Исламдағы балаға деген сүйіспеншілік
Исламдағы балаға деген сүйіспеншілік
9 ай бұрын 2754

Бала тәрбиесіндегі өте маңызды жайттардың бірі – балаға деген сүйіспеншілік. Сондықтан бұны сәбилік кезеңге қатысты тақырыптардың ішінде қарастыруды жөн санап отырмыз. Себебі, ата-анасы мен жақындарының сүйіспеншілігіне бөленіп өскен бала қырдың гүліндей жайқалып өседі. Сүйіспеншілік – баланың өсіп-жетілуінде рухани азық.

Баланың физиологиялық және психологиялық дамуында ол күннің шуағы іспеттес. Баланың бойында психологиялық ауытқулардың пайда болуына, сүйіспеншілік пен мейірімнен мақұрым өсуі, қатыгездік пен қаталдыққа ұшырауы себеп болады. Сүйіспеншілік пен мейірімнің аясында тәрбиеленген балада төзімділікпен қатар жігерлі ой-сана қалыптасады. Ал сәби шағынан дөрекілік көріп өскен бала болашақта жүйке жүйесінің ауруларына да ұшырауы мүмкін. Сүйіспеншілікке бөленбеген бала томаға-тұйықтанып, айналасындағылармен араласа алмай, оқшаулана береді. Демек, бала таза ауаға қаншалықты мұқтаж болса, сүйіспеншілікке де соншалықты зәру.

Психологтардың айтуынша, отбасында жеткілікті дәрежеде сүйіспеншілік пен мейірім көрмей өскен баланың әртүрлі сөйлеу кемістіктеріне ұшырауы мүмкін. Тіпті гомосексуалдық, төсегіне жіберіп қою, ата-анаға қарсы шығу секілді түрлі рухани әрі тәндік кеселдердің де түп-төркіні осында жатыр. Айналасындағылардың, әсіресе ата-анасының сүйіспеншілігіне бөленбеген баланың көбінесе өз-өзіне сенімсіз, үлкен кісілерге дұшпан, қырсық, өтірікші, қыңыр, төбелесқұмар, сабаққа ынтасыз, ұрлық сияқты нашар қылықтарға бейім келетіні дәлелденген.

Ислам дінінде Пайғамбарымыздың балаларға мейірім құшағын ашуды үгіттеген көптеген ұлағатты өсиеттері бар. Мысалы, ол рақымдылық жайында былай дейді: «Мейірімділік танытқандарды Рахман да мейіріміне бөлейді. Жер бетіндегілерге мейірімділік танытыңдар, көктегілер де сендерге мейірімділік танытсын»; «Кішілерімізге мейірімділік танытпаған бізден емес».

Үмбетін тәрбиелеуде мейірімділікті арқау еткен Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балаларға деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Хазірет Әнәс былай дейді: «Бала-шағасына Пайғамбарымыздан артық мейірімді жанды көрмедім». Адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы бір хадисінде былай дейді: «Балаларыңды көп сүйіңдер. Себебі, сүйген сайын жаннатта бір дәреже беріледі. Әрбір дәреженің ара қашықтығы бес жүз жыл. Періштелер әр сүйгендеріңді санап, жазып отырады».

Бір күні Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) немересі Хасанды сүйіп жатқанда қасына келген Ақра ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын сүйген емеспін» − дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Мейірім танытпағанға мейірімділік көрсетілмейді»126,− деп жауап қатады.

Пайғамбарымыз балаларды райхан гүліне, ал иісін жаннаттың иісіне теңеген. Немерелерін жиі-жиі қасына шақырып, бауырына басып, мейірлене иіскейтін. Тіпті кейде оларды құшақтап, сүйгеннен кейін: «Иә, Аллаһ тағалам, бұларды мен жақсы көремін, Сен де жақсы көр!» деп дұға ететін. Бөлмесіне ешкім кірмесін деген уақыттарда да немерелері кірсе, қарсылық танытпайтын. Тіпті мешітте жамағатпен намаз оқып жатқанда немерелері келіп үстіне шығып ойнайтын. Әбу Қатадә былай дейді: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір күні немересі Умамәні иығына отырғызған күйде мешітке келді. Жамағатқа намаз оқытты. Рұқуғқа иілгенде қызды жерге түсіретін, сәждеден тұрған кезде қайтадан алатын».

