Құрандағы аяттардан баланы болашақ өмірге даярлау барысында үлкендердің үнемі оған ақыл-кеңес беруі, тәрбиелеуі ғана емес, сонымен қатар онымен ақылдасып, пікірін сұрап отыру керектігін де көреміз. Бұл әрі ата-ананың баласына қаншалықты мән беретінін көрсетеді. «Саффат» сүресінде Ибраһим пайғамбар мен ұлы Исмаил арасында болған оқиға баяндалады. Ибраһим пайғамбар (а.с.) түсінде ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуы керектігін көреді. Болған жайды баласына білдіреді:
«Баласы қасында келе жатқан кезінде: «Уа, балапаным, расында мен ұйықтап жатқанымда сені бауыздағанымды көрдім. Ойланып көр, бұған не айтасың?» дейді.
Кейбір тәпсір кітаптарында Исмаил пайғамбардың осы кезде 13 жаста болғандығы айтылады. Міне, осы аятта Ибраһим пайғамбар ұлымен
ақылдасып, оның пікірін сұрайды. Балаларымызға қатысты мәселелерде ата-аналық беделімізді қолданып, олардың орнына шешім қабылдау қате ұстанымдардың бірі. Себебі, мұндай жағдайда бала әрдайым әке-шешесіне арқа сүйеп, өздігінен шешім қабылдай алмайды. Болашақта да батыл қадамдар жасауға жасқанып тұрады. Сондықтан өзіне қатысты мәселелерде үнемі пікірімен санасып, бірге ақылдасып шешу – баланы болашақ өмірге дайындаудың ең оңтайлы тәсілдердің бірі.
Сондай-ақ Құранда Жүсіп пайғамбардың бала кезінде (бір тәпсір кітабында 12 жасында болғандығы айтылады) көрген түсін әкесі Жақып пайғамбарға айтқанда, әкесі оны байыппен тыңдап, баласына былай деп тіл қатады:
«Балапаным, түсіңді бауырларыңа айтпа, әйтпесе олар саған қастандық жасауы мүмкін».
Аяттардан байқап отырғанымыздай, Жақып пайғамбар да, Ибраһим пайғамбар да балаларымен әңгімелескенде «балапаным» деп сөзге бастайды. Баланы баурап алар осындай жылы сөздердің әке мен ұлдың, ана мен қыздың арасын жақындатып, ашық-жарқын әңгімелесуге сеп болары айқын.
Тағы да бір ескеретін мәселе, «Саффат» сүресінде Ибраһим пайғамбардың (а.с.) ұлымен ақылдасу үшін оны серуенге шақырғанын көруге болады. Демек, балаңызбен ақылдасар сәтте оған арнайы уақыт бөліп, серуен, дәмханада тамақтану немесе саябақта қыдыру секілді сәттерді пайдаланған жөн. Олардың пікірін бастан- аяқ байыппен тыңдау қажет. Жоғарыдағы аятта көріп отырғанымыздай, Жақып пайғамбар (а.с.) ұлының түсін басынан-аяғына дейін зейін қойып тыңдап, сол жайлы өз пікірін білдіреді. Бұдан алар сабағымыз, біз де ата-ана ретінде баламыздың бізге айтпақ болған нәрселерін құлақ салып тыңдап, оның да пікірін сұрап, сосын бірге ақылдасып шешкенде, баланың бойында ата-анасына деген құрметтің арта түсері анық.
"Исламдағы бала тәрбиесі".
Авторы: Қ. Бағашар.