Ең ауыр сөз - ата-анаға "үф" деу!
Ең ауыр сөз - ата-анаға "үф" деу!
4 жыл бұрын 10910 semey-meshet.kz/
Тимур Қайдарұлы
«Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үф» деп те айтпағын. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле...»! «Исра» сүресі, 23 аят.

Адам баласының  өзін  дүниеге әкеліп, әлпештеп  жеткізген ата-анасына  деген құрметі ерекше болу керек. Алла Тағала: «Ата-анаға жақсылық жасаңдар» (Ниса сүресі, 2 аят) – десе, тағы бір аятта: «Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті…» (Исра сүресі, 23 аят) – деп ата-анаға үлкен сыйластықпен қарау керектігін бұйырады. Баланы дүниеге әкелген ана мен әкенің өлшеусіз еңбегін бағалап, оларға өмір бойы  қалтқысыз қызмет көрсету әрбіреуіміздің    перзенттік борышымыз болып табылады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Алланың разылығы, ата-ананың разылығында», – десе, дана халқымызда: «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас», – деген ұлағатты сөзі бар.

Ата-анаға құрмет көрсетіп, мейірім-махаббатымызды сол аяулы жандарға арнау нағыз имандылықтың белгісі болып табылады. Өкінішке орай кейбір қандастарымыз ата-ананың қадірін жете түсінбей, көңілдеріне қаяу түсіріп жатады.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Адам баласына әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай», – деді. (Ахкаф сүресі, 15 аят). Аяулы әке-шешеге деген құрметтің бастауы екеуіне дауыс көтермеу, алдарына шығып жүрмеу, төрге шығару, ас ішуді олардан бұрын бастамау, барлық  жақсыны ұсыну, әрдайым қамқор болу  сияқты т.б. істер арқылы жүзеге асады.

Алла Тағала Мұса пайғамбар (ғ.с.)-қа былай ескерткен екен: «Ей, Мұса!  Менің жанымда бір сөз сондай ауыр, оның ауырлығы жер жүзінің  топырағының салмағындай», – дейді. Сонда Мұса (ғ.с.): «Уа, Раббым, ол қандай сөз?», –  деп сұрағанда Алла Тағала: «Ата-ана баласын шақырғанда бармай, құлақ аспай, сенің сөзіңді тыңдамаймын деп қасарысып, олардың көңілін қалтыратындай жаман сөз айтуы» – деген екен.

Тар құрсағын кеңейтіп сәбиін  алтын құрсағында тоғыз ай көтеріп, өлім мен өмірдің ортасында жүріп нәрестесін дүниеге әкелген ананың еңбегі өлшеусіз. Абдулла ибн Омар (р.л.ғ.) анасын мойнына салып алып Қағбаны тауап етіп жүрген бір кісіні көреді. Ол кісі бұған: «Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» – деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар (р.л.ғ.): «Жоқ. Сені босанарда оны қысқан толғақтың біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазар», – деп жауап берді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім ата-анасына сүйіспеншілік пен жылы шырай танытып қараса, сол көзқарасының өзі оны «хажж-мәбрур» жасағандай сауапқа кенелтеді». Ал хажж-мәбрур дегеніміз адамды анадан жаңа туылғандай пәк, күнәсіз қалыпқа түсіретін, Алла Тағаланың ризашылығына сай орындалған қажылық. «Анаңа құрмет көрсетуден кенде қалма. Оның көңілін табудың жолдарын қарастыр. Егер осылай жасасаң қажылыққа да, умраға да барғандай сауап аласың». Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): „Кімде-кім ата-анасына жақсылық етіп, әрдайым шүкіршілік танытатын болса, онда оның өмірі ұзақ болады”, – деген.

