Имани тәрбие балаға неге керек?
Имани тәрбие балаға неге керек?
8 жыл бұрын 4717
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Адам өмірінде тәрбиенің алар орны үлкен. Әсіресе, бүгінгідей қызығы мен шыжығы, бұзықтығы мен бүлігі мол кезеңде тәрбие – қоғамның ең үлкен қажеттілігі, бүкіл ел болып көңіл бөлетін ең ірі сала десек артық айтқандық емес. Алайда бала тәрбиесін көп адам бұйрықтар мен тыйымдардың жиынтығы ғана деп санайды. Баласының тәрбиесінде «Балам, ол болмайды, бұл болмайды», «оны үйтпе, мұны сүйтпе» немесе «мына істі жасасаңшы», «ана жұмысты атқарсаңшы» дегеннен әрі аса алмай жүрген қаншама ата-ана бар. Ақыр соңында осылай берген тәрбиесі жеміс бермей, бармақ шайнап өкініп жүрген үлкендер де аз кездеспейді. Егер тәрбие жақсы болса, айналамыздағы бұзақылықтар қайдан шығып жүр? Не себепті бір үйдің бала-шағасы бір-бірімен тонның ішкі бауындай тату емес? Темекі тартып, сыра ішуді жетістік санайтын жас жеткіншіктер қайдан шығуда? Күн демей, түн демей құмар мен ойынханаларды торуылдап жүрген ұлдар мен қыздар кімнің бала-шағасы? Бесіктен белі шықпай жатып, дөрекі сөздерге бой алдырған бүлдіршін балалар қандай үйден шығып жатыр? Неге туған баласы ата-анасына сөз қайырады? Сөз қайыру былай тұрсын, әке-шешесіне қол жұмсапты, жағасынан алыпты деген шағымдар бүгінде аз ұшырасып жүрген жоқ. Мұның бәрі нені көрсетеді? Құрғақ бұйрықтар мен тыйымдармен іс бітпейтінін көрсетеді. Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді не істеу керек?

Осындай қоғамдық әрі рухани тығырықтан шығудың жалғыз ғана жолы бар. Ол ата дініміз Исламның тәрбие өлшемдері мен қағидаларына жеткілікті мән беру. Яғни, мұсылмандық тәрбиені әр отбасында жүзеге асыру. Кеңес үкіметінен қалған дәстүрлі педагогика қаншама жылдар бойы мектепте де, университетте де оқытылғанмен, бүгінгі түйткілдерге төтеп беруге қауқарсыз. Өйткені түбі солқылдақ. Ал мұсылмандықтың шарттарын дұрыс орындап жүрген отбасыларда ана өмірлік тәлімгерге, ал әке мұғалімге айналатынын көреміз. Неге? Өйткені Ислам дінінің негізгі арқауы адам тәрбиесі. Бүкіл пайғамбарлар адам тәрбиесімен айналысқан.

Осы тұста «тәрбия» деген арабша сөздің мәнін аша кетейік. Сөздікке қарасақ, «тәрбие» жетілдіру, жақсарту, бір нәрсені бірте-бірте, сатылап, сатылап кемелдендіру деген мәндерді беретінін байқаймыз. Бұл сөздің түбірі араб тіліндегі «Рабб» сөзімен тектес болуы тегін емес. Байқасаңыз, мұсылмандар дұға жасағанда, Алла тағалаға «уа, Раббым» деп тіл қатады. Ендеше, бүкіл тәрбие саласы имандылықтан басталып, нәр алуы тиіс. «Раббани», яғни иләһи, құдайлық тәрбиеге мән бермей, жас өспірімді жетілдірем деу бос әурешілік. Ондай тәрбие баланы өсірмейді. Иә, дініміз Исламның бүкіл дүниені түгел қамтитын тәрбие жүйесі бар. Бұл жүйенің түпкі хикметтері, көркем мінез бен әдепке жетелейтін әдістері, әдіснамасы, жан-жақтылығы, кеңдігі, байлығы, қысқасы, қай жағы болмасын өзінен өзге барлық тәрбие жолдарынан әлдеқайда асқақ екені даусыз. Өйткені адамның бүкіл сырларын Жаратушы иеден артық білетін ешкім жоқ. Иә, Алла тағала бізге бізден жақын. Сондықтан Құранда Алла тағала былай дейді: «Шын мәнінде, адам баласын Біз жараттық. Оның нәпсісі не деп сыбырлап, азғыратынын да Біз өте жақсы білеміз. Біз оған күре тамырынан да жақынбыз» («Қаф» сүресі, 16-аят).

