Тақырыпқа шығарылған «Ерін сыйлаған есікте қалмайды» деген даналық қағидасы - осы материалдың басты арқауы. Өйткені, отбасының сәтті тіршілігі, оның мүшелерінің қоғамнан лайықты орын алуы ерлі-зайыптылардың жарасымды қарым-қатынасына тікелей тәуелді. Дәстүрлі қазақи отбасында ер адам шаңырақ иесі деп саналады. Үйлену жігіт адамның азамат болғанының белгісі. Енді оның азаматтық бейнесі бұрынғыдай қара басының әрекетінен қалыптаспайды, үй иесі ретінде өз отбасының ортақ беделінен қалыптасады. «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз тегін емес. Ары қарай оның өз туған-туыстарының, жора-жолдастарының, қайын жұртының алдындағы абырой-беделі келіншегіне сөзі қаншалықты өтетіндігіне және ол туралы келіншегі айтатын пікірге тікелей тәуелді.
Әйел адам табиғатында отбасынын тіршілігі, ұрпақ жалғастыру, отбасының ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыру үшін қызмет етеді. Күйеуін билеуге ұмтылу, оны басқаруға тырысу әйел адамға бедел әкелмейді. Бұл - кешегі кеңестік-партиялық дәуірден қалған сарқыншақ. Қазақтың байырғы ұлттық салт-дәстүрін бұзатын көргенсіздік. Қоғамдық пікір ондай әйелді есіктен шыққан бойда-ақ сыртынан айыптап жатады. Әйелдің отбасы тіршілігі, ұрпақ жалғастыру сияқты табиғи міндеттері өзінен-өзі түсінікті. Ал отбасының ішкі және сыртқы саясаты дегеніміз не? Отбасының
ішкі саясаты ерлі-зайыптылардың ынтымақ-бірлігін нығайтуға бағытталады. Әрқайсысы өз міндеттерін орындауға ұмтылады. Ол кейде естіп тұрып – керең көріп тұрып – соқыр болуды қажет етеді. Бір-бірінің білместіктерін, қателіктерін кешіруді үйренеді. Имандылық қағидаларын серік еткен отбасыларда әйтеуір ерлі-зайыптылардың бірін-бірі тәрбиелеуі жеңіл.
Отбасының сыртқы саясаты ер азаматтың беделін көтеруге, сол арқылы тұтастай отбасының абыройын асқақтатуға бағытталады. Жігіттің туыстары алдындағы, қайын жұрты алдындағы беделі көп жағдайда әйелінің қандай пікір тарататындығына байланысты. Қыз бала тұрмысқа шыққанға дейін тағдыры жігіттің қолында болса, үйленген соң жігіттің тағдыры келіншегінің қолында болады. Егер келіншегі жолдасын көтермелеп,
абыройын аспандатып отырса оның беделі де биіктей береді. Ал жерлеп, төмендетіп отырса ол бір сорлы адамға айналады. Отбасының ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыратын сол шанырақтың қазығы – әйел.
Әйел адам отандасып тұрмыс құрам десе, кім болса да күйеуінің абыройын қорғап отыруға тиіс. Бұл – имандылық қағидаларына сәйкес әйел адамнын ең басты міндеті. Азаматын құрметтеу арқылы әйел өзіне де құрмет сезімін оятады. Оның абыройын қорғау арқылы өз отбасының абыройын сақтайды. «Ерін сыйлаған әйел есікте қалмайды» деген аталы сөздің мағынасы міне, тап осында. Әйелдің шынайы бақыты күйеуін билеуде емес, оған лайықты жар болып, азаматының қоғамдық өмірдің биік сатыларына көтерілуіне көмектесуде. Күйеуі төрде отырған әйел ешқашан босағада отырмайды.
Отағасының міндеті – бала-шағасын асырап, бағуы болса, әйелдің күйеуінің алдындағы ең зор міндеті – әкесін кұрметтейтін ұрпақ өсіруінде. Оның
ғұмырындағы күллі еңбегіне баға беретін өлшем де – осы. Балалары әкесін Алатаудай аспандатып отырса, ол дұрыс шаңырақ болғаны.