Ер мен әйел – бірігіп ұя құрып, өмірлерін ортақ қылып, бастарына түсетін барлық жағдайда ортақтаса бөлісуге келіскен адамдар. Тіршілікті ортақ еткеннен кейін екі жақтың маңыз беріп қарауы керек жәйттар жайында не айтасыз?
Бұл жөнінде екі нәрсеге назар аудару керек:
- Шаттық пен қуанышты бөлісіп отыру
- Өмірдің қиыншылықтары мен ауыртпалықтарын жұмыла көтеру.
Ортақтасу деп отырғанымыз өмірдің барлық сәттеріне – рухани өмірге де, махаббатқа да қатысты. Қуаныш пен шаттықтарды бөліскендей қиыншылықтар мен қайғылар, алаңдаушылықтар мен түрлі басқа келген бәлелердің барлығына бірге шыдап, екі жақ бір-біріне арқасүйер адамы бола білулері қажет. Бір-біріне үйкеліп жуылатын қос алақандай болып, бірін-бірі жұбататын ең жақын жанашырлар болуы керек.
Өйткені, өмір әрқашан жарқын түсті бұлттар үстінде жалғаса бермейді. Өмірдің өрі болады, сайы болады, бораны мен бұрқасыны және қиын асулары да болатынын естен шығармаған жөн. Адамдардың ертеңі белгісіз және тосын сыйларға толы. Тағдыр да иләһи құпиялардың бірі. Сондықтан да бұл тұрғыда ең үлкен күш пен демеу көзі - әрине, ең әуелі Аллаһқа жақындық пен иман. Ал екінші үлкен демеу – бір-біріне бауыр басқан жұбайлар. Абай болу керек, егер шарасыз, күші біткен адамдар бастарына түскен ауыртпалықтарға өз жанұясынан күткен демеуін таба алмаса, одан да үлкен күйреуге, қиыншылықтарға тап болуы әбден мүмкін. Тек рухани жетілген, түсінігі мол мүшелерден тұратын отбасыларда басқа түскен қиыншылықтар отбасының бірлігі мен ынтымағына қарай тез арада шешіліп кетеді.
Жанұяның беріктігі рухани жетілгендікпен қатар өзара бір-бірімен жақсы тұрып жатсада тіл табысуларына тікелей байланысты. Бұл көптеген жақсылық пен қайырлы нәтижелердің ең маңызды шарттарының бірі. Мәуләнә"Хазіреті айтады:
«Раушан гүл өзінің хош иісін тікенмен тіл табысып, жақсы тұрғандықтан иеленді. Бұл шындықты раушанның аузынан да есті. Қарашы, не дейді: “Тікенмен бірге болғаныма неге қам жейін, неге өзімнің көңіл-күйімді түсірейін? Өйткені мен күлімдеуді сол жаман мінезді тікенмен бірге тұруға көнгенімнің арқысанда үйрендім. Соның себебімен әлемге әсемдік пен хош иістер ұсыну мүмкіншілігіне ие болдым...”».
Бұл раушан гүлі бізге:
«Сен де мен секілді бол!» дейді.
Осындай мықты тұғырлы жанұя құру үшін екі жақ қандай мәселелерге қатты көңіл бөлулері керек?
Ең алдымен жанұядағы бақыт екі жақтап іске асырылатын "шаруа" екенін түсінуіміз керек. Оның негізін мына мәселелер құрайды:
- Бір-бірімен тіл табыса білу,
- Бір-біріне түсінікпен және ақылға салып қарым-қатынас жасау,
- Жанкештілік, пида болуға әзір болу.
Ал бұлар өз алдына ахлақи тәрбие, парасаттылық пен ақылдылық, пейілділік пен бір-бірінің жанын сезіне білу арқылы мүмкін болмақ.
Сондай-ақ бұрынғылар көп мән берген қарым-қатынас әдептері екі жақта мына бес ерекшеліктің болуын талап етеді:
- 1) Діндарлық,
- 2) Тәрбие,
- 3) Махаббат,
- 4) Мейірімділік,
- 5) Туралық пен адалдық сезімге деген беріктік.
Осы сипаттардың әйелге де, еркекке де қажеттілігі күнделікті орын алып жатқан отбасылық апаттардан бұрынғыдан да айқын көрініп келеді. Дәл қоғамдағыдай, отбасы ішінде де діндарлық пен тәрбиелілік барлық көркем ерекшеліктердің негізі болып табылады. Өміріне дінді дұрыс және көркем түрде енгізген, ахлақи көркемдіктер мен тәрбиелілік жайлаған отбасылар адамдарға екі дүниенің де бақытын сыйлайды. Ал, керісінше, діннен алыстаған және тәрбиеден жұрдай жерлерде жанұя мүшелерінен бастап отбасы мен қоғам түгелімен залал көреді. Мұндағы діндарлық дегенді дұрыс түсіну керек. Адам баласы әрі діндар, әрі қатты мінезді, көргенсіз, оңбаған болуы мүмкін емес. Өйткені Ислам діні басынан аяғына дейін биязылықтан, тәрбиеліліктен және әдептен тұрады. Яғни, діндарлық дегеніміз көркем әдеп, көркем әдеп және тағы да көркем әдеп..
Бір ақынның жырға қосқанындай:
Әдеп нұрлы тәж екен,
Аллаһтың нұрынан,
Сол тәжді ки де,
Аман бол әр бәледен...
Хазіреті Мәуләнә айтады:
«Ақылым жүрегімнің құлағына еңкейіп, сұрапты:
«Дін деген не?»
Ал жүрегім былай деп тіл қатты:
«Дін әдеп емей немене!»
Осман Нұри Топпаш: "Тұғырлы отбасы". "Хикмет" баспаүйі. Алматы.