Ханәфи мәзхабының ғалымдары осы хадистен үкім шығарып, намаз оқып тұрған кезде осы секілді мәжбүрлік жағдайда артық қимыл жасауға болатынын айтады.

Бір күні Пайғамбарымыз немерелері Хасан мен Хұсейінді арқалаған күйде мешітке кіреді. Жамағатқа намаз оқыту үшін орнына барып тұрады да балаларды оң жағына отырғызады. Аллаһ расулы сәждеге барған кезде сәждені ұзақ жасайды. Намаз біткен соң халық:

«Уа, Расулаллаһ, намазда сәждені көбірек создыңыз. Мұндай сәждені бұрын-соңды көрмеген едік. Бұл Аллаһ тағаладан келген әмір ме?» – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл Аллаһтың әмірі емес. Немерем үстіме мініп алды. Өзі түскенге дейін оны асықтырғым келмеді», – дейді. Басқа риуаяттарда хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намазда сәжде жасағанда немерелерінің арқасына мініп алатыны, сәждеден тұрар кезде жайлап жерге түсіретіні, құлап кетпесін деп қолымен ұстап, руқұғ жасаған кезінде аяқтарын ашып тұратыны, намаз біткен соң оларды бауырына басып, сүйетіні жайлы айтылады. Кейде сахабалар бұндай сәттерде намазға кедергі жасамау үшін балаларды көтеріп алмақшы болған кездерінде пайғамбарымыз оларға тиіспеуді ыммен білдіретін.

Намаздан кейін «Балаларды алып анасына апарайық» дегендерге де «Тиіспеңдер» − дейтін. Біраздан кейін Өзі немерелеріне «Аналарыңа бара қойыңдар» – дегенде, олар өз еріктерімен тұрып, үйлеріне қарай жүгіре жөнелетін. Жұма күні бірде Пайғамбарымыз хұтба оқып жатқан болатын. Немерелері Хасан мен Хұсейін сүрінеқабына мешітке кірді. Пайғамбарымыз сөйлеп жатқан жерінен тоқтап, мінберден түсіп, екеуін көтеріп алады да, мінберге қайта шығады. Екеуін алдына отырғызып:

«Аллаһ тағала: «Балаларың мен дүние-мүліктерің сендер үшін сынақ» деп қалай дұрыс айтқан. Олардың құлап-сүрініп келе жатқанын көрген кезде шыдай алмадым, айтып жатқан сөзімді бөліп, барып оларды құшағыма алдым» – дейді. Басқа риуаятта Пайғамбарымыз мінберде отырған кезінде немересі Хасанды алдына алып, халыққа бір қарап, немересіне бір қарап: «Бұл ұлым – сәйид (мырза), бәлкім, Аллаһ тағала соның себепкерлігімен екі мұсылман топты ауызбіршілікке келтіріп, араларындағы қақтығысты тоқтатар» – дегені баяндалады.

Пайғамбарымыз өзінің балалары мен немерелерін ғана емес, сахабалардың да балаларын жақсы көрген. Хазірет Усамә (р.а.) өзінің балалық шағындағы бақытты сәтін былай баяндайды: «Аллаһ расулы бір тізесіне мені, екінші тізесіне немересі Хасанды отырғызды, сосын бізді құшағына қысып: «Аллаһым, ақымдылығыңды

оларға төге гөр, себебі мен оларға мейірімдімін» – деді».

Юсуф ибн Аб Юсуф ибн Абдилләһ ибн Сәлам (р.а.) былай дейді: «Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) менің атымды Юсуф деп ауыстырды. Алдына алып, басымнан сипады».

Амр ибн Һурәйра (р.а.) бала кезінде хазірет Пайғамбардың қасына келген кезде басынан сипап, өскенде дәулетті болуы үшін дұға еткенін, Абдуллаһ ибн Утбә (р.а.) болса, бес-алтыға толған кезінде Пайғамбарымыз оны құшағына отырғызып, басынан сипап, ұрпағының берекетті болуына дұға жасағанын айтады. Пайғамбарымыз әке-шешелерінің қасына еріп келген балалардың бәрін басынан сипап, жақсылық тілейтін. Жабир ибн Сәмура (р.а.) балалық шағында басынан өткен бір оқиғаны былай баяндайды: «Бесін на-мазын Пайғамбарымызбен бірге оқыдым. Намаздан соң үйіне қарай кетті. Мен де дереу артынан жүрдім. Алдынан екі бала шықты. Пайғамбарымыз тоқтап, оларды бетінен сипады. Сосын менің де бетімнен сипады».

Шайқастан оралғанда алдынан жүгіріп шыққан балаларды Пайғамбарымыз көлігіне мінгестіріп алатын. Сахаба Абдуллаһ (р.а.) Пайғамбарымыздың бірінші жүгіріп келген баланы алдына, одан кейін келген баланы артына отырғызатынын айтады. Тіпті үш баланы бірдей мінгестіріп алған кезі де болған екен. Аллаһ елшісі балаларға деген сүйіспеншілігін оларды қуанту арқылы білдіретін.

Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балаларға деген сүйіспеншілігін сәлемдесу арқылы да көрсететін. Жолда балаларды көрсе, «Әй, балалар, әс-сәламу аләйкум!» деп сәлемдесетін. Саиб ибн Язид Пайғамбарымыз жайлы балалық шағындағы естелігін былай баяндайды:

«Біз бір топ бала болып ойнап жүрген едік. Жанымыздан Пайғамбарымыз өтіп бара жатыр екен. Мен балалардан бөлініп, қасына барып, сәлем бердім. Сәлемімді алып, «Кімнің баласысың?» деп сұрады. Мен: «Саиб ибн Язид ибн ухтин-Нәмр ибн Қасыт» деп аты-жөнімді айттым». Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аллаһ сені мүбәрак етсін!», – деді». Пайғамбарымыз еш уақытта баланы кішісінбейтін.

Үлкен кісідей амандасып, аты-жөнін сұрап, оларға мән беретінін сездіріп, марқайтып қоятын. Бұның өзі бала тәрбиесі тұрғысынан маңызды қадамдардың бірі. Үлкендердің өзіне көңіл бөлгенін сезген бала іштей қуанып, өзін үлкен кісідей сезініп қалады. Осылайша балалар байсалдылыққа, әдептілікке үйренеді. Әрі үлкен кісілермен қарым-қатынасы артып, араларында сыйластық пайда болады. Қарапайым сәлемдесудің өзі баланың бойында үлкенге деген құрмет қасиетін оятады.

Адамзаттың ардақтысы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балалармен амандасып қана қоймайтын, хал-жағдайларын да сұрап тұратын. Осылайша олардың көңілін көтеретін.

Хазірет Әнәс былай дейді: «Пайғамбарымыз біздің қасымызға келіп ініме: «Уа, Әба Умаир, кішкентай құсыңның жағдайы қалай?» деп сұрап тұратын. Бір күні інімнің мұңайып тұрғанын көріп: «Не болды, неге мұңайып тұрсың?» деп сұрады. Інім құсының өліп қалғанын айтып еді, Пайғамбарымыз оны дереу жұбатты».

Сондай-ақ балалардың ауырып қалғанын естісе, үйіне барып жағдайын біліп қайтатын. Бір күні Пайғамбарымызға қызмет етіп жүрген бір еврей бала ауырып қалғанда, Пайғамбарымыз қасына Әнәсті (р.а.) ертіп, әлгі баланың үйіне барады. Бала төсекте жатыр екен. Аллаһтың елшісі оның жанына отырып: «Мұсылмандықты қабылдай ғой», – дейді. Сонда бала әкесіне қарайды. Әкесі: «Әбул-Қасымға (Мұхаммедке) бағынғаның жөн», – дейді. Бала мұсылмандықты қабылдайды. Балаға деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі – балаға сыйлық беру. Пайғамбарымыз бұл жайлы хадисінде былай дейді: «Балаларыңа сыйлық беріңдер, жақсы тәрбие ұсыныңдар».

Хазірет Айшаға айтқан өсиетінде осыны табыстап былай дейді: «Көршілердің балалары қасыңа келген кезде, қолына бір нәрсе ұстат. Себебі, бұл достықты (сүйіспеншілікті) арттырады». Өзі қасына келген балаларға міндетті түрде сый беретін.

Бір уыс құрма болса да беріп, баланы қасынан құр қол жібермеуге тырысатын. Осы сүннетті өздеріне әдетке айналдырған сахабалар болсын, кейінгі ғасырларда өмір сүрген әулие кісілер болсын көбінесе қалталарына тәтті салып жүретін. Алдынан шығып амандасқан баланың алақанына қалтасындағы тәттісін ұстата қоятын. Ақ сақалды аталарымыз бен асыл әжелеріміздің осы сүннетті ұстанғандықтары болса керек, қазақ даласында да қариялардың қасына барған қара домалақтар тәттіге қарық болып қалушы еді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алғаш піскен жемісті бірінші балаларға тарту ететін. Сахабалар жыл сайын бау-бақшасының алғашқы жемісін Пайғамбарымызға әкеліп беретін. Бұл әдет олардың Аллаһ елшісіне деген ыстық ықыластары мен сүйіспеншіліктерінің көрсеткіші еді. Пайғамбарымыз әкелінген жемісті алдымен үш мәрте оң көзіне, сосын үш мәрте сол көзіне басып, дұғасын жасап, жамағаттың ішінде ең кішкентайына ұсынатын.

Осы әдеті арқылы балаға деген сүйіспеншілігін ғана көрсетіп қоймай, мұсылмандарға да үлгі-өнеге болып, балаларға сүйіспеншілікпен қарау қажеттігін ұқтыратын. Үмбетіне балаға сүйіспеншілікпен қарауды өсиет еткен хадистерінің бірінде былай деген еді:

«Балаларына мейірім көрсеткенге Аллаһ та мейірім танытады». Балаларын арқалап, омырауын емізген, оларға мейірімін көрсеткен әйелдер, сонымен қоса күйеулеріне қиыншылық тудырмаса және намаздарын оқыса жаннаттық болады». Міне осындай сүйінші хабарлары арқылы үмбетін баланы мейірім мен сүйіспеншілікке бөлеуге шақыратын.

Адамзаттың ең мейірімдісі Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балаларды қуантуды, көңілін табуды Аллаһ тағаланың разылығына жетелейтін істердің бірі деп қарайтын. Жүрген жерінде балалардың жағдайын ойлап жүретін. Ал қызы Фатиманы (р.а.) маңдайынан, басынан иіскеп сүйетін. Балаға деген сүйіспеншілік мәселесінде алғашқы мұсылмандар Пайғамбарымызды өзіне үлгі тұтатын еді. Олар ұл балаларымен қатар қыз балаларын да жақсы көріп, ата-аналық мейіріммен өсіруге тырысатын. Мысалы, хазірет Әбу Бәкір қызы Айшаны көрген сайын маңдайынан сүйіп амандасатын. Осылайша сүйіспеншілік көріп өскен ұрпақ та әрдайым айналасына сүйіспеншіліктің жайма-шуақ сәулесін шашады.

Бірақ сүйіспеншілік мәселесінде де шектен шықпау қажет. Баланы барлық нәрседен артық қойып, тіпті Аллаһ тағалаға деген сүйіспеншілігімізге көлеңке түсірерлік дәрежеде құлай сүю де өз кезегінде астамшылдық. Әуелі бізді адам етіп жаратқан, бойымызға мейірім шуағын сыйлаған Жаратқан Иені жақсы көріп, шүкіршілігімізді білдіреміз. Ал өмірдің сәні болған балаларға Жаратқанның аманаты» деп қарай білген жөн. 

Құдайберді Бағашар, «Исламдағы бала тәрбиесі».

0 пікір