Қасиетті Құран  Кәрімде: «…Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» – деген.  Алла Елшісі (с.ғ.с.)  бір хадисінде: «Қашан иман жоғалатын болса, қиямет сағатының соғуын күте бер», – деген. Жалпы дінімізде ата-анаға қарсы келу үлкен күнә болып саналады. Алла Елшісі: «Күмәнсіз үш дұға бар: Зұлымдық көрген кісінің дұғасы, мүсәпірдің (жолаушының) дұғасы және ата-ананың баласына қылған дұғасы қайтарылмайды» деген екен. Кейбір жандар ата-анасын ренжітіп жатады. Ал кейбір адамдар жолдары болмай үлкен қиыншылықтарға ұшырап жатқан кездерде себептің бәрі өздерінен екендігін түсінбей жатады.

Ислам дінінде анаға деген құрмет ерекше. Әйгілі хадисінде Пайғамбарымыздың: «Жәннат – ананың табанының астында», – деуі бекер емес. Яғни анаңды құрметтесең жәннаттық боласың деген сөз. «Анаңа құрмет көрсетуден кенде қалма. Оның көңілін табудың жолдарын қарастыр. Егер осылай жасасаң қажылыққа да, умраға да барғандай сауап аласың».

Халқымыз: „Асқар тауың – әкең қымбат”, – деп әкені асқар тауға теңеген. Әрине әкенің  бала үшін орны – бір төбе. Әкенің отбасында алар орны да ерекше. Әке- жанұяының егесі, қорғаны, асыраушысы, қамқоршысы.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әке – жәннат қақпаларының орташасы, қаласаң сол қақпаны жоғалтасың не оны сақтайсың»,- деген екен.  Сонымен қатар ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бала әкесінің хақысын әкесі құл болып, құлдықтан босатқан ғана өтей алады» – деген. Әрине бұл заманда құлдық жоқ. Дегенменде бала әкесін  басына  түскен әртүрлі  ауыртпалықтардан, ауыр жұмыстан, қарыздан құтқарса әке үшін үлкен қамқорлық болар еді.

Мұсылман ғалымдары аят, хадистерді басшылыққа ала отырып, перзенттің ата-ана  алдындағы бірнеше міндеттерін  айқындап берген. Олар:

1) Ата-анаға жақсылық жасау;

2) Күн көрісі қиын болса оларға көмектесу;

3) Ата-ананың ешқашан сөзбен не қылығымен ренжітпеу, тіпті „түһ” демеу;

4) Ата-анаға жылы шыраймен қарап, жылы сөйлеу.  Олардың жүздеріне ашулы немесе қабақ түйіп қарамау;

5) Шақырғанда лезде жетіп бару;

6) Алланың бұйрықтарына қарсы болмайынша, ата-ана әміріне мойынсұну және орындау;

7) Кез-келген істе олардың ризалығын алу;

8) Олардың қасында дауыс көтеріп сөйлемеу;

9) Ата-ананың қартайған шақтарында жандарында болып, қолғабыс жасау, шын көңілмен орындап ризашылығын алу;

10) Жолда кетіп бара жатқанда алдын кеспеу;

11) Олардың рұқсатынсыз еш жерге бармау;

12) Өмірден озғанда оларды құрметтеп еске алып, дұға қылу, артынан қайырлы істер жасау, өсиеттерін орындау, тірісінде араласқан кісілеріне жақсылық жасау, марқұмдарға жаман ат келтірмеу.

Шал ақын:

Мекке менен Мәдина жолдың ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі.

Ата менен анаңды құрметтесең,

Мекке болып табылар үйдің іші, – деп ата-ананы құрметтеуге үндеген.

Қорыта айтқанда, бізге өмір сыйлаған ата-ананың көңілдеріне сызат түсірмей өмір бақи аялап өту перзенттік парызымыз болып саналады. Хадис: «Бір кісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-тан: «Иә, Алланың Елшісі! Ата -ананың  баласындағы  құқығы не?» – деп сұрағанда. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ол екеуі сенің жұмағың немесе тозағың» – деген  екен. Құдіреті күшті Алла тағала баршамызға  жәннаттық болуды нәсіп етсін! Әмин! 

0 пікір