Бала-шаға – ата-ананың мойнына жүктелген үлкен аманат. Қиямет күні олар жайлы міндетті түрде жауапқа тартылады. Балалардың ата-анасынан алуға тиіс бірнеше ақылар бар. Сол ақылардың ең үлкені, әрі ең маңыздысы – дұрыс, имани тәрбие. Перзентті ішкізіп-жегізу, киіндіру, бағып-қағу, ауырса дәрі-дәрмегін әперу де міндет. Бірақ бұлар тәрбиенің өзегі емес. Ислами тәрбие бұлармен ғана шектелмейді. Бұл аталғандарды иманды болсын, иманды болмасын, жақсысы болсын, жаманы болсын, кез келген қауым атқарады. Тіпті хайуан екеш хайуанның өзі өз төлін асырап, оларға қамқорлық жасайды. Мысалы, қарлығаштың балапанының аузына тамақты қалай әкеп салатыны баршамызға мәлім. Қыран қалай балапанын ұшуға баптайды. Бұл да тәрбие. Алайда ислами, адами тәрбиенің жөні, әрине, бөлек. Өйткені адамның жаратылу мақсаты басқа. Оның жоқтан бар болуындағы мақсат – Жаратқан иесін танып біліп, оның алдында бас иіп, құлшылық ету. Оның алдында жанды жадырататын жұмақ немесе күйзелтуші азап орны күтіп тұр. Олай болса, ата-ананың ең үлкен уайымы бауыр еті баласын мәңгілік жұмаққа қарай жетелеу. Ол үшін ең алдымен оған Аллаға иман етіп, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолымен жүріп, ел-жұртына, халқына, пайда келтіріп, аяулы ата-анасын құрмет етіп, мұсылманша өмір сүру үлгісін үйрету керек. Құранда мынадай аят бар: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және үй іші, отбасыларыңды отыны адамдар мен тастан болған тозақ отынан сақтаңдар» («Тахрим» сүресі, 6-аят). Түсінген адамға бұл өте үлкен ескерту. Ертең Қияметке барғанда, «Бәрі де кеш болыпты» деп сан соғып өкінбеуіміз үшін Раббымыз ол жайлы алдын ала ескертіп отыр. Ол дүниеде ешкім де бұны естімедік, көрмедік дей алмайды. Өйткені Құранда бұл мәселе анық айтылған. Ал енді бала-шағаны азаптан құтқарып қалудың бір ғана жолы – оған ислами тәрбие беру. Мысалы, бұл дүниеде өз баласының қиналып, азапталып жатқанын ешкім де көргісі келмейді. Ал арғы дүниеде ше? Әрине, жоқ. Олай болса, ата-аналар Жаратушы иеміздің ұлы ескертуіне құлақ асулары керек. Әзірге көрінбейтін ғайып нәрселер мүлдем жоқ деген сөз емес. Олардың бәрі қабірге дейін-ақ көрінбейді. Одан әрі қарай бәрі де басталады. Перштелердің де, сұрақ-жауаптың да, рахаттың да, азаптың да бар екеніне сол кезде көзіміз жетеді. Олай болса, баласына жаны ашитын әке-шеше осы жағын ескермесе болмайды.

Осы тұста халық арасында көп кездесетін мына бір жағдайды ескерте кетейік. Егер бір ата-анаға келіп «Неге балаларыңызға дұрыс ислами тәрбие бермейсіз?» деп сұрасаңыз, «Құдай санасына берсін! Алла бермесе, мен ештеңе жасай алмаймын» дейді. Кейбіреулер «Пәлен адамның әкесі арақ ішкіш еді. Баласы қандай азамат болып шықты. Оны кім тәрбиеледі сонда» дегенді алға тартады. Тағы біреулер: «Пәлен кісі баласын қанша тәрбиелесе де, дұрыс болып өспеді» дейді. Тіпті дінді білетін кісілердің өзі: «Қарасаңшы, хазірет Мұхамед те өз ағасын тура жолға сала алмады ғой» деуі мүмкін. Бір қарағанда, дұрыс-ақ. Алайда тереңдеу үңілсеңіз, мұның бәрі бала алдындағы ауыр міндеттен қашудың сылтаулары ғана. Әйтсе де, Алланың құзырында мұндай себептер сылтау бола алмайды. Дұрыс, әркімді де тура жолға салу тек Алланың қолында. Алайда Алла кейде қалаған құлын адастыратынын да естен шығармау керек. Құранда мынадай аят бар: «Кімді Алла тура жолға салса, оны ешкім жолдан тайдыра алмайды. Ал кімді адастырса, оған тура жол көрсететін дос жоқ» («Кәһф» сүресі, 17-аят).

Олай болса, әркім Алланың тура жолында болуға барынша әрекет етуге тиіс. Балаларын да дұрыстап тәрбиелеуі керек. Алла тағала бала тәрбиесіне қатысты міндеттерімізді толық атқарып өтуді жазсын. Алла тағала баршамызға тәрбиелі ұрпақ нәсіп етсін. 

0 пікір