«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» – дейді халқымыз. Барған үйдің берекесін кіргізіп, сол үйдің жақсы келіні деген атқа ие болу әрбір қыздың өз қолында. Қазіргі таңда көп отбасында ене мен келiн арасы жақсы болмай, соңы екі жастың ажырасуымен аяқталып жатады. Осы орайда, қазақ келіндеріне енелерімен тату болып, шаңырағында береке орнауы үшін мына екі оңай әдісімізді ұсынамыз.
1. Жақсы өмір сүру үшін бізге қашан да сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өнегелі өмір жолы мен өсиеті үлгі. Алла Елшісі (с.а.у.): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» (Бухари, Муслим) деді. Және тағы бір хадисінде: «Жақсы сөйлеп, игілікке жеткен немесе үндемей қалып құтылған адамға Алланың кешірімі болсын!» (Тирмизи), «Тыңдаңдар, мен сендерге құлшылықтың ең қарапайым әрі жеңіл түрін айтайын – бұл үндемеу және көркем мінез-құлық» (Ибн әд-Дунья) деп сүйіншіледі. Иә, дана халқымыз да «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп бекер айтпаса керек. Байқаған боларсыз, енеңізбен қарым-қатынас кезінде барынша артық сөз айтпауға, үндемеуге үйреніңіз. Осылайша, үндемей жанжалдан, түрлі жамандықтан құтыласыз.
2. Сізге ұрсып, ашуланып тұрған адамды жеңудің екінші бір тәсілі – күлімсіреу. Иә, жай ғана күлімсіреу! Күлімсіреп жүрудің ақша шығармай берілетін тегін садақа екенін білетін шығарсыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Еш уақытта шариғаттың рұқсат еткенін елемеуші болма, керек десең, ол бауырыңды күлімдеп қарсы алу тұрғысынан болса да», – деп күлімдеудің де өмірде өз маңызы бар екенін ескертіп кеткен (Муслим). Өзгелермен жүздескенде жымиып, жұмсақтық байқату – адамның жүрегін жұмсартатын әрі саған деген кек, ашуды жоятын ең оңай жолдардың бірі.
Сіздің күліп тұрғаныңызды көрген енеңіз ауыр сөз айтуға да, ұрысуға да ұялып қалар. Осылайша өзіңізді де, енеңізді де теріс әрекеттен құтқарасыз. Кейбір келіндер «енем бәрібір түсінбейді, үндемесем одан сайын ұрысады, одан да өз-өзімді қорғау үшін мен де қалыспауым керек» деп ойлауы мүмкін. Жарайды, енеңізді қоялық. Алланың разылығы ше? Барлық іс-әрекеттерімізді Жаратушының көріп тұрғаны ше? Бұл әдісті бір-ақ рет қолданып көріп, «болмайды екен» деп тастай салмаңыз. Әдетіңізге айналдырып, үнемі солай жасасаңыз, бір күні бұл әрекетіңіздің оң нәтижесін көретін боласыз.