Енші дегеніміз не?
Енші дегеніміз не?
10 жыл бұрын 17236
Абай ХАМЗА

Бұрынғы қазақ қоғамында үйленген екі жасқа отбасын құруға көмектесетін бірегей жүйе болған. Ол — енші деп аталған.  Енші дегеніміз келіншек алған жігіттің әкесінен бөлек отау болып шыққанда көтеріп беретін үйі, арнайы бөліп, бөлектеп беретін мал дәулеті деген сөз. Егер үйленген азаматтың әкесі енші бөлуге шамасы аз ауқатсыз адам болса, оның жағдайлы ағайын-туыстары өзара бірлесіп, отау болуына қол ұшын берген. Қалайда үйленген екі жас басында баспанасыз, күнелтетін күнкөріссіз қалу деген атымен болмаған.

Яғни екі жастың бас құрап үй болуы екі адамның ғана емес, бүтін ауылдың игілікті ісі ретінде қаралған. Сондықтан  жас отбасылары панасыз қаламыз-ау, деп еш уайым жемейтін. Мұндай ізгілікті дәстүр қазір де қазақы отбасыларында сақталып келеді. Балалары үйленсе еш қандай пенделік есеп-қисапсыз балаларына баспана әперуге бар дәулеті мен қаржы-күшін жұмсайды. Соның арқасында бұл күнде қазақ жастарының көбі әке-шешесіне арқа сүйейді. Ауылдық жерлерде тұратындарының баспаналы болуы онша қиынға соқпайды. Ежелгі ауылынан ауылдықтардың қалтасы көтерерлік баспана табылады.

Бірақ... Бұл күнде тәуелсіздіктен кейінгі он-неше жылда қазақ елінде урбанизацияның жаңа кезеңі өте қарқынды жүріліп кетті. Жаңа үйленген жас отбасылары оқу іздеп, жұмыс іздеп, қызмет қуып, күнкөріс қамымен қалаға ағылуда. Ал үйленген екі жастың ең-ең басты ділгір мәселесі баспана екені белгілі. Ауылда қалған әке-шешесі жиған тергенін түгін қоймай сатса да қазір Қазақстанның Алматы, Астана секілді орталық қалаларын қойып, облыстық қалаларынан баласына баспана сатып әперуге шамасы жетпейді. Себебі өткен қоғамнан оған меншікке қалған еш дәулет жоқ.

Қазір  жаңа үйленген қазақ жастарына үкіметтен арнайы енші бөлу әлі толық шешімін таппаған мәселе болып отыр. Тәуелсіздік алған, өз тізгіні өзіне тиген өкімет өз елінің жаңа отбасына өзі көмек көрсетпесе басқа кім көмек бермек? Сондықтан жас отбасыларға “Мемлекеттік енші беру” деген тұжырымдама жасайтын кез келді. Бұл ұлттық мемлекет құрудың бір тірегі. Ұлттық идеологияның да нақты, жанды көрінісі болмақ. Отан деген әр бір отбасынан бастау алатыны аксиома болса, мемлекеттік істің де ең басты көмек көрсететін бастау көзі осы жас отбасылары болуы шарт. Бұл — жаңалық емес, бұрыннан бар ізгі үрдістің қайта жаңғырған түрі ғана.

1 пікір
  • Меніңше, мемлекет қолынан келгенін істеп жатыр... Бірақ оны әрі-қарай қолжетімді қылып дамыта беру керек
    10 жыл бұрын