Әбу Аббас Нихауенди деген кісінің саудамен айналысатын қалталы шәкірті болыпты. Ол бір күні ұстазына келіп, зекетін кімге берудің абзал болатындығын сұрайды. Әбу Аббас (құддисә сирруһ):
- «Көңілің кімді қаласа, соған бер!» - дейді.
Жауабын алып кеткен шәкірт жол үстінде қайыр сұраған бір соқырды көреді. Көңілі соған жылиды да бір кесе алтынды оған ұсынады. Кесені қолымен сипалаған соқыр, қуанып кетіп қалады. Ертеңінде сол жерден өтіп бара жатып, бұдан бір күн бұрын зекет берілген соқырдың басқа бір соқырмен сөйлесіп тұрғанын көреді. Оның:
- «Кеше маған бір мырза тура бір кесе алтын берді. Шарапханаға барып, бір жақсы рахаттандым» - дегенін естиді.
Бұл жағдай шәкірттің жанын ауыртып, көңіліне қаяу түсіреді.
Тура Әбу Аббас Хазіретке барып, оқиғаны айта бергенде, Әбу Аббас оның сөйлеуіне мүмкіндік бермей, өзі сатқан малақайының ақшасын Алла ризасы үшін садақаға бер деп қолына ұстатып жатып оған:
- «Алдыңнан шыққан алғашқы адамға осы ақшаны бер! - деп ескертеді.
Шәкірт ештеңе айта алмай, берілген тапсырманы орындау үшін шығады. Ұстазының айтуы бойынша, алдынан кезіккен алғашқы адамға әлгі ақшаны береді. Бірақ, ішін қуырған қызығушылықтан ол адамның соңынан бақылай бастайды. Ол адам қаланың шеткі ауданының біріне барып, бір үйіндіге келеді. Сосын киімінің астынан өлген бір кекілікті шығарып жерге қояды. Ол тура сол жерден кетер кезде, әлгі шәкірт алдынан шығып одан:
- Ей, жігіт! Алла үшін шыныңды айтшы? Бұл не жағдай? Ана өлген кекілік не? - деп сұрайды. Әлгі адам өзіне ақша берген кісінің күтпеген жерден алдынан шыға келгеніне тұтығып:
- Жеті күннен бері, ештеңе тауып, бала-шағама бере алмадым. Әйелім екеуміз сабыр еттік. Бірақ, балаларым аштыққа шыдамады. Сөйтсе де тіленіп, адамдардан бір нәрсе сұрау, ешқашан қолымнан келмейтін іс еді. Мыңдаған қиыншылық ішінде тырбанып жүргенде, сен көрген, шіруге айналған өлі кекілікті таптым. Мәжбүр болғандықтан оны балаларыма жегізуге апармақ болдым. Ішімнен Аллаға: «Уа, Рабб, маған көмектес!» - деп жалбарынып жүргенде, сен келіп ақша бердің. Мен де Раббыма шүкіршілік етіп, әлгі жеуге келмейтін өлексені қоқсыққа тастадым. Енді базарға барып, берген ақшаңа жейтін бірдеңе алам - деп түсіндіріп берді.
Бұл жағдайға таңданған шәкірт дереу ұстазы Әбу Аббас Хазіреттің қасына келеді. Хазіреті Пір, ол сөзіне бастамай жатып:
- Балам! Демек, сен табысыңа күмәнді және харам нәрсенің араласып-араласпағанына көңіл бөлмегенсің. Сол себепті, зекетің шарапқа кетті. Өйткені, табылған табыс, қайдан және қалай табылса, солай кетеді. Сенің бір кесе алтыныңа, менің бір ғана ақшамның тең келуі және таза ниетті адамның қолына тиуінің мәні - адал жолмен табылғандығынан - деп айтады.
Бір адамның пәк көңілді, ықыласты және тура жолда болғандығын түсіну үшін оның істеген ғибадаттарынан гөрі, сол ғибадаттарын қандай көңіл күйімен жасағандығына қарау керек. Яғни, әсіресе, іс-әрекеттерінің Ислам ахлағына сай, не, сай еместігіне, халал, не, халал еместігіне көңіл бөлу керек.
Мәселен, Хазіреті Омар (радиАллаһу анһу) қасындағылардың бірі өзге біреуді мадақтағанда, мақтаған адамнан:
- «Сен онымен бірге көрші, сапарлас немесе саудалас болдың ба?» - деп үш нәрсені сұраған еді. Алдындағы адам үшеуін де істемегендігін айтқанда ол:
- «Олай болса, оны мақтама. Өйткені, сен оны лайықты түрде танымайсың!» - деді.
Сол үшін Суфиян Сәури (құддисә сирруһ):
«Адамның діндарлығы, нанының халалдығына қарай» - деген.
