Хадисші Имам Бұхари мен Имам Мүслімнің хадис жинақтарында, мынадай бір оқиға орын алған. Сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген ол оқиғаны, сахаба былай деп әңгімелейді:
«Бір күні бір ер адам Алла елшісіне (с.а.у.) келіп: «Жағдайым тым мүшкіл!» дейді, аш және мүсәпір күйде екендігін білдіріп. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) қасындағы сахабаларға:
- Мына кісіні бүгін түнде кім қонақ қыла алады? – деп сұрайды.
Мединелік аңсарлардан бір кісі тұрып:
- Уа, Расулаллаһ! Мен қонақ қылайын, - дейді де, ол кісіні ертіп үйіне алып келеді.
Үйіне келгеннен кейін сахаба өзінің әйеліне:
- Қонаққа жегізетін бір нәрсең бар ма? – деп сұрайды.
Әйелі:
- Жоқ. Тек балаларға беретін ас қана қалды, - дейді.
Сахаба:
- Балаларды бір нәрсемен алдай тұр. Егер түнгі асты сұраса, оларды ұйықтатарсың. Және де, қашан қонағымыз дастарханға отырғанда шамды өшір. Осылайша, біз де, онымен қосылып жеп отырмыз деп ойласын, - деп әйеліне тапсырады.
Сөйтіп, бәрі дастархан басына отырады. Қонақ алдына қойылған асын ішеді. Ал, таң атысымен, әлгі сахаба Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасына барады (бірақ, тәптіштеп еш нәрсе айтпайды). Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлгі сахабаға:
- Осы түні қонақтарыңа жасаған сый-құрметтеріңе Алла Тағала таңданды! - деп, сүйіншілейді[1].
Ескерту:
Хадистегі «Алла Тағала таңданды...» деген сөздің мағынасы – «Ондай әрекеттеріңді ұнатты, ол істеріңді қадірледі» деген ұғымда. Өйткені «таңдану»ісі – таңданған нәрсесін бұрын білмей, кейін білген кездегі таңырқауды білдіреді. Ал Алла Тағаланың білмейтін нәрсесі жоқ екендігі шүбәсіз. Ол - барлық нәрсені білуші. Құдай Тағала әлгі ерлі-зайыпты сахабалардың сондай сый-құрмет көрсететіндіктерін де білген. Алайда, ол істің - мақтауға тұрарлық, таңданарлық үлкен іс екендігін ұғындыру мақсатында Алла Тағалаға қатысты «таңдану» сөзін қолданып отыр.
[1] «Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім».