытпа! Ашкөзділіктен, тойымсыздықтан сақ бол! Тағдырыңа разылық көрсет! Аллаһтың бергеніне қанағат қыл, сонда өмірің гүлденеді. Көңілің қуанышқа толы болсын және сонда ғана өмірден рақат аласың!"

Жақсылық бола қалған жағдайда тағдырға разы болып, керісінше қайғылы жағдайларда және сәтсіздікке тап болғанда тағдырға налу мұсылманның ахлағына жат қылық. Дегенмен, адам баласы рухани кемелдіктің шыңына көтерілмей тұрып пендеге тән мұндай кемшіліктен оңай арыла алмасы хақ. Егер, пенде нәпсісін жаман қасиеттерден арылтып әрі тәрбиелеп, оны "Радия" мақамына жеткізе алатын болса, иләһи ирада (қалау) бойынша жақсылық немесе жамандықта Аллаһтың жазған әрбір тағдырына еш ойланбастан тәслім болып, разылық көрсетер еді. Әрі еш шағымданбайтын да болады. Мұндай мәртебеге қол жеткізгендер хақында берілген иләһи сүйінші қандай керемет десеңізші:

"Ей, тыныштыққа қол жеткізген жан! Сен Оған разы, Ол да саған разы болған күйде Раббыңа қайт. Салих құлдарымның қатарына қосылып, жәннатыма кір!" (Фәжр сүресі, 27-30 аяттар).

Жақсы көретін, ұнататын нәрсені істеу немесе оған төзу кез кел-ген адам баласы үшін жеңіл. Жеңіл нәрсені істеу де өте оңай, әрі оны істеуден адам рақат алады. Сол сияқты Аллаһты жақсы көретін мүмин құлға Одан келетін әрбір нәрсе жеңіл боп келеді, рақат береді және жанына ұнайды.

Шынайы иманға қол жеткізген салих құлдар Аллаһтың тағдырына разылық білдіре отырып, құдай Тағала жазбаған қиындықтың ешқашан бастарына келмейтіндігіне нық сенеді. Сондықтан, олар дүниеде бастарына келген әрбір ауыртпалықты ақырет азабымен салыстыра келе, жеңіл деп қабылдайды. Аллаһ Тағала ондай адамдардың жүректеріне

тыныштық орнықтырады. Тіпті, оларға Аллаһтың әр түрлі түрде көрініс табатын тағдыры мына өткінші жалған дүниенің ойын-сауық, мереке-мейрамынан да артық. Өйткені, олар қара халықтың "бақытқа" балап алданған нәрселерінен ұзақ тұрады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді:

"Сауаптың үлкендігі сынақтың ауырлығына қарай болмақ. Аллаһ сүйген қауымының басына қиындық береді. Кімде-кім басына келгенге разылық білдірсе, Аллаһ оған разы болады. Ал кімде-кім разылық көрсетпесе, ол Аллаһтың қаһарына ұшырайды" (Тирмизи, Зүһд 57/2396; ибн Мәжә, Фитән 23).

Келесі бір хадисте былай делінген:

"Қуатты мүмин әлсіз мүминнен әлде қайда қайырлы және сүйкімдірек. Бұған қарамастан, әр екеуінде де жақсылық бар. Сен өзіңе пайдалы нәрсеге қол жеткізуге тырыс. Аллаһтан жәрдем тіле және ешуақытта әлсіздік танытпа. Басыңа бір қиындық келе қалса, "Егер бұлай істегенімде ғой, бұлай болатын еді" деп өкініп, қайғыға салынба! "Аллаһтың тағыдыры осы, Ол нені қаласа, соны істейді" де! Өйткені: "Егер бұлай істегенімде ғой" деген сөз шайтанды қуантатын істерге жол ашады". (Мүслим, қадар 34; ибн Мәжә, Мұқаддима 10).

Жағдайына разылық көрсетпей, "әттең бұлай істегенімде ғой" деп налыйтын адам тағдырға қарсы келу және Аллаһтың ирадасын (қалауын) ұнатпау сынды иманға қайшы келетін жайтқа душар болады. Ал бұл – шайтанды қуантатын, адамды зиянға ұшырататын дүние. Керісінше, кез-келген жағдайға разы болу адамды Аллаһтың разылығына кенелтеді. Құран Кәрімде дүние мен ақыреттегі барлық бақыт көзі саналып болғаннан соң:

"...Аллаһтың разылығы бұлардың барлығынан да үлкен. Міне, ең үлкен жетістік те – осы" (Тәубе сүресі, 72-аят) деген.

Усамә бин Зайд (радиаллаһу анһума) былай дейді:

Пайғамбарымыздың қызы (Зейнеп) Аллаһтың Елшісіне (саллаллаһуаләйһи уә сәлләм):

Ұлым өлім аузында жатыр. Өтінемін, үйге келіп-кетіңіз, - деп хабар жолдайды.

Пайғамбарымыз аләйһис-салату уәс-сәләм:

– Алатын да, беретін де Аллаһ. Оның қасында әрнәрсенің белгілі бір уақыты бар. Сабыр қылып, сауабын Аллаһтан күтсін! - деп қызына сәлемдеме айтып жібереді.

Сонда қызы Зейнеп Аллаһтың Елшісіне:

– Жалынамын, міндетті түрде келсінші! - деп тағы да хабар жібереді.

Бұл жолы Аллаһтың Елшісі салаллаһу алейһи уә сәлләм Сағд бин Убадә, Муғаз бин Жәбәл, Убәй бин Кағыб, Зайд бин Сәбит және тағы басқа сахабалармен бірге отырған жерлерінен тұрып, қызының үйне қарай бет алады. Сәбиді Хазірет Пайғамбарға ұстатты. Расулуллаһ

сәбиді құшағына алды. Байқұс сәби тынысы тарылып, әзер демалып жатты. Сол кезде Аллаһтың Елшісінің көзінен жас ақты. Мұны байқап қалған Сағд бин Убадә:

– Уа, Аллаһтың Елшісі сіз жылап жатырсыз ба? - деді. Расулуллаһ:

– Бұл – Аллаһтың құлдарының арасында қалаған құлының жүрегіне салған мейірім сезімі. Сондай-ақ, Аллаһ тек мейірімді құлдарына ғана рақымдылық жасайды, - деді (Бұхари, Жәнайз 33, Әйман 9; Марда 9; Мүслим, Жәнайз 9, 11).

Хазірет Пайғамбарымыздың қызына жолдаған алғашқы сәлемдемесі мен айтқан өсиеті басқа түскен жағдайға разылық көрсету керектігін білдіреді. Нағыз даналық – сол бір қайғылы сәттерде тағдырға разылық көрсетіп, тәслім болу. Аллаһтың Елшісінің екінші жағдайы, яғни көзінен жас шығып жылауы – алғаш сол жердегі кейбір сахабалар ойлап қалғандай тағдырға қарсы келу емес еді. Тағдырға қарсы келу дегеніміз: ол – бақырып-шақырып, үсті-басын жыртып жылау. Ал Пайғамбарымыздың сол кездегі жағдайы болса, Аллаһтың өз құлдарына сый етіп берген мейірім сезімінің бір ғана көрінісі болатын...

Қорыта айтқанда, кез келген жағдайға разы болу – Аллаһқа деген сүйіспеншілігіміз бен сеніміміздің айқын бір көрінісі. Сондай-ақ, Аллаһтың бергеніне разылық білдіру – қызғаныштан, көре алмаушылықтан және надандықтан арылып, мағрифатқа ұласқан құлдар ғана жететін жоғары мәртебе. Аллаһ Тағала құлының игілігін одан жақсы біледі. Сондықтан, ең сенімді жол – иләһи тағдырға разы болу және кез келген жағдайда
шүкіршілік ете білу. Осы орайда, Аллаһ Тағала былай деп ескерту жасай-ды:

"...Жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы да мүмкін. Сол сияқты, жақсы көрген нәрселеріңнің де, сендер үшін
жаман болуы мүмкін. Аллаһ біледі, ал сендер біле алмайсыңдар". (Бақара сүресі, 216-аят)1.


Осман Нұри Топпаш: «Өркениет шыңындағы жауһарлар». Хикмет баспаүйі. Алматы.

0 пікір