Бір күні оған (Суфиян Сауриге) бір кісі:
- «Тақсыр! Намазды бірінші сапта оқудың абзалдығын айтасыз ба?» - дегенде, оған:
- «Бауырым! Сен наныңды қайдан табасың. Соған көңіл бөл! Табысың халал болғаннан соң, қай сапты қаласаң сол сапта тұрып намаз оқы. Ол жайында саған мәжбүрлік жоқ» - деп жауап берген.
Саудада табысты халалдан табуға көңіл бөліп, оған харам араластырмаудың маңыздылығы мен берекетін марқұм әкем Мұса Мырза (құддисә сирруһ) мына оқиғамен түсіндіретін:
«Мұсылман емес бір көршіміз бар еді. Кейіннен мұсылман болды. Бір күні одан һидаятқа келу себебін сұрағанымда, ол:
- Ажыбадемде (Түркия) Молла Раби дейтін бір көршімнің саудадағы көркем мінезінің арқасында мұсылман бодым - деп, әрі қарай былай деп әңгімелеп берді:
Көршім Молла Рәби сүт сатып күн көретін адам еді. Бір күні кешкісін бізге келіп:
- Алыңыз, бұл сүт сіздікі! - деді.
Таң қалып:
- Қалайша? Мен сізден сүт сұрағам жоқ қой! - дедім.
Ол нәзік, сыпайы адам:
- Мен сиырларымның біреуінің абайсызда сіздің баққа кіріп жайылғанын көрдім. Сол үшін бұл сүт сіздікі. Және де, ол жануардың бойынан әлгі жеген шөбінің нәрі жойылғанға дейін (жеген шөптерінің денесінен толықтай арылғанға дейінгі) сүттерін сізге алып келіп тұрам - деді.
Мен:
- Сол да сөз болып па? Жегені шөп емес пе? Кешірдім! - десем де, Молла Рәби:
- Жо-жоқ, олай болмайды! Оның сүті сіздің ақыңыз! - деп жануардың бойынан жеген шөбі тазарғанға дейін, оның сүтін бізге әкеліп тұрды.
Міне сол мүбәрәк адамның бұл ісі маған ерекше әсер етті. Нәтижесінде көзімдегі надандық пердесі ашылып, ішіме һидаят сәулесі түсті. Өз-өзіме:
«Мұндай көркем әдепті адамның діні - әлбетте ең ұлық дін. Мұндай сыпайы, адал, кәміл және пәк адамдарды тәрбиелеген діннің туралығынан күмәндануға болмас!» - деп шәһәдәт кәлимәсын (тілімді кәлимаға келтіріп) мұсылман болдым».
Бұл хикметті қиссалар халал табыс пен харам табыс мәселесінде қаншалықты мұқият және абай болуымыз керектігінің айқын көрінісі. Өйткені, халал табыс тақуалықтың негізгі шарттарына жатады. Осыған байланысты хадис шәрифте:
«Адал, дұрыс және сенімді саудагер пайғамбарлармен, шыншылдармен және шейіттермен бірге болады» - делінген. (Тирмизи, Бүю 4) .
Өйткені, пайғамбарлар, турашылдар және шейіттермен бірге болу абыройына ие болған нәзік көңілді саудагерлер - айналасына шаттық пен берекеттің көрінісі болуларымен қатар, дүниелік және ақыреттік бақытқа да ие болады. Ал, дүниеқорлыққа жеңіліп қалғандар бұл әлемде дәурен сүріп жатқан сияқты көрінгенімен, мәңгі әлемнің мәңгі бейшара пақыры болудан өздерін құтқара алмайды.
Расулұллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір сөзінде:
«Адам мал-дүниені харамнан, не, халалдан тапқандығына көңіл бөлмейтін заман болады» - деген.(Бұхари, Бүюғ 7, 23)
Қысқасы, хадис шәрифте ишарат етілген надандық етек алған мына заманда халал жолмен табыс табу - ең маңызды мәселе және ең үлкен ғибадат болып табылады.
Осы үлкен ғибадатты орындап, Алланың әміріне мойынсұнған және Оның тағдырына ризашылық танытқан жүректер - тікендер арасындағы түрлі-түсті шешек атқан гүлдер іспеттес қайыр мен берекеттің тәмсілі болады. Керісінше, харам мен күмәнді нәрселерге бой алдырған жүректер - тікендерге араласып мыңдаған жамандықтың қайнар көзі не тіпті бұзақылықтың ұясына айналады. Ондайдан Алла сақтасын! Әмин!
«Тасаввуф» атты кітаптан алынды.
Авторы: О.Н.Топпаш.
«Хикмет» баспа үйі, Алматы 2014 ж.