Ер мен әйел арасындағы диалог
Ер мен әйел арасындағы диалог
1 жыл бұрын 4111
Асылбек Әуезханұлы

Қасиетті Құран кәрім аяттары мен ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінің негізінде жаңадан отбасын құрған мұсылман ерлі-зайыптыларға бірқатар өмірлік кеңестер ұсынуды жөн көрдік. Екі дүниесінің бақытты, босағасының берік болуын қалаған әрбір мұсылман отбасына бұл ережелердің берері мол. 

Ер адам: Алла тағала қасиетті Құран кәрімде былай дейді: «Еркектер – әйелдердің жауапты басшылары. Бұл Алланың оларды бір-бірінен артықша жаратуынан». («Ниса» сүресі, 34-аят). 

Әйел кісі: Демек дінімізде келер күнді ойластыру қабілеті басым болғандықтан отбасын басқару жағы ер азаматтарға бұйырылған. Сондықтан олардың жауапкершілігі де молырақ. Әйтсе де, әйелдердің еркектерге қарағанда, сезімталдығы артық. Ал руханият тұрғысынан ер мен әйелдің бір-бірінен ешбір артықшылығы жоқ. Қайсысының иманы мен тақуалығы басым болса, жоғары тұратыны да сол. Тағы бір аятта Алла тағала былай дейді: «Алла иман келтіргендерге перғауынның әйелін мысалға көрсетті» («Тахрим» сүресі, 11-аят). Байқасаңыз, Алла тағала бұл аятта Әсиядай иманды бір әйелді ерлерге де, әйелдерге де үлгі етіп көрсеткен. 

Ер адам: Шындығында, солай. Егер ер кісі әйелден түбегейлі артық болса, қасиетті кітапта дәл бұлай айтылмаса керек-ті. Ал енді ардақты пайғамбарымыз тағыбірде: «Әйелдің ең көп міндеті күйеуіне қатысты. Ал ер адамның ең көп міндеті анасына қатысты» деген еді (Кәнзүл Уммал,44771-хадис). Ендеше, әйел күйеуінің алдында атқаратын міндеттеріне ұқыптылық танытқаны жөн. 

Әйел кісі: Әрине, бұл сүйікті пайғамбарымыздың бұйрығы. Мұндай кеңесті қашан да қаперде ұстауға тиіспіз. Сонымен қатар шариғатта ер адамдардың да назарға алуы тиіс ережелер бар. Мысалы, Алланың сүйікті елшісі былай деген: «Сендердің ең жақсыларың мінезі көркем болғандарың және отбасына жақсы қарағандарың». Сонымен қоса: «Иманды жан Аллағадеген тақуалықты қоспағанда, жақсыжарға үйленуден қайырлы нәрсеге қол жеткізе алмайды» деген хадисі де белгілі. 

Ер адам: Демек, әйел кісі де пайғамбарымыздың сондай мақтауына лайық болуды көздегені жөн. 

Әйел кісі: Адамзаттың ең ұлығы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жақсы еркек пен жаман еркектің аражігін ажыратып, былай деп бұйырғаны да бар екен: «Еркектердің ең жақсысы тақуа, (жаны мен тәні таза), қолы ашық, көзіне ие бола алатын, ата-анасына жақсылық жасаған және отбасын тастап кетпеген еркектер. Ал ең жаманы – өтірікші, қызғаншақ, қара басының қамын ойлағыш, қонағын жақтырмайтын, әйелі мен қызметшісін ұрып-соғатын, отбасын өзгелердің талқысына тастап кететін және ата-анасына қиянат жасаған еркектер» 

Ер адам: Ал жаман әйелдің сипатын Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деп келтіріпті: «Бір әйел күйеуімен түсінісе алмаса, Алланың берген рызық-несібесіне қанағат етпесе, күйеуін оның шамасы жетпес нәрсеге мәжбүрлесе, ондай әйелдің ешбір ізгі ісін Алла тағала қабыл етпейді және осы мінезін тастағанша Алла оған қаһарланады». 

Әйел кісі: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) енді бірде:«Ерінің әйелі алдындағы міндеті – оны асырауы,киіндіруі, қабақ түйіп түнермеуі» деп бұйырыпты. Осы тұста хазірет Әлидің де тамаша бір сөзі бар: «Әйелдерді жұмсақтықпен басқарыңдар, олармен сыпайы сөйлесіңдер, сонда олар да сендермен қарым-қатынасын жақсарта түседі». 

Ер адам: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрак сөзінде: «Әйелдің күйеуіне қатысты міндеттері мыналар: үйге шам жағу (бір кездері бұл қиын істердің бірі болған), ас-тағам дайындау, күйеуі сырттан келгенде жылы қарсы алып амандасуы, дәрет алар құмғаны мен сүлгісін дайындап беруі, үзірі болмаса, күйеуінің қалауын қайтармауы». Сондай-ақ тағы бір хадисінде былай дейді: «Ерлердің әйелдердегі ақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі бір ақылары бар. Сендердің әйелдеріңдегі ақыларың мыналар: олардың бөтен еркектермен шариғат бұйырмаған қарым-қатынасқа бармауы, қайырлы істерде сендерге қарсы шықпауы. Міне, осыларды мұқият орындаған соң, сендер де оларды жақсылап асырап, ішіп-жеуі мен киімдерін қамтамасыз етулерің керек. Ерекше айтарым, оларды ұрып-соқпаңдар». Міне, еркектің әйелден талап етер бірқатар ақылары осылар. 

Әйел кісі: Иә, қандай тамаша! Жаратушы Иеміз сол сый-сыяпатқа біздерді лайық етсін. Ер адамдардың да бақытты болуы үшін мына бір хадистің маңызы орасан: «Шын мәнінде, ер адам өз жарына жегізген бір түйір ас үшін де сый-сыяпатқа бөленеді». «Бір жұтым су үшін» деп келетін де осы мазмұндағы хадис бар. «Отбасына қызмет ету үлкен күнәлардың кешіріміне себеп болады және Алланың ашуын қайтарады» деген хадисте ойымызды қуаттайды. 

Ер адам: Әйел адамның нағыз бақытқа кенелуінің тағы бір жолы мына бір хадисте көрініс тауыпты. Бір күні Үммү Сәләма анамыз әйел адамның өз күйеуіне қызмет еткені үшін алар сауабы жайлы сұрағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деді: «Бір әйел күйеуінің үйінде тек қана дұрыстау ниетімен бір затты бір жерден алып, екінші бір жерге көтеріп қойса, Алла оған (мейірім назарымен) қарайды, ал Алла (мейірім назарымен) қараған жан азапқа ұшырамайды». Бұл тұста әйелдің тек қана Алланың разылығын қалауы маңызды. Ендеше, Аллаға иман келтірген әйел кісілер осыған қарай әрекет етіп, қамдарын жасағаны дұрыс. 

Әйел кісі: Аллаға мың шүкір. Дініміз әділетті жақтайды. Сондықтан пайғамбарымыздың мына бір хадисін айтпай өтуге болмас: «Қайсыбір әйел өз күйеуінің жаман мінезіне сабыр етсе, (Перғауынның жамандығына сабыр еткен) хазірет Әсияның сауабын алады» дейді. 

Ер адам: Сондай-ақ «Кім әйелінің жаман мінезіне сабыр етсе және ол ісін Алла разылығы үшін жасаса, Алла ол адамның төзіммен өткізген әрбір күндізі мен түніне хазірет Әйюб пайғамбардың (сабырына орай берілген) сауабын жазады. Ал жаман мінезді әйелге әрбір күн, әр түніне құм түйіршіктерінің санындай күнә жазылады» деген хадисті әйел де, еркек те бірдей ескергені дұрыс. 

Ер адам: Ендеше, Алладан сұрарымыз, бізді осы өміршең қағидаларды орындауға жазып, ақырымызды қайырлы етсін!


"Даналық ойдан дән ізде". 

 

 

0 пікір